• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
19 Мамыр, 2015

«Мамыргүл иісі аңқыған қала...» атты Алматыда гүлдер фестивалі өтті

601 рет
көрсетілді

Жақында Алматыда Ұлы Жеңістің 70 жылдығына арналып ерекше фестиваль басталды. Алматыға мамырдың келгенін мамыргүлдің иісі аңқығанынан білесің. Осынау әдемі гүл әрі Жеңіс мейрамымен де астасып жатыр.

Оның үстіне кезінде Ұлы Отан соғысында қаза болған ата-бабаларымыздың құрметіне осыдан жарты ғасырдан астам уақыт бұрын жерлестеріміз Мариям Сағитова мен Тадеуш Дзевицкий Алматыдағы 28 гвардияшы-панфиловшылар бағында Мамыргүл алаңын («Сиреновая поляна») отырғызған екен. Содан бері бұл алаңдағы мамыргүлдің түрлері 300-ге жеткен. Оның ішінде «Анама сыйлық», «Аққу», «Сүйінші» атты түрлері арнайы авторлық куәлік алған. Яғни, будандастырылған осынау мамыргүлдердің иелері бар.

Әдемілігі көздің жау­ын ала­тын, иісі жұпар осынау бақ­­­тың гүлденуіне, отан­дық мамыр­гүл­дердің ға­жап сұ­рып­тарының пайда болуына Қазақ КСР Ғылым академия­сы­ның Бас ботаникалық бағының қыз­меткерлері Антонина Мель­ник, Валентина Рубаник пен Борис Дягилев сияқты селекционер мамандардың сіңірген еңбегі бар екенін ұмытпау қажет.

Кезінде мамыргүлдердің Қазақстандағы коллекциялық алаңындағы сұрыптарына кешегі кеңестік аумақтың ботаниктері көп қызығушылық туғызған болса, қазір де «Снежный ком», «Ка­­захстанский сувенир», «Ака­демик Қ.Сәтбаевтың құр­метіне», «Лиловая Пирамида», «Шығыс шұғыласы», «Хан Тәңірі», «Қа­зақстандық» дейтін түрлері еш жерде кездеспейді.

Өкінішке қарай, өмірін осы­нау гүлдерге арнаған селек­ционерлердің көздері кеткен соң, мамыргүлдің кейбір түрлері жойылған. Сон­дықтан, табиғаттың осынау бай­лығын жоғалтып алмау үшін бұл мәселеге бейжай қарамайтын жандар жаңа бастаманы қолға алып отыр.

Ендігі жерде Жас натура­листер стансасының аумағында ма­мыр­гүлдердің барлық сұрып­тарын отырғызып, көбейтуді қолға ал­мақ. Сөйтіп, мектеп аулаларында, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті саябағында мамыргүлдер аллеясын жай­қалтатын болады.

Жас натуралистер стансасында өткен алғашқы мамыргүл фес­тивалі «Мамыргүл иісі аңқы­ған қала...» деп аталады.

Фестиваль бағдарламасы аясында мамыргүл түрлерінің көрмесі, Бас ботаникалық бақ мамандарымен кездесулер, «Жеңіске салют» атты жас аранжировщиктер байқауы, «Мен мамыргүлді сүйемін» атты сурет конкурсы, моншақ тігу сияқты түрлі қызықты шаралар ұйымдастырылуда.

Айнаш ЕСАЛИ, «Егемен Қазақстан».

АЛМАТЫ.