Кеше Астанада басталған дзюдодан әлем чемпионатында қазақстандық Елдос Сметов 60 килоға дейінгі салмақта әлем чемпионы атанды. Ол финалда өз отандасы Рустам Ибраевты ұпай санымен ұтты. Осылайша бір салмақ дәрежесінде екі бірдей атлетіміз алтын және күміс медальдардың иегерлері атанды.
Елдос бұл жеңіске жетер жолда алдымен фин Юхо Рейнвалды, сосын саудиялық Эйсу Маджраши мен мексикалық Набор Кастильоны, жартылай финалда өзбек Диорбек Урозбоевты ұтты. Ал Рустам болгар Янислав Герчевті, эквадорлық Ленин Пресидоны, грузин Амиран Папинашвилиді және корей Чои Ин Хюьюкті тізе бүктірді.
Чемпионаттың қола медалін корей Ким Вон Чжин мен жапон Тору Сисиме жеңіп алды.
Біріншілікке әлемнің 137 елінен 823 спортшы (495 ерлер, 328 әйелдер) қатысып жатыр.
Кеше, сондай-ақ, Бейжіңде өтіп жатқан жеңіл атлетикадан жаһандық жарыста біздің Ольга Рыпакова үш дүркін секіруде қола медальға қол жеткізді.
Дамир ҚОЖАМҚҰЛ.