• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
21 Шілде, 2010

ҚАУІПСІЗДІК — ОРТАҚ ҚАЖЕТТІЛІК

591 рет
көрсетілді

ҚАЗАҚСТАННЫҢ ТАРИХИ ҰЛЫ ЖЕТІСТІГІ ЕҚЫҰ-ға төрағалықтың тамаша табысы жайлы толғаныс

Өмірде шүбәсіз бір-ақ бақыт бар,

ол – өзгелер үшін өміріңді арнау.

Лев Толстой.

Осы күндері редакция поштасына түсіп жатқан хат-хабарларда еліміздің Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалығының алғашқы жарты жылдығында атқарған жұмыстары туралы және Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттер сыртқы істер министрлерінің бейресми кездесуінде сөйлеген сөзіндегі ой-тұжырымдары мен Ұйым Саммитін осы жылдың аяғына қарай Астанада өткізу туралы Қазақстан ұсынысының кездесуге келген сыртқы істер министрлері мен олардың мәртебелі өкілдері тарапынан қолдау тапқаны жөнінде кеңінен сөз болады. Дүниежүзілік мәдениетке “Ма­хабхарата” мен Тәджмаһал сынды мәңгі өлмес асыл қазына қосқан Үнді елінде “Мына жарық дүниеде әрекетсіз өмір сүруге болмайды” дейтін қасиетті қағида бар. Қоғам­ды алға сүйрейтін де, тұлғаны өсі­ретін де, адамды қуаныш, бақытқа бөлейтін де әрекет, яғни еңбек. Тарихи қысқа мерзімде ғасырға жүк болар табыстарға жеткен еліміздің іргесін бекітіп, еңсесін тіктеткен де – еңбек. Еңбектің ұлысы – ұлыс үшін, ұлт үшін, ел үшін істеген еңбек! Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы На­зарбаевтың алға қарап, алысқа самғайтын кемел ойлы, кең тыныс­ты көрегендігі мен ел үшін жасаған көл-көсір еңбегі халқымыздың ба­ғын ашып, Қазақстанның бақытын жандырды. Жыл сайын, ай сайын ғана емес, апта сайын әлем наза­рын өзіне аударған жасампаз жаңа идеяларды да Нұрсұлтан Әбішұлы айтып жүр. Айтып қана қоймай, сол рухы биік ұлы идеяларды өзіне тән табандылық, ерік-жігермен, ақыл-парасатпен жүзеге асырып келеді. Соның күні кешегі айқын дәлелі Қазақстанның Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйы­мына төраға болып төрге озып, халықаралық деңгейде төбе би болуы десек, тағы бір мықты мы­са­лы, төрағалықтың тамаша табы­сы, тарихи жеңісі – ЕҚЫҰ саммитінің Қазақстанда өтетіні. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев ЕҚЫҰ-ға мүше елдер сыртқы істер ми­нистр­лерінің бейресми кездесуінде сөйлеген сөзінде ұйымның заман талабына сай болуы аса маңызды екенін атап айтты. Елбасының: “Мен Еуразия субконтинентінде те­рең де дәйекті интеграциялық үр­дістердің сенімді жақтасымын және Еуразиялық интеграцияның негізгі қағидаттары мен бағыттарын бей­не­лейтін біртұтас құжат әзірлеу қа­жет деп санаймын” деген сөзі әлем­нің елу алты елінің сыртқы істер министрлері мен саясаттың сор­пасында қайнап піскен қай­раткерлердің көңіліне алшы түсер сақаға құйылған қорғасындай қона кетті. Қазақстан Президенті Ақбұ­лақ­та сөйлеген тарихи сөзін: “Бұл саммитті өткізу ядролық поли­гон­ды бірінші болып жауып, ядролық қарудан толық бас тартқан біздің халқымызға деген құрметтің көрі­ні­сі болар еді. Сонымен қатар бұл ЕҚЫҰ-ның еуропалық және азия­лық бөліктерін біріктіру факторына айналар еді”, деп аяқтады. Жақсы сөйлесе аузынан нұр төгіледі деген. Нұрекемнің дуалы ау­зымен айтылған дау туғызбас даналық ЕҚЫҰ-ның