ПАВЛОДАР. 19 мамыр. Облыс орталығында туған екі сәбиге әке-шешесі мен атасы Керей, Жәнібек деген ат қойды. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады.
26 ақпанда дүниеге келген ұлға Керей деп ат қойған баланың ата-анасы – Железин ауданында тұрады. Әкесі Рүстем Ысқақов шаруа қожалығында жұмыс істейді. Анасы Айнагүл болса, мектепте мұғалім. Керейге аға болатын үйде үлкен ұлдары бар.
Ал, облыс орталығындағы перзентханада Кереймен қатарлас туған ұлдарына Жәнібек деп ат қойған екінші ата-ана, Ақназар мен Назерке Абайділдиндер облыс орталығында тұрады. Назерке студент болса, жолдасы Ақназар жұмыста. Ұлдарына Жәнібек деп есімді аталары қойыпты. Тіпті, Ақназардың атасы шежіре-тарих сырын білетін адам екені байқалады. Қазақ балаға тектен-тек ат қоймайды. Өткеннен бір із, белгі қалдыру үшін түбіне жетеді. Тарихта аты белгілі 1538-1580 жылдары билік құрған Хақназар хан аталған Қасым ханның баласы /Ақназар/ хан тұсында Қазақ хандығы қайта біріккені, Хақназар Қазақ мемлекетін 42 жыл билегені белгілі. Олай болса, жаңа туған сәби Жәнібектің әкесі Ақназардың да аты тегін қойылмағаны анық.
Ал, Керей мен Жәнібек 1465 жылы алғашқы хандықты құрды. Қазақ мемлекеттілігінің тарихы сол кезден бастау алды.
Биыл Қазақ хандығының құрылғанына 550 жыл толу құрметі халықаралық деңгейде аталып өтетінен де хабардармыз. Содан, Керей мен Жәнібек деген ұлдар дүниеге келді деген жақсылық хабар сүйіншілей әкімдіктерге,жұртшылыққа жетті.Сөйтіп, қалалық Азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің басшысы Жанар Тоқаева Рүстем, Айнагүл Ысқақовтар пен Назерке, Ақзанар Абайділдиндерге екі сәби болашақта Керей мен Жәнбек хандар – Ұлы аталарының бір тамшысындай, бейбіт күнде еліне қызмет етер қайраткерлер болсын деген тілекпен «Туу туралы куәліктер» мен 100 мың теңгенің сертификаттарын табыс етті. Ұрпақтар жалғасы, ата - баба жолы, тілек қабыл болды деген де осы шығар.
Фарида Бықай.
Дерек, сурет: egemen.kz