АСТАНА. 31 наурыз. Жаңа жыл қарсаңында қарағандылық студент лимитсіз интернет желісін тұтынамын деп ұялы байланыс операторларына 310 мың теңге қарыз болып қалды. Бұл туралы nv.kz хабарлады.
Тарқата айтсақ, студент ағасынан сыйлыққа «сим-карта» алып, интернетті тура бір ай пайдаланған. Басында желі операторлары «нөмірге екі мың бірлік жүктесең болды, қажетіңше тұтынасың», деп сендірген. Алайда, студенттің үйіне «Сіздің ұялы байланыс компаниясына қарызыңыз 260 мың» деген хабарлама келеді. Мән-жайды анықтау мақсатында операторға жолыққан жігіт екі күннің ішінде қарызы 310 мың теңгеге дейін өскенін біледі.
Студенттің анасы Бақыт Жакенова қаладағы тұтынушылар құқығын қорғау орталығына шағым түсірді. Мән-жайды анықтау мақсатында орталық басшысы Жасұлан Айтмағанбетов ұялы байланыс операторларымен хабарласатынын айтты.
Сондай-ақ, студенттің әкесі Ербол Жакенов қорғаушылардың көмегіне жүгініп отыр. Әзірге қорғаушылар ұялы байланыс опреаторларының алдағы әрекетін күт деген кеңес берді. «Егер олар жігітті сотқа берсе, онда оқиғаның себеп-салдары анықталатын болады. Жан-жақты тексерістен кейін ұялы байланыс компаниясы өз қателіктерін түсінеді», – дейді қорғаушылар.
Ербол Жакенов: «Менің оларға беретін ақшам жоқ. Мейлі сотқа берсін, мүлкімді тәркілесін бәрібір 310 мың теңге төлей алмаймын. Ұлым студент. Оның жолақысын зорға тауып беріп отырмын», – дейді.
Талғат Райымбек.
Дерек; nv.kz.
Сурет: all.biz.