ХХІ ғасыр­дағы алғашқы саммитін Қазақ­стан­да өткізуге жасыл жарық жағып, жол ашып берді. Еңселі еліміздің Еуропадағы төбе билігін таңдай қақ­қызар тамаша табысқа жеткізген Нұрсұлтан Әбішұлының ерлігі мен кемел ойлы кемеңгерлігін, ерік-жігері мен көл-көсір еңбегін, Ақбұлақтағы тарихи сөзін келер ұрпақ аңыз қып айтары анық. Аспанасты елінің ұлы ойшылы Конфуций бүй депті: “Дегдар адам үш нәрседен қаймығады: көктің құдіретінен, ұлылардың болмы­сы­нан, даналардың сөзінен”. Осы сөз­дерді оқығанда біздің ойымызға тағы да Нұрекеңнің Ақбұлақта сөй­леген тарихи сөзі оралды. Себебі, Нұрекеңнің болмысы мен даусыз даналық сөзі әлемнің ең беделді саясаткерлерін сүттей ұйытты. Өңірлік қана емес, өмірлік шиеленістерді де шешуге бір адым батыл қадам жасаған ЕҚЫҰ-ға мү­ше елдер сыртқы істер министр­лерінің Алматыдағы бейресми кездесуінің сәтті өтуі ең алдымен Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың сара да дана саясатының, оның халық­ара­лық биік беделінің жемісі. Ал енді Нұрсұлтан Назарбаев тәрбиелеп, шыңдаған ЕҚЫҰ-ның Іс басын­дағы төрағасы, Қазақстан Респуб­ли­касының Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев халықаралық Ұйымдағы алты айлық қызметінде жарғақ құ­лағы жастыққа тимей жүріп, же­місті еңбек етіп келеді. Талай сыннан сүрінбей өтіп жүрген осы әккі саясаткер жайлы ойлағанда, менің ойыма Эммануил Канттың: “Ойлы сұрақтар қоя білудің өзі ақыл мен көрегендіктің белгісі” деген сөзі оралды. Халықаралық биік деңгейдегі кездесулерде күн тәр­тібіне келелі мәселелерді қоюмен бірге оның ойдағыдай шешілуіне әсер ете алатын ықпалды да алым­ды қайраткер екендігін Қанат Бек­мыр­заұлы осы Ақбұлақтағы бей­рес­ми кездесуде тағы да дәлелдеді. Бұған Францияның Сыртқы істер министрі Бернар Кушнердің, Литва Сыртқы істер министрі Аудрониус Ажубалистің, ЕҚЫҰ-ның БАҚ бостандығы мәселелері жөніндегі өкілі Дунья Миятовичтің, Ресей Мемлекеттік Думасы Халықаралық комитетінің төрағасы Константин Косачевтің, ЕҚЫҰ-ның қақтығыс­тар­дың алдын алу орталығының ди­ректоры Херберт Зальбердің, ЕҚЫҰ-ның Бас хатшысы Марк Пер­рен де Бришамбоның және тағы басқа да аса көрнекті саясат­шылардың Қазақстанның ЕҚЫҰ-дағы жарты жылдағы жемісті де жеңісті жұмысын жоғары бағалау­мен бірге “...біздердің Қазақ­стан­нан үйренеріміз көп” деп атап айтуы еліміздің сарабдал сыртқы саясатына берілген лайықты баға. Ел газеті “Егемен Қазақстан­нан” “Сүйінші! Еліміздің Еуропа­дағы төбе билігі тамаша табысқа жет­кізді: ЕҚЫҰ-ның жаңа мың­жыл­дықтағы, ХХІ ғасырдағы ал­ғаш­қы саммиті Қазақстан төраға­лы­ғы тұсында өтетін болып ше­шіл­ді” деген жолдарды оқығанда, санамызды өз еліміз бен Елбасы­мызға деген сүйіспеншілік пен мақтаныш сезімі биледі. Қиялдан озған шындық қой бұл! Аңыздың ақиқатқа айналуы, арманның орындалуы деген осы емес пе?! Елбасының сөзімен айтсақ: “Бүгінде Қазақстан ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы ретінде және серіктерінің белсенді қолдауымен құрлықтар мен өркениеттер ара­сындағы дәнекерлік дәстүрлерін қайта жаңғыртуда. Біздің Ұйымы­мыз құрылған 1975 жылы, сол тұста әлі әлемнің саяси картасында орын алмаған Қазақстан тәрізді