• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
16 Мамыр, 2015

Екі Әнуар мен Ислам ерледі

265 рет
көрсетілді

Бұл күндері Оңтүстік Кореяның Сеул қала­сында «IBSA» атты зағип­тардың әлем­дік ойындары өтуде. Осы байрақты бәсекеге еліміз­дің үмітін ар­қа­лап 14 азамат аттанған еді. Осы аптада Сеулден сүйінші хабар жетті. Соңғы кезде жүлде алудан Қазақстан паралимпиадашыларының көш басында тұрған Әнуар Ахметов жүзуден өткен жарыста қос күміс медальды иеленді. Бір күміс медальды Ислам Салимов жеңіл атлетикадан ұтты. Ал, боз кілемде жас дзю­дошымыз Әнуар Сариев қола медальді жеңіп алды. «IBSA» ойындары паралимпиадашылар ара­сындағы ірі спорттық жарыстардың бірі. Бұл ойындар төрт жылда бір рет өтеді. Биыл бесінші мәрте өтіп жатқан жарыста спортшылар жеңіл атлетика, шахмат, футбол, голбол, дзюдо, пауэрлифтинг, шоудаун, жүзу, жұптасқан веложарыс және боулинг сынды спорт түрлерінен бақ сынасуда. Қазақстан құрамасының спортшылары тек жүзу, жеңіл атлетика, дзюдо және шахмат жарыстарына қатысуда. Енді, нақты нәтижеге келсек, Әнуар Ахметов 100 метрге шалқалап және еркін жүзуден өткен сайыста жолы болмады. Тек брасс әдісімен жарыс­та 50 метрді 32:56 секундта жүзіп өтіп бір күмісті олжаласа, кейіннен баттерфляй әдісімен 50 метрді 28:56 секунд уақытпен жүзіп өтіп, тағы бір күміс медальды ұтты. Әнуардың әріптестері Әлібек Уақпаев, Бекжан Есіркепов, Мансұрбек Ибрашевтардың әзірге қанжығалары майланар емес. Жеңіл атлетика бәсекесінде қызылордалық Ислам Салимов үмітті ақтады. Ислам 400, 200 метрге жүгіруден жүлдеге ілікпесе де, ұзындыққа секіруде нәтижені 5.86 метрге жеткізіп, күміс медальды кеуде­сінде жарқыратты. Боз кілемдегі белдесулерде Орынбасар Құралбай, Теміржан Хасанғалиев, Самат Бимұратов алғашқы айналымдарда қапы кетіп, жарыс жолынан шығып қалды. Тек атыраулық жас балуан Әнуар Сариев бес қарсыласын ұтып, ақырында қола медальға қол жеткізді. Бұл – Әнуар бауырымыздың халықаралық жарыстағы алғашқы ірі табысы. Дастан КЕНЖАЛИН, «Егемен Қазақстан».