• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
16 Мамыр, 2015

Абылай ханның қара жолы үстінде Сәуле деген ауыл бар

560 рет
көрсетілді

Таяуда Арқаның көк моншағы – Көкшетауға жол түсті. Бұл сапарға шығуға қазақтың айбыны һәм айдыны болған Абылай ханның оққағарлары қазіргі Еңбекшілдер ауданындағы Сәуле ауылын мекендеген деген жорамал себеп болды.

Ханның оққағарлары, негі­зінен, Ұлы жүздің шанышқылы руынан жасақталғаны қазақ тарихынан мәлім. Міне, осы шанышқылы оққағарлардың өмір сілемі бізді жетелеп Сәуле ауылына алып келді. Ғалымдар мен өнер адамдарынан тұратын топты шанышқылы Бердіқожа батырды ондаған жылдан бері індете зерттеп жүрген ғалым Бақтыбай Қасымбеков бастап барды. Бізді Мұрат қажы атындағы мешіт алдында ауыл адамдары қарсы алды. Әуелі Алланың үйіне кіріп, ата-баба аруағына бағыштап құран оқылды. Одан кейін мешіт ауласына бірқатар жасыл желек отырғызылды.

Сәуле жүзге жуық үйден құ­ралған шағын ғана ауыл екен. Мемлекеттік қорықтың ортасына орналасқан. Айналасын қоршаған көк орман тым әсем, ығы-жығы қаладан келген адамның тынысын бірден ашады. Содан болар, мұнда атбасын бір тіреген адам, қайта айналып соққысы келіп тұрады. Тағы бір таңғалдырғаны, кішкентай ғана ауылда 11 жылдық мектеп бар. Себебін білмек болып едік, осы жақтың тумасы, белгілі ғалым Серік Негимов бізге кішкентай көрінген ауылдан шыққан атақты азаматтар туралы ұзақ әңгімеледі. Олардың Қазақ елінің өрлеуіне қосқан үлкен үлесін қадап-қадап айтты.

Мұрат қажы Ыдырысұлы ауылдың арғы-бергі тарихынан мағлұмат келтіріп, жер мен елдің иесі мен киесі жөнінде баяндады. Ауыл іргесіндегі Ершік тасына алып барып, бөгет-көпір­дің салыну тарихы жөнінде айтып берді. Сөйтіп, Ершік Тоқ­баевтың өмір жолы туралы деректі оқиғалардың тізгінін қақты. Одан кейін Мұхамет-Салық әулиенің моласына зиярат еттік. Ол сондағы Құрттыкөлдің шығысынан өтетін, Абылай хан солтүстіктен оңтүстікке төтелей тартатын қара жолдың бойында екен. Киелі жолдың сүрлеуі әлі де сезіледі. Салық молданың әулие атануына да себеп бар. Бала күнінен жетім қалып, ес білер шағында аруақ қонған Салық дін исламды елдің жады мен жүрегіне сіңіріп, Алла парызын адамдарға терең ұғын­дыруға көп қызмет еткен. Мұ­сылмандығында мін болмаған Салық молда бақиға барған соң, оны аймақ ауылдары әулие тұтқан.

Ауыл тұрғындарының арасында Қабиден Омаров ақсақал да болды. Сәуле мектебіне көп­теген жылдар басшылық еткен ол ауданның құрметті азамат­тарының қатарында екен. Әңгімені Абылай ханның сегіз биінің бірі – Байдалы биден бастап таратқан ақсақал ауыл­дың шежіре-тарихынан сыр шертті. Сөйтіп, Сәуле мектебінің құрылуы мен оқу ордасынан білім алып, үлкен өмірге қанат қаққан тұлғалы шәкірттері жөнінде де айтты. Өз кезегінде ғалымдар Қазақ хандығының тарихы туралы ауыл адамдарына мәлімет беріп, шанышқылы Бердіқожа батырдың елге сіңірген есепсіз еңбегі жайлы әңгіме өрбітті. Батыр ғұмырнамасының зерттелу жолдарын тәптіштеп, алдағы атқарылатын жұмыстарымен таныстырды. Ал республиканың еңбек сіңірген әртісі, атақты әнші Серік Оспанов әуелете ән шыр­қап, ауыл адамдарының ыстық ықыласына бөленді.

Жазғанымыз шағын болға­нымен, аталған ауылдың Құрт­ты­көлі туралы айтпай кету айып деп білдік. Себебі, ол «құртты» емес «құтты көл» екен. Бір кездері бұл көлдің жағасында жыл сайын 400 бала демалатын лагерь болыпты. Көлдің батысы ну қарағаймен көмкерілген. Суы мен балшығы өте шипалы. Көл орналасқан жердің 30 пайызға жуығы адам денсаулығына өте пайдалы, қазіргі кезде өте қат саналатын кремний кө­рінеді. Адам денесіндегі крем­нийдің ­азаюы шаштың аға­руына, селдіреп түсуіне және тырнақтың жұқарып, түсінің өзгеруіне, сондай-ақ, сүйектің морт сынғыш болуына әкеліп соғады. Мұны, сала мамандары әлдеқашан дәлелдеген.

Қасиетті көл туралы жазуы­мыздың себебі, Үкіметте отырған үлкен қыз­меткерлер Құрттыкөлге назарын аударар деп үміттендік. Олай болған жағдайда, мыжырайып ерте қартайғысы келмейтін азаматтар жыл құрғатпай, жаз сайын Сәуле ауылына тартары кәдік.

Нұрбай ЕЛМҰРАТОВ, «Егемен Қазақстан».

Ақмола облысы, Еңбекшілдер ауданы.