• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
06 Наурыз, 2015

Соғысып жақсылыққа жете алмайсың

262 рет
көрсетілді

Дүбірге толы дүние Он бес жылдан бері өмірлік түрмеде жатқан Абдулла Оджаланның дауысы естілді. Күрдстан жұмысшы партиясының көсемі өз жақтастарын қаруын тастап, түрік үкіметімен арадағы көп жылдық шиеленісті бейбіт жолмен реттеуге шақырды. Ақпарат құралдарының хабарларына қарағанда, түрік билігі, алдымен президент Ред­жеп Тайып Ердоған бұған оң баға берген көрі­неді. Елдегі сая­си күштердің жетек­­­шілері де, сырттағы сарапшылар да өз пікір­лерін білдіріп, көптен бері әлем жұрт­шылығының назарын ау­да­рып келген шиеленістің оң ар­наға түсу мүм­кіндігін айтып отыр. Бұл шиеленіс 30 жылдай созылып келеді. Елдің оңтүс­тік-шы­ғы­сындағы күрд көтері­лісшілері мен үкіметтік қарулы күштің ара­сындағы қақтығыстан 40 мыңдай адам құрбан болғаны да белгілі. Сол қарулы қақтығыстан нәтиже шықпайтынына жұрт­тың көзі жеткендей. Күрд көтері­лісшілері мұны әлдеқашан түсінуге тиіс еді. Ал сол қарулы қарсылық арқылы өзде­рі­нің тағдырлық мүддесін, арманын білдіргісі келсе, оны ұққысы ке­ле­тін түрік билігі жоқтығы және анық. Күрдтер – тағдыры тәлкекке түскен халық. Әлемде бұл халық­тың саны 30-40 миллионды құрай­ды деген мағлұмат айты­лады, бірақ нақтысын ешкім білмейді. Сол халықтың мемле­кеттігі жоқ. Бірнеше елде шашырап жатыр. Бір ақпаратта Түркияда олардың саны халықтың 10 пайызы делінеді, біреулер одан да артықтау дейді. Қанша болса да, бұлардың бұл елде ұлттық ерекшелігі ескерілмейді. Өздері шоғырланған елдің оңтүстік-шығысынан автономия сұраған жанайқайын ел басшылығы естігісі келмейді. Автономия өз алдына, олардың тілі де шектеулі. Бұл тілде оқи да алмайсың. Оджаланның өткен сенбіде жариялаған хаты қарулы күрес­пен ешнәрсе шықпасына көзі жет­кен адамның амалсыз әрекеті екені даусыз. Тағдырдың жазға­нына көнбеске лажы жоқтық. Ха­­лық босқа қырылмасын, өз мүдде­­леріңді биліктің рахым­шылы­­ғынан күтіңдер, тіл табы­сып кө­ріңдер дегенді айтып отыр. Өзінің қандастарынан, қаруласта­ры­нан ҚЖП құрылтайын өткізіп, ымыра­шылдық жолды қалауды ұсынды. Ал Түркия басшылығы Од­жаланның ұсынысына оң баға берді дегенде де, олар күрд хал­қының ұлттық мүддесіне құлақ асуы екіталай-ау дейсің. Сырттай қарағанда, күрдтер көп те нәрсе сұрап жатқан жоқ: ел аумағында автономия, тіліне еркіндік, елдік рәміз – өз туы болуын сұрайды. Кешегі КСРО-дай қатыгез дейтін елде де халықтарға мұндай құқық берілген еді ғой. Түркияда «бір ел, бір халық, бір тіл» деген қатқылдау талап бар. Күрдтердей халықты жан­шып, езіп жіберетін талап. Ол талап азырақ жұмсарса, түркі әле­мі дейтін дүниенің бір бөлшегі күрд дейтін халыққа қамқор көңіл біл­діріл­се, үлкен мәселе шешілер еді. Оджаланның хаты  –  тәубеге келудің, түсіністікке шақырудың көрінісі. Түркия – түркі дүние­сінің көшбасшысындай ел. Түркі дүниесі болып бірігейік, бір-бірі­мізді бауырға тартайық деген ұлы идеяны айтып жүрген, біршама шараларға бастамашы болып жүрген ел. Күрдтер де бауырымыз емес пе деген ой көңілге орала береді. Тек түрік ағайындар ғана емес, басқа да түркі жұртымын дейтін елдердің басшылары ойланатын-ақ мәселе ғой бұл.