мем­ле­кеттің 35 жылдан кейін оны бас­қа­ратыны, сірә, ешкімнің қиялында болмаған шығар”. Иә, Нұрекең тарих тамырын тап басып тамаша айтып отыр. Ол ол ма? Патшалық Ресейдің отары болған тұста да, қызыл империяның қылышынан қан тамған кеңестік кеңістікте де төраға болып, төрге озбақ тұрмақ, дамыған елдердің босағасынан сы­ғалауға да шамамыз келген жоқ. Енді, міне, қиялға да келмеген биік­ке самғадық. Мұның өзі түнді қуған таңдай ғажайып қой. Қа­зақ­стан кеше қандай еді, бүгін қан­дай?! Осы бақытымызды бағалай білейік! “Бақыт бағалай білгеннің ғана басында тұрады”, деп Елбасы тегін айтты дейсің бе. Аспандағы Ай мен Күндей айналасына сәуле шашқан Елбасының ерлігі мен көрегендігін бағалай білейік! Сәбит ДОСАНОВ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Ресей әдебиет академиясының академигі. МЕТАЛЛУРГТЕР ТОЛЫҚ ҚОЛДАЙДЫ ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттер сыртқы істер министрлерінің бей­ресми кездесуінде сөйлеген сөзінде Елбасы Н.Назарбаев бүкіл әлем халықтарының көкейінде жүрген бейбітшілік мәселелері жөнінде құнды ойлар мен пікірлерін ортаға салғаны белгілі. “Казцинк” ЖШС металлургтері конференция шешім­дерін және үстіміздегі жылдың аяғында Астанада ЕҚЫҰ-ның үл­кен Саммитін өткізу туралы ше­шімді қуана қарсы алды. Себебі, қазір Қазақстанды, оның жүрегі – Астананы бүкіл әлем жұртшылығы біледі десек қателеспейміз. Бүгін­дері төрткүл дүние мемлекеттері экономикасы қарыштап дамыған, сарабдал саясаты қай жерде де жемісін беріп жатқан Қазақстанды, оның басшысы Н.Назарбаевты жақсы біліп қана қоймай, сол ерлігі үшін құрмет тұтады. Бір ғана мысал. Сонау нарық­тың өтпелі кезінде Өскемен қор­ғасын-мырыш комбинаты жабылу­дың сәл алдында тұрды. Себебі, Одақ тарап, бұрынғы дамыған мем­лекеттермен экономикалық қарым-қатынас үзіліп қалды. Сапасы жөні­нен алдына жан салмайтын Өске­меннің қорғасыны мен мырышы, басқа да полиметалл шикізаты ешкімге керек болмай қалды. Оның себебі де жоқ емес, сол қиын-қыс­тау кезде алып комбинаттың екінші “тынысын” ашу ауадай қажет болатын. Елбасы Н.Назарбаевтың көрегендігі нәтижесінде шетел­дер­ден инвестиция тартылды, шетелдік белді де беделді компания біздің ком­бинатты қанатының астына алды. Сөйтіп, өмірге “Казцинк” ЖШС келді. Соңғы он жылдан сәл астам уақытта аталмыш кәсіпорын қанатын кеңейтіп, сапалы метал­дарды шығара бастады. Бұл күндері 750 миллион АҚШ долларына екі бірдей ірі қуаттар салынып жатыр. Ол ол ма, кәсіпорын өз қаржысына 250 орындық балабақша, алты тен­нис кортын салып, оны қала тұр­ғындары игілігіне бермек. Ең бас­тысы, металлургтер демалысы мен денсаулығына көңіл бөлінеді. Кәсіпорынның демалыс базалары мен емдеу орталықтарында мың­даған жұмысшы денсаулықтарын түзеп қайтады. Міне, мұның барлығы еліне етене Елбасының біздің кәсіпорынға деген құрметінің жемісі емес деп кім айтады. Елбасы Н.