• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Тарих 16 Мамыр, 2015

Майданда Мәншүкпен кездескен Ұлы Отан соғысының ардагеріне сый-сияпат жасалды

134 рет
көрсетілді

Иә, тақырыпқа шығарып отыр­ғанымыздай, тарих қойнауына кетіп бара жатқан 9 мамыр – Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында «ҚазАвтоЖол ҰК» АҚ Батыс Қазақстан облыстық филиалының ұжымы өкілдері Орал қаласында тұратын қос майдангер – Қайыржан Бәйменов пен Ысқақ Өтеповтің үйлеріне барып Жеңіс мерекесімен құттықтап, сый-сияпат жасаған еді.

Ішкі істер қызметінің отставкадағы полковнигі, отыз жылдан астам ғұмырын құқық қорғау саласына арнаған Ысқақ ақсақал сол сәтте әкімдікте өткізілетін құрметтеу рәсіміне кеткен екен. Сондықтан жаумен шайқаста көрсеткен батыл қимылдары мен ерлігі үшін «Қызыл Жұлдыз» және «Отан соғысы» ордендерімен марапатталған майдангермен кездесе алмай қалғанымызға сәл өкініш те білдірген едік. Алайда мұның орнын тоқсанның өткел бермес асуын емін-еркін бағындырған екінші майдангер Қайыржан Бәйменов толықтырған-тын. – Мен соғысқа 1942 жылдың тамыз айында алындым, – деп бастады әңгімесін «За отвагу» медалі мен «Отан соғысы» ордендерінің иегері Қайыржан Бәйменұлы. – Көп кешікпей маршал Баграмян басқаратын 2-ші Балтық майданына қарасты 68-ші полктің құрамында Ленинград қаласы мен Балтық бойы маңында қиян-кескі щайқастарға кірісіп кеттік. Біздің майданның Новосокольники түбінде 3-ші Балтық майданының жауынгерлерімен бетпе-бет кездесіп қалған сәттері де бар. Осыған бір тамаша мысал келтіргім келеді. – 1943 жылы ауыр жарақат алып госпитальда емделіп шыққаннан кейін соғысқа қайта кірдім, – деп жалғады әңгімесін қарт майдангер. – Бұл кезде мен снайперлер сапында болатынмын. Қанды жорық кезінде бір терең сайдың ішімен келе жатып, сәл мызғып алуға тоқтаған едік. Бір кезде өкпе тұсымнан: «Бауырым, қазақпысың?» – деп тіл қатқан әйел адамның дауысы естілді. От пен оқтың ортасында бұл не істеп жүрген әйел деген ой санамнан жүгіріп өтті де, дауыс шыққан жаққа қарай жалт бұрылдым. Әйел дегенім өрімдей қыз екен. Көздері оттай жайнап тұр.Үстінде гимнастерка. Аяғында керзі етік. Қапелімде не дерімді білмей кідіріп қалдым. Тек содан кейін ғана: – Иә, қазақпын, – дедім. – Қайдансың? – деп ол тағы да тіл қатты. – Оралданмын, – дедім мен бұл жолы еш іркілместен. – Тіпті жақсы, мен де сол жақтанмын. Ордада туып-өстім. Есімім – Мәнсия, – деді ол маған жылы жүзбен. – Біздің бұл тіл қатысуымыз ұзаққа созылмады. Соғыс жағдайы ұзақ әңгімені көтермейді ғой. Бұл қазақтың батыр қызы Мәншүк Мәметова еді. Осы қайталанбас көрініс пен кездейсоқ кездесу көңілімде мәңгі ұмытылмастай болып жатталып қалды, – дейді Қайыржан аға.

Темір ҚҰСАЙЫН,

«Егемен Қазақстан».

ОРАЛ.

Соңғы жаңалықтар