Ормандарды өрттерден, заңсыз ағаш кесуден және орман заңнамасының басқа да бұзушылықтарынан күзету тиімділігін арттыру, оларды зиянкестер мен аурулардан қорғау, молықтыру және елді мекендерді көгалдандыру мен көркейту жөніндегі іс-шараларды жүзеге асыру – “Жасыл ел” бағдарламасының басты мақсаты.Биылғы жылы аталмыш бағдарлама шеңберінде Ақжол ауылдық аймағында барлығы 6 студент жұмыс істейді. Олардың құрамында жазғы демалысқа келген жастар мен студенттер, Ақжол мектебінің оқушысы бар. Алдағы уақытта жасыл желектерді суарып, саябақтың іші мен ауылдың ішін көң-қоқыстан тазартып, ағаштардың түптерін әктеу жоспарлануда. Ал, Қалқаман және Пограничник ауылдарында жазғы еңбек науқанына 9 еңбек сарбаздарынан 18 студент жұмылдырылған. Абаттандыру және көгалдандыру жұмыстарын қолға алған студенттер мен жұмыссыз жастар қатарынан жасақталған отрядтар денешынықтыру және сауықтыру кешені мен мәдениет үйінің айналасында, “Даңқ” ескерткіші мен көшелерде тазалық жұмыстарын жүргізуді қолға алған.
Өңіріміздің гүлденуіне үлес қосып, Елбасы Жолдауын жүзеге асыру жолында адал еңбек етуді мақсат еткен студенттер мен жастар өз міндеттеріне білек сыбана кірісті.
Ақбота СЕЙСЕНБАЕВА. Павлодар облысы, Ақсу қаласы.