Назарбаев ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттер сыртқы істер министрлерінің бейресми кезде­суін­де сөйлеген сөзінде бүкіл әлем жұртшылығын толғандырып отыр­ған мәселелерді ортаға салды. Бей­бітшілік пен татулық, ынтымақ бол­ған жерде табыс та болады. Тіпті Ауғанстан проблемасы да назардан тыс қалған жоқ. ЕҚЫҰ-ның Ауғанстанға қатысты жаңа стратегиясының қажет екеніне кү­мән жоқ дей келіп, Қырғыз­стан­дағы жағдайды реттеуде батыл қа­дамдар жасап отырғанына да Ел­басы кеңінен тоқталды. Елбасының айтқан құнды пікірлерін әрбір мем­лекеттен жиналғандар қызу қолдады. Демек, Қазақстан сияқты мемлекет, оның басшысы Елбасы саясаты жемісін береді деген ойдамыз. Тоқтарбек МЕЙІРМАНОВ, “Казцинк” ЖШС металлургі. ӨСКЕМЕН. ТҰРАҚТЫЛЫҚ ТАМЫРЫ – ТАТУЛЫҚТА Тәуелсіздік алғанына жиырма жылдың да жүзі болып үлгермеген егеменді еліміздің әлемдік дең­гей­дегі қол жеткізген биіктері көңілге қуаныш сыйлайды. Жүзден астам этнос пен ұлыс тату-тәтті өмір сү­ріп жатқан Қазақстанның экономи­ка­лық дамудағы ғана емес, қоғам­дық-саяси ықпалдасудағы сәтті қадамдарына дамыған елдердің өзі сүйсініп отырғаны шындық. Әр­түр­лі саяси мәселелерге өзіндік ұста­нымын білдіріп, керек жерінде түйінді жәйттерді тарқатуға атсалы­сып жүрген Қазақстанның Еуро­па­дағы қауіпсіздік және ынтымақ­тас­тық ұйымына төрағалық етуі Ел­ба­сы Нұрсұлтан Назарбаев ұстанған сарабдал саясаттың нәтижесі және елімізге көрсетілген үлкен сенім мен керемет құрмет дер едім. Бұл жалғыз менің ғана пікірім емес, көптің көкейіндегі ортақ ой екені сөзсіз. Қазақстан осы ЕҚЫҰ-ға төр­ағалық еткен азғана уақыт ішін­де татулығы мен бірлігі мықты, ел­діктің сара жолына түскен, бағыты айқын мемлекет екенін көрсете білді. Соның бір дәлелі ретінде Ұйымның жаңа мыңжылдықтағы, ХХІ ғасырдағы алғашқы Саммиті­нің Астанада өтетіндігі. Бұл жө­нінде ЕҚЫҰ-ға мүше елдер сыртқы істер министрлерінің бейресми кездесуінде мәміле жасалуының өзі еліміздің әлем алдындағы беделін тағы бір көтеріп тастады десем артық айтқандық емес. Бұл, әрине, әлемдік қаржы дағдарысы жағ­дай­ын­да да елімізді экономикалық даму мен саяси тұрақтылыққа жеткізіп отырған Елбасы Нұрсұлтан Әбіш­ұлының көрегендік саясатының жемісі екені сөзсіз. Алматы облы­сы, Талғар ауданындағы “Ақбұлақ” спорттық-сауықтыру кешенінде өткен осы форумға ЕҚЫҰ-ға қатысушы 56 елдің сыртқы істер министрлері мен мәртебелі өкіл­де­рі­нің және халықаралық ұйымдар басшыларының келуі де біздің егеменді еліміздің әлемдік беделінің күн санап биіктей түскенін көрсет­се керек. Мұндай беделге ие болу бір күннің шаруасы емес. Еліміздің және оның тізгінін ұстап отырған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың экономикалық және саяси бағыт­та­рының, сарабдал саясатының ұтқырлығы осындай мүмкіндік беріп отыр. Олай дейтінім, күні кеше көршілес Қырғызстандағы саяси оқиғаға сабырлы да салмақты араағайындық сөзін айтып, келі­сім­ге шақырған да біздің Елбасымыз. Көрші елге материалдық көмек көрсетуді бастап кеткен біздің ел. Сондай-ақ Қазақстан ЕҚЫҰ-ға төрағалық еткеннен бастап “созыл­малы” қақтығыстарды реттеуге үлкен мән беріп келеді. “Жылы-жылы сөйлесең, жылан інінен шы­ғады” дегендей, бейбітшілікке ша­қырған келіссөздердің қайтарымы көп болатынына сенім мол. ЕҚЫҰ-ға мүше елдер сыртқы істер ми­нистрлерінің бейресми кездесуінде сөйлеген сөзінде Қазақстан Рес­пуб­ликасының Президенті Н.