Сұрапыл соғысқа өзі сұранып аттанып, майдан даласында қайсарлығымен көзге түскендердің бірі – семейлік Ораз Құсайынов. Ол 1941 жылы өзіне амалын тауып екі жас қостырып жаздырады да 1942 жылы ақпан айында Семейде жасақталған 30-дивизияның 125-атқыштар полкінің құрамына алынады. 1942 жылдың мамырынан бастап 145-атқыштар дивизиясының 559-атқыштар полкінің миномет есептобы командирі ретінде алғаш рет ұрысқа араласады.
Калинин майданында қайсарлығымен дараланған жас қазақ жігіті 1944 жылы Харьковтегі әскери-саяси училищені соғыс уақытындағы жеделдетілген бағдарлама бойынша кіші лейтенант шенімен бітіріп шығады. Жолдамамен 2-Украин майданында 53-армияның 230-атқыштар полкіне келеді. Осы әскери құрамда Белоруссия мен Молдавия жерлерін Карпат тауларын фашистік езгіден азат етуге қатысады. Әйгілі партизан құраманың жетекшісі Сидор Артемьевич Ковпакты білмейтіндер аз шығар. Міне, Ораз Құсайынов соның Украина жерін қорғаған отрядында да шайқасады. Онда түнгі барлауларға шығып, дұшпаннан тіл әкелумен айналысады. Румыния, Венгрия, Польша, Чехословакиядағы ұрыстарда болады.
Сол уақытта кері шегініп бара жатқан Гитлер әскері Венгрияның Сомбатхей қаласын бекініске айналдырып одақтастар әскерін тоқтатпақ ниетте екен. Жау стратегиялық маңызы бар бұл нүктені қалайда ұстап тұруды ойлап, «SS» дивизиясының ең таңдаулы жендеттерін орналастырған. Сондықтан адам шығынын азайту мақсатында кеңестік әскер басшылығы қалаға Ораз Құсайынов бастаған барлаушылар ротасын жібереді. Сомбатхейдің әр шаршы метрі үшін болған қанды қырғыннан Ораз Құсайынов қана аман қалған екен. Ұрыстан оққа ұшқан солдаттарды жинап жүргендер оны топырақтың астынан тауып алған. Аталған жерлерден жауды қуып шығуға атсалысқаны үшін және тағы да басқа ерліктері үшін бас қолбасшы Сталиннің атынан 20-ға жуық алғыс хат алған. Оған бүгінгі дейін сақталған құжаттардың түпнұсқасы дәлел.
Соғыстың қатал заңында әбден шыңдалған Ораз Құсайынов 1944 жылдың қыркүйегінде 6-шы әуе десантының атқыштар полкіне комсорг болып келеді. Осы құрамда Чехословакияның астанасы Прагадан 6 шақырым жердегі орманда неміс армиясын күл-талқан етіп жеңіп, кезекті ұрыс алдындағы бір сәткі үзілісте неміс фашистерінің тізе бүккені, Рейхстаг төбесіне кеңестік қызыл ту тігілгені туралы хабарды естиді. Міне, қаншама адамның өмірін қыршынынан қиған Ұлы Отан соғысы ол үшін осылай жеңіспен аяқталады.
Одан кейін Ораз Құсайынұлы тапсырмамен Қиыр Шығысқа жапондармен айқасуға аттанады. 1946 жылы елге оралады. Сол жылы Мәшкен атты арумен тұрмыс құрып, мағыналы өмір бастайды. Өз туған жері Абыралы ауданындағы «Социалистік шаруа» газетінде редактор, Абай аудандық партия комитетінде бөлім меңгерушісі қызметтерін атқарады. Одан кейін де халық шаруашылығының түрлі саласында абыройлы еңбек етеді. 1975 жылы Семей қаласына қоныс аударған соң сондағы құрастырмалы темір-бетон комбинатында жабдықтау бөлімін басқарып, 1983 жылы зейнеткерлікке шығады. Қай салада қызмет жасаса да ол өзіне де, өзгеге де талап қоя білетін принципшілдігімен ерекшеленді.
Соғыс жылдарында ие болған «Қызыл Жұлдыз», І дәрежелі «Отан соғысы» ордендері және тағы да басқа көптеген медальдар, бейбіт кезде алған марапаттарының барлығы да оның тек майдан даласында ғана емес, бейбіт өмірде де нағыз еліне жанашыр ер азамат деуге лайық екеніне айғақ бола алады. Ал 1995 жылы 26 мамырдағы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің басшылары кеңесінің шешіміне сәйкес Ораз Құсайынов «Кеңес Одағының маршалы «Г.К. Жуков медалімен» марапатталды.
Бүгінгі таңда майдангерлер аға отбасының жеті баласы бір-бір шаңырақтың ұйытқысы болып, саналы ұрпақ тәрбиелеп отыр. Әр салада жемісті еңбек етіп жатқан олардың барлығы да жоғары білімді мамандар. Бұл да болса етігімен қан кешкен, көпті көрген әкенің өнегесінің нәтижесі шығар. Қазір олардан 17 немере, 14 шөбере тарап, өмірін жалғастырып жатыр. Балаларының айтуы бойынша Ораз ақсақал көзі тірісінде оларға соғыс туралы көп айта бермейді екен. «Соғысты қайтесіңдер, Алла ондай сұмдықты көрсетпесін», деп отыратын деседі. Тек Жеңіс күндері, яғни 9 мамырда ғана бірқатар естелік айтыпты. Ол бүгін біздің ержүрек азамат туралы материалымызға арқау болуда.
Ерсін ОРАЗОВ.
Шығыс Қазақстан облысы.