Қазақ поэзиясында өзіндік қолтаңбасын қалыптастырған ақын Серікбай Оспанов – ондаған кітаптың авторы. Оның тұңғыш жыр жинағы «Жүрек лүпілі» 1971 жылы жарық көрген. Одан кейінгі кезеңдерде «Жарқын жастық», «Қайнар бұлақ», «Батыр туралы баллада», «Тіршілік тамыры», «Қоңырау гүл», тағы да басқа кітаптары өз оқырманын тауып, бағасын алды.
Публицистикалық еңбектері, ғылыми ізденістері нәтижесінде филология ғылымдарының кандидаты дәрежесін алған белгілі қаламгер қазір Ахмет Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінде оқытушылық қызмет атқарып, жүздеген шәкіртті білім нәрімен, ұлт руханиятымен сусындатып жүр. Біз бүгін ақынның тарихи тақырыпқа арнаған шығармасын қалың оқырманға ұсынып отырмыз. Қазақтың соңғы ханын жырға қосқан көлемді туындының бұл бөлігінде Кенесарының кемел ақылы мен кеңдігі келістіре кестеленген.
Қайысып қырдың белі арқалаған,
Көрінді күннің көзі қанталаған.
Өтеді бетін бүркеп қайта-қайта
Жан-жақтан қара бұлттар анталаған.
Тағы да мына шеттен, ана шеттен,
Қара бұлт-көтерілді қара шекпен.
Үдере соққан желмен
Ауылдарды
Мұңды күй аралап жүр дала шерткен.
Бурадай көктемдегі шашқан жынын,
Дауылды алай-дүлей басталды күн.
Тарылып келе жатқан қазақ жері
Табадай қуырылды аспан бүгін.
Күндерін есіне алып бастан кешкен,
Ер Кене көңілі де астан-кестен.
Шұрайлы қазақ жерін жат жұрт басып,
Көбейді қазір елде қашқан, көшкен.
Өзендей тасып аққан арнасынан,
Бөрідей жебе тиген жамбасынан,
Кененің бойын ашу-ыза буып,
Кезі көп соңғы кезде аласұрған.
Қалаған басын жаудан қорғалауды,
Қозғалмай отыр әлі Шорман ауылы.
Жасырын,
Қараңғылық түсісімен,
Шошынған Шорман ауылы, елден ауды.
Көңілге медет тұтып тәтті үмітті,
Көрсетті Мұса мүлде жат қылықты.
Хат беріп Қарақашқын дегеніне,
Орыстың дуанына шаптырыпты.
Неткен жан арамдықтан арылмайтын,
Жөні жоқ Хан Кенеге бағынбайтын...
Ұры еді Қарақашқын
Қараңғыда
Қарсақтың ізінен де жаңылмайтын.
Оңбаған, жасап бақты ол да әдісті,
Жол емес,
Жан баспаған жонға түсті.
Үш белдеу күзетшіден өте беріп,
Жеттім-ау деген сәтте қолға түсті.
Сұм неме, сарбаздар кеп қамағанда,
Мақаудай
Жақ ашпады жан адамға.
Тоқымы, терлігінен түк шықпады,
Тінткілеп он шақты адам қарағанда.
Сонда да тоқтатпады бұл істерін,
Тексерді шекету-ер күмістерін.
Сүзгілеп аттың жалын, құйрығын да,
Шапанның сөгіп көрді тігістерін.
Мойнына, қолтығына, жамбасына,
Балағы, қол жүгіртті жағасына.
Қағазды тапты ақыры
Ерді қашап,
Тығыпты қаптал мен қас арасына.
Осылай Мұса жазған хат табылды,
Бар сыры, абыройы ақтарылды.
Жазыпты Кенеге ол қарсы екенін,
Мұны енді дос та білді, жат та білді.
«Сарбаздар жүр Кенеден қорыққаннан,
Алданған, көбі аңдамай көніп қалған.
Шабуыл жасаса егер әскер келіп,
Бас тартар бәрі алдағы жорықтардан»
Деп Мұса әскердің де санын жазған,
Жан етіп көрсетіпті бәрін де азған.
Айтыпты қару-жарақ түрлерін де,
Қысқасы-жансыз болған, арызданған.
Бұл күнде сену қиын жолдасыңа,
Үймелер сене қалсаң, сор басыңа.
Мұсаны сатып кеткен,
Қаһарланып,
Шақырды Кенесары Ордасына.