Назар­баев: “Біз ЕҚЫҰ-ның жауап­кер­ші­лік аймағындағы “созылмалы” қақ­тығыстарды реттеу жөніндегі фор­мат­тарын дәйектілікпен ілгерілету­деміз. Созылмалы қақтығыстар жө­ніндегі Арнаулы өкіл жұмыс іс­теуде. Әзірбайжанның, Армения­ның президенттерімен Таулы Қарабақ проблемалары бойынша бірқатар кездесулер өткізілді”, – деп атап өте келіп, форум аясында осы мәселе бойынша өтетін Минск тобы тең төрағаларының отыры­сы­на табыс тіледі. Бұл – барлық ха­лық­тарға бейбіт өмір тілейтін Қазақ­станның қашаннан бергі ұстанымы. Мен елден жырақ жүрсем де ата­жұрттағы бауырларымның біздің Қазақстандағыдай бейбіт өмір сү­ріп, бақуатты тұрмыс құруын қа­лай­мын. Оған өзім ауасын жұтып, суын ішіп, жерінде тұрып жатқан Қазақстанның ұйытқы болып отырғанына көңілім марқаяды. ЕҚЫҰ-ның Саммитін Астанада өткізу туралы шешім өте дұрыс болды. Бұл Саммитте де әлемдік қоғамдастықтың өзекті мәселелері шешімін табады деп сенемін. Қа­зақ­станда бұл бағытта өнеге бо­лар­лық істер баршылық. Елбасы сөзі­мен айтсақ, Астанада өтетін Сам­мит ЕҚЫҰ-ның еуропалық және азиялық бөліктерін біріктіру фак­то­рына айналуы тиіс. Бұл Қазақ­стан­ның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуші мем­лекет ретіндегі ұстанған сара бағыты екені осыған дейінгі іс-қи­мылдарынан айқын аңғарылады. Саяси тұрақтылық пен экономи­ка­лық дамудың тамыры өзара түсі­ніс­тік пен татулыққа тәуелді екені дәлелдеуді қажет етпейтінін әлем­дік қоғамдастық түсініп болды. Лай­ым да осы бағыт баянды болғай. Шахбаз ЖАМАЛОВ, “Әзірбайжандар Ассоциациясы” республикалық қоғамдық бірлестігі Ақтөбе облыстық филиалының төрағасы. БӘРІМІЗ ҮШІН МӘРТЕБЕ ЕҚЫҰ Саммитінің 11 жылдық үзілістен кейінгі Қазақ­станда өтетінін естіп, еңсеміз көтеріліп, көңіліміз марқайып қалды. Ол идеяны тәуелсіз еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ұсынғаны белгілі. Мұның өзі ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуші Мемлекет басшысының әлемдік қауымдастық алдындағы зор беделін айғақтаса керек. Иә, ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттер сыртқы істер министрлері Ұйым Саммитін үстіміздегі жылдың аяғында Астанада өткізу жөнінде айрықша маңызды шешім қабылдауы кездейсоқтық емес. Оның себептерін Елбасы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына мүше елдер сыртқы істер министрлерінің бейресми кездесуінде сөйлеген сөзінде айтып берді. ЕҚЫҰ-ға Қазақстан төрағалық еткелі өз құзырының аясында нәтижелі жұмыстар атқарды. Әсіресе, жаһандық қауіпсіздікті нығайту, ұлтаралық, дінаралық қарым-қатынастарды жаңарту, әлемдік дағдарыстың алдын алу, геосаяси ахуалды жақсарту бағыттарында өзара сенімділікті қамтамасыз ете білді. Дәйекті де сындарлы көзқарасын бекем ұстап, өзара бейбіт ықпалдастықты арттырудың, жанжалдарды тиімді де ілкімді реттеудің жолдарын талмастан көрсетіп, әркез әріптестік пиғыл танытып отырды. Десек те, мәртебелі Ұйымның заман талабына сай болуына бәріміз де мүдделіміз. Өйткені, уақыттың өзі кез келген проблеманы халықтардың мүддесі тұрғысынан шешуді қажет етіп отыр. “Кеңесіп пішкен тон келте болмас” дегендей, күрмеуі қиын жаһандық мәселелерді бірлесіп қолға алсақ, бір-бірімізге деген шынайы құрмет пен сенімділік