АСТАНА. 18 мамыр. Қызылорда қаласында жас кәсіпкерлерді біріктіретін клуб құрылды. Оған өңірдегі өндіріс саласын дамытуға ат салысып жүрген ең жас кәсіпкерлер мүше болып, алғашқы бас қосу жиынын өткізді. Шарға Қазақстанға танымал бизнес саласының басшылары қатысып, кәсіпкерлік жайында өзекті мәселелерді талқылады. Бұл туралы Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі хабарлады.
Шараға арнайы республикаға белгілі кәсіпкер, «THS Gpoup» құрылыс холдингінің құрылтайшысы Қайрат Құдайберген және Қызылорданың белсенді бизнес өкілдері қатысты.
Бас қосуда аталған аймақтың экономикасын қарқынды дамыту мәселесі алда тұрғаны, ол үшін кәсіпкерлер бірігіп жұмыс жүргізу керекті айтылды.
Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасының директоры Руслан Досмаханов: «Облыс халқының үштен бір бөлігін жастар құрайды. Аймақта жас кәсіпкерлерді қолдау, мемлекет тарапынан қаржылай көмек көрсету, шағын және орта бизнесті дамыту секілді жұмыстар қарқынды атқарылуда. Біз осы клуб арқылы кәсіп ашып, өңірдің экономикасын дамытуға үлес қосамын деген азаматтарға әрқашанда қол ұшын созамыз»–деді. Ал «THS Gpoup» құрылыс холдингінің құрылтайшысы Қайрат Құдайберген қызылордалық жас кәсіпкерлерге бизнес саласының қыр-сырын айтып, клубтың жұмысына сәттілік тіледі.
Айта кетейік, құрылған жас кәсіпкерлер клубының төрағасы болып Руслан Досмаханов тағайындалды.
Талғат Райымбек.
Дерек,сурет: Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі.