• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
21 Шілде, 2010

Шет­елдік дипломаттардың Қазақстан төрағалығының бірінші жарты жылдықтағы атқарған шаралары мен осы бейресми кездесуде ЕҚЫҰ саммитін биылғы жылдың аяғында Астанада өткізу туралы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ұсынысына қатысты пікірлері

495 рет
көрсетілді

16-17 шілдеде Алматы қаласында және Алматы облысының Талғар ауданындағы Ақбұлақ сауық­тыру-спорт кешенінде өткен Еуропадағы қауіп­сіздік және ынтымақтастық ұйымына мүше елдер сыртқы істер министрлерінің бейресми кезде­суінен кейін газет тілшілері оған қатысқан шет­елдік дипломаттардан Қазақстан төрағалығының бірінші жарты жылдықтағы атқарған шаралары мен осы бейресми кездесуде ЕҚЫҰ саммитін биылғы жылдың аяғында Астанада өткізу туралы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың  ұсынысына қатысты пікірлерін білдіруді өтінген еді. Төменде сол лебіздердің бірқатары жарияланып отыр. Австрия Сыртқы істер министрі Михаэль ШПИНДЕЛЕГГЕР: – Австрия Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығының алғашқы жарты жылдығын оң бағалайды. Біздің ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төраға­сы, ҚР Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаевпен қызықты кездесуіміз болды. Мен оны ЕҚЫҰ-ның төр­ағасы ретіндегі Қазақстанның табыстарымен құттықтадым. Биылғы жылы ЕҚЫҰ-ның күн тәртібінде, жалпы біздің алды­мыз­да тұрған басты сынақ – Қыр­ғыз­стан. Ол ЕҚЫҰ-ның сыртқы істер министрлерінің Алматыдағы бейресми кездесуінде талқылаудың басты бір тақырыбы болды. Австрия Қазақстанмен екі жақты қатынастарды, соның ішін­де экономика саласындағы қаты­настарды одан әрі нығайтуға мүд­делі. Мұны Австрия сауда-өнер­кәсіп палатасы өкілінің Астанада болуы да дәлелдейді. Біздің қазір­гіден де көбірек нақты жоба­лары­мыз болатынына сенімдіміз. ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының президенті Петрос ЭФТИМИУ: – ЕҚЫҰ Саммитін үстіміздегі жылы өткізу Ұйымның саяси рөлін нығайтуға мүмкіндік береді. Егер ЕҚЫҰ Саммиті осы жылы өтсе, пайдалы болады. Мұның өзі біздің Қанат Саудабаевпен келіс­сөздеріміздің негізгі тақырыбы болды. Ол бүгінде біздің алды­мыз­да тұрған сынақтар жағдайында ЕҚЫҰ тиімділігін арттыру жөнін­дегі шараларға арналды. ЕҚЫҰ кейде өте маңызды рөл атқарады. Кейде ол шетқақпай қалып жата­ды. Сондықтан біз оның рөлін арттыруға тиіспіз. Ұлыбритания Сыртқы істер министрінің орынбасары, Еуропа істері жөніндегі министрі Дэвид ЛИДИНГТОН: – Біз үшін пікірталастарға толы осы екі күн өте маңызды оқиға болып, онда Қазақстан Прези­денті­нің Ұйым Саммитін Астанада өткізу жөніндегі бастамасын іске асыру бойынша шешім қабылдан­ды. Мен Саммит қорытындылары бойынша жоғары нәтижелерге қол жеткізе алатынымызға сенімдімін. Ұлыбританияда Қазақстанды ЕҚЫҰ төрағасының рөлінде және көрші елдегі саяси және экономи­калық дағдарысты реттеуде ізгі көр­ші рөлінде де көргеніне қана­ғат сезімін білдіреді. Португалия Сыртқы істер министрі Луиш АМАДУ: – Бұл – менің Қазақстанға тұңғыш ресми сапарым, сон­дық­тан мен осынау қонақжай елде болғаныма қуаныштымын. Бізде саяси және экономика­лық салада ғана емес, сонымен бірге, мәдени-гуманитарлық салада да берік әріптестік қатынастарды жол­ға қоюға барлық мүмкіндік­те­рі­міз бар. Португалияның афри­ка­лық және латынамерикалық мем­ле­кеттермен, соның ішінде Брази­лиямен, ал Қазақстанның Ресей­мен және Орталық Азия респуб­ликаларымен жақсы байланыс­та­ры бар. Сондықтан да біздің ын­ты­мақтастық әлеуеттеріміз өте кең. Біз ЕҚЫҰ Саммитін өткізу туралы Қазақстанның бастамасына қолдау білдіреміз. Саммит нақ осы Қазақстанның төрағалығы кезінде болады деген сенімдеміз. Македония Сыртқы істер министрі Антонио МИЛОШОСКИЙ: – Біз Қазақстанның Алматыда не­месе Астанада Саммит өткізу жө­ніндегі идеясына қолдау білдіреміз. Мұның өзі ЕҚЫҰ-ның ғана емес, сонымен бірге, Қазақ­стан­ның да тарихында басты және негізгі оқиға болмақ. ЕҚЫҰ-ның соңғы саммиті бұдан 11 жыл бұ­рын, 1999 жылы Түркияда өткізіл­ген екен. Сондықтан да 56 мем­лекеттің басшылары бірге жина­лып, бәріміз мүдделілік танытатын ортақ мәселелерді талқылайтын уақыт жетті. Біз ЕҚЫҰ-ның төрағасы ре­тінде Қазақстанның нақты қадам­дарын көріп отырмыз. Өршіл бағдарлама әзірленіп, Еуропаны дамыту мәселелері талқылануда. Қырғызстанға келетін болсақ, бізді онда болып жатқан оқиғалар маза­лайды. Біздің бәрімізге онда бо­лып жатқан қақтығыстың өсуіне жол бермеу үшін күш-жігерімізді үйлестіру қажет. Израиль Вице-премьері – Сыртқы істер министрі Авигдор ЛИБЕРМАН: – ЕҚЫҰ-дағы ең ықпалды төр­аға­лық – бұл Қазақстанның төр­ағалығы. Саммитті өткізу ЕҚЫҰ тарихындағы айрықша кезең болып табылады. Біздің Қазақ­стан­мен жоғары деңгейдегі тең әрі жақсы қатынастарымыз қалып­тас­қан. Сондықтан да біз Қазақстан үшін де, сол секілді ЕҚЫҰ үшін де мұндай маңызды оқиға лайық­ты деңгейде өтеді деген сенім­деміз. Германия Сыртқы істер министрі Гвидо ВЕСТЕРВЕЛЛЕ: – Біз Саммитті Қазақстанда осы жылдың аяғында өткізу туралы ұсынысқа қолдау білдіреміз. Алай­да бұл барлық мемлекеттердің маз­мұнды күн тәртібі болуы тиістігін білдіреді. Саммитте мынадай мә­се­лелер қаралуы тиіс деп білемін: бірінші кезекте адами өлшемдер аясында міндеттемелердің кепіл­ден­дірілуі, Еуропада қарапайым қару-жараққа бақылау құралдарын нығайту, сондай-ақ әскери-саяси саладағы қазіргі бар ахуалға бейімделу және сенім шаралары мен қауіпсіздік. Үшінші – транс­ұлттық сынақтар. ЕҚЫҰ есірткі трафигімен, ұйымдасқан қылмыс­пен және адам саудасымен күрес­ке сүбелі үлес қоса алады. Украина Сыртқы істер министрі Константин ГРИЩЕНКО: – Біз Астанада Саммит өткізу идея­сына қолдау білдіреміз және бұл туралы барлық деңгейде айтып жүрміз. ЕҚЫҰ-ға мүше мемле­кет­тер басшыларының кездесуі бел­гілі бір қорытындылар шығарып, одан әрі дамуға елеулі серпін беруі үшін биылғы жылы өтуі қажет. Мұның өзі жаңа мыңжылдықтың жаңа жағдайында қызметтің басты бағыттарын белгілеу үшін де ке­рек. Бұл ЕҚЫҰ-ға жуырда қо­сыл­ған мемлекеттер үшін де өте ма­ңыз­ды. Ал күн тәртібіне келетін бол­сақ, ол аз ғана мемлекеттердің ара­сында емес, үдеріске қатысушы барлық мемлекеттердің арасында талқылануы тиіс. Астана ұсынып отырғандай, ЕҚЫҰ саммитін Ұйымның бола­шақ даму бағыттарын анықтау үшін өткізу керек. Мұндай форум­ды ЕҚЫҰ-ға жуырда қабылданған елдердің бірінде өткізген орынды болады. Бұл Ұйымның даму ба­ғыт­тарының саясатын анықтауда те­пе-теңдік сақтауға мүмкіндік береді. Ирландияның Еуропа істері жөніндегі министрі Дик РОШ: – Қазақстан төрағалығы бас­та­ма­шысы болған Астанада өтетін сам­мит ЕҚЫҰ-ның Еуропаның бо­ла­шақ қауіпсіздігі туралы, көп­ші­лік­ке Корфу үдерісі ретінде та­ныс мәселе бойынша үнқатысуды одан әрі жалғастыру жөніндегі жұ­мысты өрістетуге мүмкіндік береді. Біз қа­зіргі кезге дейінгі қол жет­кі­зілген үдерісті жоғары бағалай­мыз. Ир­ландия бұл үдеріс құры­лым­далған практикалық негіз бо­лады деген сенімде. Басты назарда нақты нәтижелерге қол жеткізу қағидаты және Еуроодақ ұсынған 4 басым­дыққа нық қолдау білдіру тұрғаны жөн. Атап айтқанда ЕҚЫҰ-ның жанжалдардың ерте бас­тан алдын алу, жол бермеу және реттеу, дағ­дарыстарды және жанжалдардан кейін қалпына кел­тіруді реттеу; ЕҚЫҰ қабылдаған нормаларды, қағидаттар мен мін­дет­темелерді адами өлшем мәсе­ле­ле­ріне айрық­ша басымдық бере отырып, орын­дауды күшейту; сенім шаралары мен қауіпсіздікті, сондай-ақ транс­ұлттық қатерлерге назарды арт­ты­руды қоса алғанда қару-жараққа бақылау желісін ны­ғайту үшін бар­лық үш өлшемдегі мүмкіндіктерді нығайту керек. Сондай-ақ ЕҚЫҰ бетпе-бет келе­тін сынақтар алға қоя­тын талап­тар­ға сай болуы керек. Екінші жа­ғынан, біз ұйымға жаңа бағыт бере аламыз. ЕҚЫҰ-ның өзектілігін азайту дұрыс бол­майды. Біз қазақстандық төраға­лық бойынша аса маңызды аралық баяндаманы көрдік. Және талдау мен үнқатысу өсе түскенін байқа­дық. Мұның өзі біздің қызметі­міз­дің маңызды сәті болып табылады. Бізде бірден барлық проблема­лар­ды шешу мүмкіндігі жоқ, сондық­тан да аз болса да басым міндет­терге назар аударуға тиіспіз деп ойлаймын. ЕҚЫҰ-ның Бас хатшысы Марк Перрен де БРИШАМБО: – Ұйымның Саммитін Қазақ­стан бастамасы бойынша өткізу қауіп­сіздіктің ортақ кеңістігін құру жө­нін­дегі жұмысты жеделдете алады. Нақты іс-әрекетке көшетін және оның қарқынын жеделде­те­тін уа­қыт болды. Алматыдағы кез­десуді және Саммит өткізу жө­нін­дегі ұсынысты ЕҚЫҰ жауап­кер­ші­лі­гін арттырудың, ортақ қауіпсіз­дік­тің бір­тұтас кеңістігін құрудың Еурат­лантикалық және Еур­азия­лық өңірлердің тұтас бойында ажы­ра­ғы­сыз кеңістік құрудың мүм­кіндігі ретінде қарастыру керек. ЕҚЫҰ негізінде құрылған ортақ қағидаттарды, нормалар мен міндеттемелерді еске ала отырып, мүше мемлекеттердің алдында тұрған проблемаларды, олармен бірге созылмалы жанжалдарды және қару-жараққа бақылауды қарастырғанда ортақ проблема­ларды еңсеру жөніндегі ұжымдық ықпалды шаралар әзірлеу керек. Қазіргі ең елеулі міндет Ауғанстан проблемасы болып табылады. Егер Саммит туралы шешім қабылданатын болса, ұйымға қаты­сушы мемлекеттердің ЕҚЫҰ-ның барлық үш өлшеміне шолу жөнінде баршаны қамтитын кон­ференция өткізу талап етіледі. Сондай-ақ Саммитке ұсыны­луы мүмкін Еуратлантикалық және Еуразиялық қауіпсіздік жө­ніндегі жоспарды анықтау жұмы­сын бастау қажет болады. Корфу үдерісі – бұл үшін жақсы негіз. Сонымен бірге мәселені кон­сен­сусқа жеткізу үшін міндет­тер­дің нақты кезектілігін анықтау қа­жет. Консультативтік полиция топ­тарын Қырғызстанға орналас­тыру жөніндегі уағдаластықты аяқтау керек. Грузиядағы және Молдовадағы ахуалды реттеуді жеделдетіп, Таулы Қарабақта оң ілгерілетуге қол жеткізген жөн. Бұл міндеттерді шешу үшін негіз Қырғызстандағы ахуалды реттеу кезінде пайдаланылған ресурстар бола алар еді. Біздің ұйым Қырғызстанда қалыптасқан ахуалда тиімділікпен әрекет етуге өзінің қабілетті екенін көрсетіп берді. ЕҚЫҰ-ның барлық компоненттері бірдей әрекет етті. Олардың бәрі бірлесіп құралдарды үйлесімді пайдалану нәтижеге жеткізетінін көрсетті. Аталған миссияларда да Саммиттің байыпты күн тәртібін әзірлеу үшін осындай тұрғыда әрекет ету қажет.