тіпті арта түсер еді. Міне, Елбасы өз сөзін осы тұрғыдан қозғап, жаңа Саммитті өткізу жөніндегі өз көзқарастарын ұсынды. Ол тың ұсыныстармен ерекшеленіп, ешкімді де бейжай қалдырған жоқ. Шынында да, дағдарыстан кейінгі әлемнің қандай бағытта дами алатыны әлі беймәлім. Экологиялық, климаттық, азық-түлік қауіпсіздігі сейілген жоқ. Этностық және діни төзімділік саласында да проблемалар жоқ емес. Бір сөзбен айтқанда, күн тәртібінен орын алып отырған өткір мәселелер бірлесе шешуді талап ететіні айтпаса да түсінікті. Елбасының халықаралық қатынастар жүйесіндегі дағдарысты атап көрсетуі тегін емес. Одан шығудың екі жолын ұсынып, жаңасын саналы түрде қалыптастыруға ерекше назар аударды. Осылайша, Саммиттің ЕҚЫҰ-ның еуропалық және азиялық бөліктерін біріктіру факторына айналу мүмкіндіктерін атап көрсетіп, ортақ құндылықтар мен қағидаттар жолында қызметін белсене пайдалануға шақырды. Сонымен Ұйым Саммиті елорда төрінде өтетін болды. ЕҚЫҰ-ға мүше елдер сыртқы істер министрлерінің бейресми кездесуі осылай шешті. Еліміздің Еуропадағы төбебилігі тағы бір қырынан жарқырай көрініп, әлем алдындағы бедел-абыройы асқақтай түсті. Зиядден МОЛДАҒАНАПОВ, Ақжар ауданы әкімінің орынбасары. Солтүстік Қазақстан облысы. ТӨБЕБИЛІКТЕГІ СӘТТІ ТӨРЕЛІК Қазақстан ЕҚЫҰ-ға төрағалық еткен жарты жыл ішінде тамаша табысқа жеткенін ұйымға қатысушы елдердің сыртқы істер министрлері орынды бағалап жатыр. Өйткені, жыл басында Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ЕҚЫҰ-ның төрағалығы ұйымның үш өлшеміне сәйкес төрт “Т”-дан тұратын ұран рухында атқарылатынын айтқан болатын. Төрағалық тұсында өзге елдер тағылым аларлық сенім мен дәстүр, ашықтық пен төзімділік қағидаттары басты назарда ұсталды. Бұл әсіресе, Қырғызстандағы саяси-әлеуметтік ахуалды ушықтырмау бағытындағы қадамда айқын байқалды. Нұрсұлтан Назарбаев Қырғызстан­дағы тұрақсыздық басталған сәтте алды­мен көмек қолын созып, ағайын елдің алдағы күндердің жақсы боларына сені­мін қалыптастыруды ойлады. Рас, Қыр­ғызстандағы жағдайдың бірден жақ­са­руы мүмкін емес-ті. Дегенмен, екі рет басшысын биліктен қуып шыққан сол елдің экономикасын түзету, тұрақ­ты­лықты сақтау үшін ұлттық дәстүрге сай ұлт­тың болмысын танытатын төзім­ді­ліктің қажеттігін білдірді. Демократия жолында түрлі арандатуларға бой ал­дыр­­май, ашықтықтың да қажет бола­рына, сөйтіп, төрт “Т”-дан тұратын қағи­­даттар сақталғанда ғана Қыр­ғыз­станның қиындықтан арылатынын сөзімен де, ісімен де дәлелдеді. Мұндай биік мақсаттарды көздеген мұраттар Ауғанстандағы ахуалды рет­теу, Таулы Қарабақтағы проблемалық жағдайды шиеленістірмеу орайындағы жауапты міндеттерді жауапкершілікпен атқаруда да аңғарылып отыр. Қазақстанның төрағалығы тұсын­да осынау шешімі қиын түйткілдер біртін­деп реттеле бастағаны алдымен Елба­сымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың көре­ген саясатының жемісі деу керек. Мұны Алматыда Ұйымға мүше елдер сыртқы істер министрлерінің бейрес­ми самми­тіне қатысқан саясаткерлер де орынды ба­ғалады. Елбасының ЕҚЫҰ-ның ХХІ ғасырдағы алғашқы саммитін Астана­ның төрінде биыл өткізу ұсы­нысының қолдау табуы