Мұса да білді неге шақырғанын,
Қағынып,
Қара басып,
Ант ұрғанын.
Аяғы аярлықтың аспаннан кеп,
Қараңыз төгілгелі қан тұрғанын.
Шорманның ауылына қауіп төнді,
Мұсасы бір қасірет тауып берді.
Кешірім сұрауға да бата алмаған,
Кене де сатқындарға жауықты енді.
Қан жұтып, қалғалы тұр сорлап ері,
Сонда да айтпақшы не қолдап елі?!
Мезгілсіз өлген кеше Шорман бидің
Сейіліп қайғысы да болмап еді.
Сатқындық!
Емес жазып-жаңылғаны,
Жағынып отаршыға не қылғаны?!
Мұсамен бірге барса, өлетіндей,
Қасына еретін жан табылмады.
Дәурен-ай, бір-ақ сәтте бастан ауды,
Туыстар әрнені айтып бопсалаулы.
Шорманның бәйбішесі
Үлкен ұлы –
Мұсаның қасына ертті Қасқарауды...
Аярлық жасағанды адам дей ме?!
Қарсы алған Кенесары адамдары
Қамады екеуін де қараңғы үйге.
Өлімге кесілгендер жатқан мұнда,
Жолықты ауыр қайғы, батпан мұңға.
Көрмейді күн шыққанын, ай туғанын,
Білмейді қанша таңның атқанын да.
Құсадан өлетұғын шығар тегі,
Ми шаққан сансыз ойдың қатпарында.
Паршалап үмітіңді үккен заман,
Жетіп бір ойдың түбін түптер ме адам?!
Санайды әр минутты, әр сағатты,
Қашанда өлімнен де күткен жаман.
Титықтап бітті тосып хабарды да,
Білмейді қанша жатты қараңғыда.
Күзетші жүзі суық,
Көзбен атып,
Апарды мұны бір күн хан алдына.
Хан Кене амандасты,
Тұнық үні,
Қаһарсыз, түрегелді, жүзі жылы.
Бір үміт жылт еткендей,
Мұса мырза
Ойлайтын жоқ деп жанға ізгілігі.
– Сатқындық – ауыр қылмыс ұғынғанға,
Тіреліп тұрсың, Мұса, бүгін жарға.
Таптадың неге сонша ел мақсатын,
Өмірде шындықты айтқан күнің бар ма?!
– Сол жардан мейлі бүгін құласам да,
Өзімнен – ұнамасам, ұнасам да!
Өтірік жетелейді ұятқа елді,
Шындықты айтамын не сұрасаң да!
Бермейді еркіндікті «мә!» деп ешкім,
Соңынан қуып жүрміз сан елестің.
Қалаймын өз алдына ел болуды,
Тілекке қарсы шыққан жан емеспін.
Көп жайды үйреткендей өмір маған,
Болған жоқ елім құтсыз, төрім жаман.
Ақ туын Абылайдың ұстар едім,
Дегенмен, әр нәрсеге көңіл алаң.
Көңілдің, біріншіден, алаңдығы –
Қосылып жатқан елдің шабандығы!
Найзамен зеңбірекке қарсы шығып,
Жап-жарық ету қиын қараңғыны.
Сондықтан жорыққа бұл сене алмадым,
Соңыңнан қару алып, ере алмадым.
«Мен сендік» деп оларды сендірмек боп,
«Жақпын» деп әрі, тақсыр, сені алдадым.
– Дей алман сені енді дос көремін,
Алайда, нандым саған, ескеремін!
Сүйемін ақиқатты, ақтарылдың,
Тұтқыннан босатайын, не істер едің?!
– Бақытқа жеткенім ғой онда менің,
Ұшығы көрінбейді ол дәменің...
Бостандық сыйласаңыз бүгін маған,
О, тақсыр, өле-өлгенше қолдар едім!
– Сендірдің, айттың істің себебі не,
Өзің біл,
Келген жансың кемеліңе! –
Деді Хан.
Мұса болса өкінді енді
Хан Кене рақымсыз дегеніне.
Тыныстап, кең далада төсін керді,
«Түсінбей ғайбаттаппын есіл ерді», –
Деп іштей соттап, сыбап өзін біраз,
Бетке алып Хан ордасын көшірді елді...
Серікбай ОСПАНОВ.
ҚОСТАНАЙ.