• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
18 Мамыр, 2015

Қостанайда жыл басынан бері теміржолда екі адам қаза тапты

384 рет
көрсетілді

ҚОСТАНАЙ. 18 мамыр. Жыл басынан бері Қостанай облысындағы теміржол бойында екі адам қаза тапты. Олар теміржолдың бойындағы белгіленбеген жерден өтем дегенде пойыздың астына түсіп қалады.  Өңірде локомотивтің үй жануарларын қағып кеткен жағдайлары да аз кездеспейді. Бұл туралы  egemen.kz тілшісі хабарлады. Жыл сайын Қазақстандағы темір жол бойында төтенше жағдайлар аз кездеспейді. Олар жол бойында қызмет көрсететін қызметкерлердің кінәсінен емес. Мұндай жағдайлардан Қостанай облысы да сырт қалмай отыр. Өткен жылы алғашқы төрт айда 25 адам пойыз құрамынынң астында қалған еді. Биыл жағдай одан жақсарған жоқ, жыл басынан бері 26 адамды локомотив соғып кеткен. Өкінішке қарай, олардың арасында өліммен аяқталатыны да бар. Ірілендірілген Қостанай жол дистанциясы өндірістік-техникалық бөлімінің бастығы Қуаныш Есқабылов: «Қыс айында Пешков-Жаркөл маңында бір адам пойыздың астында қалып қайтыс болды.  Ол темір жолдан өтем дегенде, пойыз басып кетті» деді. Әсіресе, автомобиль жүргізушілері жол бойындағы қауіпті елемейді.  Сондықтан пойыз құрамымен соқтығысып жатады. Жыл басынан бері машиналардың пойызбен 8 рет соқтығуы тіркелген. Ал өткен жылы темір жол бойында 3 жол-көлік апаты болған екен. Қараусыз малдардың жол бойында жүруі де теміржолшылардың бас ауруына айналып тұр. Ірілендірілген Қостанай жол дистанциясының инженері Сергей Соломатов: «Теміржолға жақын жерлерге мал бағылады. Мал қараусыз қалады да, теміржол белдеуіне шығып кетеді. Соның салдарынан пойыздар қозғалысында кешеуілдеу, кешігулер болып жатады. Ал мұның өзі тасымал үдерісінде біраз материалдық шығын әкеледі», деді. Малды қақпау үшін локомотивті тоқтатқан жағдайлар да болды. Дегенмен мал жиі пойыздың құрбаны болады. Соломатовтың айтуынша, теміржол белдеулерінде балалардың жүруі жиі кездеседі, олар кетіп бара жатқан пойызға тас атады. Қазірде теміржолшылар мен полицейлер жиі рейдтер жасайтын болған. Егер балалар тарапынан ереже, құқық бұзу кездессе, олардың ата-анасына айыппұл салынады. Нәзира Жәрімбетова. Дерек, сурет: alau.kz