• RUB:
    6.05
  • USD:
    464.71
  • EUR:
    531.26
Басты сайтқа өту
Әлем Кеше

Ұшақ апатынан кейін Қырғызстан билігі TezJet әуе компаниясын лицензиясынан айырды

Қырғызстанның Азаматтық авиация жөніндегі мемлекеттік агенттігі жеке әуе тасымалдаушы TezJet компаниясына қатысты шешім қабылдады. 7 шілдеде Бішкектегі Манас халықаралық әуежайында болған авиациялық оқиғаны тергеу қорытындысы бойынша ведомство әуе компаниясының лицензиясын заңнамаға сәйкес күшін жойды. Бұл туралы агенттікің Facebook-тегі ресми парақшасында хабарлады, деп жазады Egemen.kz

«Тексеру барысында Қырғыз Республикасының авиациялық заңнамасының ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз етуге тікелей әсер ететін өрескел бұзушылықтары анықталды. Осыған байланысты Азаматтық авиация жөніндегі мемлекеттік агенттік TezJet әуе компаниясының лицензиясын заңда белгіленген тәртіппен жою туралы шешім қабылдады», делінген хабарламада.

7 шілдеде McDonnell MD-83 ұшағы Бішкек - Ош бағыты бойынша ұшуға дайындалып, екпін алып көтерілу кезінде сол жақ негізгі шасси тірегі сынып кеткен. Соның салдарынан ұшақ сол жаққа қисайып, қанатымен ұшу-қону жолағына тиіп, тоқтаған. Борттағы жолаушылар мен экипаж мүшелері үрлемелі авариялық траптар арқылы эвакуацияланды.

Бішкекте ұшақ апаты: «Манас» әуежайындағы барлық рейс уақытша тоқтатылды

Оқиғадан кейін ондаған рейс тоқтатылып, зақымданған ұшақ ұшу-қону жолағынан шығарылғанға дейін Манас әуежайы 8 шілде таңына дейін жабылды. Осыдан кейін Қырғызстанның Азаматтық авиация жөніндегі мемлекеттік агенттігі TezJet әуе компаниясының рейстерін уақытша тоқтатып, оқиғаға қатысты тергеу бастаған болатын.

10 шілдеде ведомство Қырғызстандағы барлық әуе компанияларының ұшақтарына кешенді тексеру жүргізілетінін мәлімдеді.

TezJet лицензиясынан айырылғаннан кейін Қырғызстанда небәрі алты әуе тасымалдаушысы ғана қызметін жалғастырып отыр.

Айта кетейік, Қырғызстанның әуе компаниялары халықаралық қауіпсіздік талаптарына сәйкес келмегендіктен 20 жыл бойы Еуропалық одақ елдеріне ұшуға тыйым салынған еді. Биыл маусым айында Еуроодақтың Ұшу қауіпсіздігі комитеті Қырғызстанды «қара тізімнен» шығару туралы шешім қабылдаған болатын.