Қа­­зақ­­станның, Тұңғыш Прези­ден­ті­міз Нұрсұлтан Назарбаевтың әлем алдындағы беделі мен абыройын көтерді. Осының өзінен Нұрсұлтан На­­зарбаевты әлем елдері тек Қазақ­стан­ның ішкі-сыртқы сая­сатын орын­ды жүргізуші басшы ғана емес, әлемдік ауқымда ең қиын жан­жал­дарды реттей, бір-бірімен дүрдараз елдерді татуластыра білетін көш­бас­шы саясаткер ретінде мойындағанын пайымдаймыз. Демек, Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етумен шектелмей, төбебилік төрінде ақылман қариядай төрелік айтуы өте сәтті өтіп жатыр деп айтуымызға толықтай негіз бар. Шойынбай ӨТЕНӘЛИЕВ,  КСРО қаржы қызметінің үздігі. Атырау облысы, Индер ауданы. САЯСАТТЫҢ ШЫҢЫ – БЕЙБІТШІЛІК Анасының құрсағынан уысына қан шеңгелдеп туған біреулер болмаса, барлық адамзат баласына бейбітшілік ыстық. Әлем татулықты қалайды. Біз­дің мемлекетіміздің ЕҚЫҰ-ның Іс ба­сындағы төрағасы ретінде Ұйым Сам­ми­тін Астанада өткізуге қол жеткіз­гендігі осы шетін мәселелерді шешуге үлкен үлесін қосады деп ойлаймыз. Телеарналардан Қырғызстандағы Ош оқиғасынан кейінгі жағдайды көр­дік. Өзбек махалласында өзбек пен қыр­ғыз тату тұрып келген. Қырғыз­стан­да жаппай берекесіздік орын алып, елді береке-бірлікке ұйыстыратын бидің дуалы сөзінің орнына автоматтар сөйлегенде халық қырғынға ұшырады. Екі жақ та оңбай қалды. Бүгінде сол өзбек сол көрші қыр­ғыз отбасымен әлі де қоңсы тұрып жа­тыр. “Біз Оштағы қырғыз ағайындарды бі­леміз, олар бізге азар берген жоқ. Аран­датушылар сырттан келді”, дейді өзбектер. Солай дегенімен қираған үй, жылдар бойы жинаған материалдық игіліктерден айырылумен қатар, жүректе шемен болып қатқан жара қалды. Туып-өскен жері осы жер болғанымен, көңілдерінде әлі де қорқынышы бар. Арандатушылар жаққан от әлі де бықсып жатыр. Қарапайым халықты үлкен саясат үшін отқа салу кім үшін тиімді? Осындай халықаралық мәселелерді шешу – Саммит үшін үлкен сабақ болары сөзсіз. Елбасымыздың “Қазірдің өзінде Еуропа үшін бір саясат және Азия үшін мүлдем басқасын әзірлеу мүмкін еместігін мойындау қажет. Ұзақ мерзімді жоспарда бұл кеңістіктегі тұрақтылықты трансеуразиялық қауіпсіздік жүйесін құру жолымен нығайтуға болады” деген пікірі миллиондаған адамдардың жүрегіне жылы тиеді. Қауіпсіздік саласында саясат біреу болуы керек. Ол – елдің тыныштығы. Үлкен Саммиттің Астанада өткізілуінен осындай жақсылықтар күтеміз. Рәшкүл ОСПАНӘЛИЕВА, “Береке” корпорациясының президенті, ОҚО мәслихатының депутаты. ШЫМКЕНТ. ЕГЕМЕНДІКТІҢ АРҚАСЫНДА ҚОЛ ЖЕТТІ Біздің халқымызда “Жақсы сөз – жарым ырыс” деген сөздер бар ғой. Қазақ жерінде болып өткен Еуро­падағы қауіпсіздік және ын­тымақтастық ұйымына қатысушы 56 елдің министрлері мен мәртебелі өкілдері бас қосқан халықаралық фо­румның да Алматы, Ақбұлақ де­ген қазаққа ыстық, әдемі сөздермен байланысты жерде өтіп жатқаны да ақ пейіл мен ниеттің дұрыс екен­ді­гінде. Осы форумда сөйлеген сө­зінде Елбасы “бір кездері осы Іле Алатауының әсем баурайы арқылы Ұлы Жібек жолы өтетін, осы жолды жалғаған керуендер Еуразия кеңіс­ті­гіндегі түрлі елдерді бір-бірімен өзара байланыстыратын” деп атап өткені де сондықтан. Астана мен Алматы қазір тынымсыз, күн