• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
19 Мамыр, 2015

Астанада футболдан БАҚ өкілдері арасында турнир өтті (фото)

307 рет
көрсетілді

АСТАНА. 19 мамыр. Астанада Қазақстанның БАҚ өкілдері арасында шағын футболдан көрнекті қоғам қайраткері, жазушы, белгілі спорт журналисі Сейдахмет Бердіқұловты еске алуға арналған республикалық турнир өтті. Бұл туралы ұлттық штаттық командалар және спорт резерві дирекциясының баспасөз қызметі хабарлады. Доданы Мәдениет және спорт министрлігі спорт және дене шынықтыру істері комитеті ұйымдастырды. «Астана-Арена» стадионында өткен турнирге 16 команда қатысты. Жарыс қорытындысы бойынша, 1-орынды «Алматы» телеарнасы жеңіп алды. 2-орын «Хабар» (Алматы) телеарнасына бұйырса, үздік үштікті «Ақмешіт» (Қызылорда) командасы түйіндеді. Жеңімпаз және жүлдегер командаларға медальдар, кубоктар және бағалы сыйлықтар табыс етілді. Сондай-ақ, ерекше ойынымен көзге түскен ойыншылар әртүрлі номинациялар бойынша марапатталды. Одан бөлек, төрешілер және жарыстың өтуіне зор үлес қосқан мекемелер мен азаматтар да назардан тыс қалмады. Жарысқа қатысқан спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Елсияр Қанағатов мұндай доданың бұқаралық спорттың дамуына оң ықпалын тигізетінін айтты. Турнирге Сейдахмет Бердіқұловтың отбасы Алматыдан арнайы келіп қатысты. Ұйымдастыру комитеті турнирдің өтуіне атсалысқан жазушының ұлы Заңғар Бердіқұловқа, ұлттық штаттық командалар және спорт дирекциясының директоры Қайыргелді Жанпейісовке, Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы республикалық дарынды балаларға арналған спорттық интернат-колледждің директоры Серік Төкиевке, Астана қаласы спорт және дене шынықтыру басқармасы бастығының орынбасары Самат Қабдуллинге, «Арт Принт XXI» фирмасына, сондай-ақ, «Астана-Арена» стадионының әкімшілігіне зор алғысын білдіреді. Аталған турнир 1995 жылдан бері БАҚ өкілдері арасында тұрақты өткізіліп келе жатқанын айта кетейік. Еламан Қоңыр. Дерек, сурет: Ұлттық штаттық командалар және спорт резерві дирекциясының баспасөз қызметі.