• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
20 Тамыз, 2015

«Мектепке жол» акциясы: Жамбыл облысында  26 мыңнан астам бала бірінші сыныпқа барады

285 рет
көрсетілді

Енді санаулы күндерден соң алтын күз басталып, білім ұялары есіктерін айқара ашатын болады. Жамбыл облысын­дағы барлығы 449 мектеп дәл қазір 197 мыңнан астам оқу­шы­ны қабылдауға сақадай-сай әзір. Ағымдағы жылы 26071 бүлдір­шін бірінші сынып­­тың табалдырығын аттамақ. Әлеуметтік әлеуеті әрқилы деңгейдегі отбасыларынан шыққан балалардың мектепке бірдей дайындықпен келуін қамтамасыз ету үшін тамыз айының басынан бастап, облыс қалалары мен елді мекендерінде республикалық «Мектепке жол» акциясы аясында аз қамтылған және көп балалы отбасыларына жергілікті бюджет және демеушілер есебінен қолдау көрсетіліп келеді. Облыстың білім саласына қатысты білім мекемелерінің ғи­мараттарын жаңарту, күрде­­лі және ағымдағы жөндеу жұмыстарын өткізу, олардың материалдық-тех­никалық базасын нығайту сияқты кешенді мәселелердің шешімін табу ісі ұдайы басты назарға алынуда. Соның бір нақты айғағы ретінде, бүгінгі таңда, өңірде жобалық-сметалық құны 7,4 миллиард теңгені құрайтын 24 білім нысанының құрылысы жүргізіліп жатқанын айтсақ та жеткілікті. Соның ішінде бір мектептің құрылысы жуырда аяқталып, пайдалануға берілген. 1 қыркүйекте сегіз мектептің оқу­шыларды қабылдауға толық мүм­кіндігі болады деп күтілуде. Ал бес бала­бақшаның ғимараты жыл аяғы­на дейін құрылысы аяқталып, пайда­лануға беріледі. Қалған 10 білім ұясының құрылысын 2016 жылы аяқтау межеленуде. Сол сияқты, биыл он мектепті күрделі жөндеуден өткізу үшін 532,7 миллион теңге, ал 169 мектепте ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін 391372 мың теңге қаржы бөлініп, толық игерілді. Сон­дай-ақ, облыс мектептеріне жалпы сомасы 81,1 миллион теңге тұра­тын 4 физика, 7 биология, 2 химия, 10 линга­фон­дық және мульти­ме­диалық каби­нет­тері сатып алынған. Елбасының білім саласы ме­кемелерінің алдына қойып отырған басты міндеттердің бірі – оқушыларды оқулықтармен қамтамасыз ету мәселесі. Оның шешімін табу үшін биылғы оқу жылы қарсаңында өткізіліп жатқан республикалық «Мектепке – оқу­лықпен» акциясы шеңберінде оқу­шыларды 100 пайыз оқулықтармен қамтамасыз ету үшін бюджеттен 918 683 мың теңге қаржы бөлінген. Оралхан ДӘУІТ, «Егемен Қазақстан». Жамбыл облысы.