сай­ын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бастаған біздің еліміздің болашағы мен елдігі, егемендігі жолындағы үлкен қыруар шаруалар деңгейі, міне, осылай жалғасуда. Беделді, белді Ұйымның Саммитін Астанада өткізу туралы шешім қабылданды. Қасиетті Ақбұлақ жерінің, Қазақ елінің тілегі қабыл болып, үлкен дәрежедегі бас қосар жиылысты еліміздің төрінде өткізудің тарихи таңдауына қол жеткізді. Бұл – әлем­нің мүддесін көздеген игілікті іс. Әрі біздің еліміз үшін үлкен жауап­кер­шілік болып саналады. Тәуел­сіз­дік алғанымызға алдағы жылы 20 жыл уақыт болады. Еліміз өзінің тәуелсіздік алғанын, елдікке қол жет­кізген мұрат-мақсаттарын әлем­дік деңгейде қолға алынған осын­дай мәртебелі, мүддесі зор айқын шараларымен дәлелдей алды. Қа­зақ­стан сияқты елдің осы Ұйым­ды бас­қаратыны, сірә, ешкімнің қия­лында болмаған шығар деп Елбасы айтқандай, бүгінгі күні бұл биікке де қол жеткіздік, ЕҚЫҰ-ға төраға­лық­қа қол жеткізіп қана қоймай, енді осы Ұйымның Саммитін де өткізу мәресіне жеттік. Бұл алдағы кезде бүкіл әлем Астанаға, қазақ жеріне көз тігеді деген сөз. Елбасы өз сөзінде айтқандай, еліміз Ұйым­ға төрағалық жасау арқылы ЕҚЫҰ-ның БҰҰ және Еуропа Одағымен қажетті өзара ықпалдастығын қам­та­масыз ете алды. Осы бір мақсат-мүдде арқылы қазақ жерінің Талғар ауданындағы Ақбұлақ ауылы әлемге еліміздің атын танытты. Айзада ҚҰРМАНОВА,  Павлодар облыстық ішкі саясат  басқармасының бастығы. КЕЛЕЛІ КЕҢЕСТЕН ҮМІТ ЗОР Егемен еліміздің ЕҚЫҰ сынды мәртебелі Ұйымның тізгінін қолына алғанына жарты жылдай уақыт болды. Мемлекетіміздің сол аралықтағы төрағалық қызметіне лайықты баға беріліп жатыр. Енді, міне, биылғы жылы ЕҚЫҰ-ның Саммитін Астанада өткізу жөнінде осы Ұйымға мүше мемлекеттердің сыртқы істер министрлері бір­ауыз­­ды шешімге келіп отыр. Ал бұл да әлемдік қауымдастықтың біз­дің елге деген құрметін аң­ғартса керек. Елбасымыз өткен жұманың соңында өткен бейресми кездесуде сөйлеген сындарлы сөзінде көп­теген келелі мәселелерге тоқталды. Соның ішінде әлемдегі қауіпсіздік мәселесі де тілге тиек, ойға өзек болды. Бұл енді заңдылық деп білеміз. Өйткені, күн өткен сайын айтулы оқиға – Семей атом полигоны жабылуының жиырма жылдығы жақындай түсіп келеді. Бүгінде бұл тұрғыдағы Тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қажырлы қайратын әлем жұртшылығы мойындап отырғандығы да көңілге зор қуаныш ұялатады. Ал биылғы жылы Астанада өте­тін алқалы жиында әлемде атом аж­даһасын ауыздықтау мәселесі кеңінен талқыланатындығына еш күмән жоқ. Соның бәріне біздің еліміз бастамашы болып отырғаны және көңіл сүйсінтеді. Осы орайда біз өз жұмы­сы­мызды ширата түсуді ойластырып отырмыз. Шындығында, мемлекет тарапынан қолға алынып отырған осындай тың бастамаларға жан-жақты қолдау білдіру барша қоғам­дық ұйымдардың абзал міндеті болуы тиіс. Өйткені, барлығымыз­дың илегеніміз бір терінің пұшпағы емес пе? 1989 жылы қозғалысымыз енді құрылған шақта мұндай атау­лы күн түсімізге кіріп пе еді? Сон­дықтан осындай ел мерейін көтере­тін маңызы зор шаралардың кезін­де ауызбірлікке не жетсін! Сұлтан КАРТОЕВ, халықаралық “Невада – Семей” қозғалысының  вице-президенті. СЕМЕЙ.