Қылмыскер мен қайраткер бір-бірінен алшақ ұғымдар

Қырғыз елінде ақпан айының аяғында үлкен шу тудырған оқиға болды. Қырғызстандағы қылмыстық топтың бір басшысы Алмамбет Анапияев дегенді Белоруссияның астанасында сондағы қылмыскерлер өлтірген екен, соған қатысты әңгімелер, біршама әрекеттер біразға созылды. Әрине, өлім деген қиын. Өмірден өткен адам кім болса да, ол біреуге туыс, біреулер оны жанына жақын қабылдап, аза тұтып жатады. Бұл – заңды нәрсе. Сөйтсе де, өлімнің де өлімі бар. Бүкіл елге қадірлі адам дүниеден өтсе, оны бүкіл ел аза тұтады. Тұлғалар, қайраткерлер қаза болғанда, оларды құрметпен шығарып салу – қоғам үшін де, үкімет үшін де парызды іс. Ал қылмыскерлер өліп жатса, оны да аза тұтатын өз ортасы бар. Мұндай ойлар ұйымдасқан қылмыстық топтың бір басшысы Алмамбет Анапияевтің өліміне байланысты көңілге оралып отыр. Жарты айдан бері ол ауыздан түспейтін әңгімеге айналды. Оны жұрт интернеттен оқып, біліп жатыр. Әңгімеге елдің сыртқы және ішкі істер министрліктері, президент Алмазбек Атамбаевтың өзі, басқа да бұрынғы және қазіргі басшы шенеуніктер араласты. Осыған бола шетелге өкпе айтып, олардан жағымсыз жауап алып, ұялатындай әрекеттер де болды. Алдымен сол Алмамбет Анапия­ев­тің кім екеніне тоқталайық­шы. Қырғызстан Ішкі істер министр­лігінің баспасөз хатшысы Бейбіт Сейітовтің сөзіне қарағанда, ол осы министрліктің ұйымдасқан қылмыстық топтар тізімінде екен. Оған Қылмыстық кодекстің бірнеше бабы бойынша айып тағылған, 9 жылға сотталып, оның 3 жылын ғана өтеген. 2011 жылдан бері халықаралық іздеуде. Тағылған айыптар: тонау, адам өлтіру, адам ұрлау. Президент аппаратының бұрынғы басшысы Медет Садықұловтың өліміне қатысы болған. Атақты қылмыскер Қамшы Көлбаевпен байланыста. Оның Минскіде болуы – ол бұрынғы президент Құрманбек Бакиевпен, оның туыстарымен жақын болған, қылмыста ауыз жаласқан. Жұрттың пайымда­уын­ша, сол Бакиевтер өз қылмыс­тарының беті ашылмасын деп оның көзін жойған көрінеді. Қар­ға қарғаның көзін шұқыған шы­ғар, қылмыскерлер екіншілерін құр­бандыққа шалған шығар деуге де болар еді-ау. Жоқ, Қырғызстан басшылығы, президент Атамбаев бас болып, сол Бакиевтерді ұстап бермеуінің ақыры Анапияевтің өліміне соқтырды деп, Белоруссия басшыларын, тікелей Лукашенконы айыптап, әлемге жар салды. «Лука­шенконың Бакиевтердің жауыз­дығы мен сорақылықтарын ұғуы үшін тағы кімді өлтіруі керек?!» –  деген Атамбаевтың ашынуын оның баспасөз қызметі интернетке де шығарып (26.02.2015) жіберді. Әрине, мұндай айыптауды Бе­лоруссия жағы жауапсыз қал­дыр­майтыны да заңды. Бело­руссия СІМ-інің ресми сайтында жарияланған (27.02.2015) Қырғызстанның өрке­ниеттілігіне күмән келтірілген мәлім­демесінде былай делінген: «Арға тиетін салыстыру мен қыр­ғыз бас­шылығының Белоруссия аты­на айтқан сөздеріне түсінік беру­дің мәні жоқ. Мұндай шамшыл мәлім­деме жасау өркениетті мемлекет бас­шысы деңгейінде айтылуы мүмкін емес». Осының бәрі не үшін дейсің? Ана­пияевті елдің бір аймағын­да ардақтаған шаралар өтіп жатқа­ны да рас. Тіпті, президент­тің, пар­ла­менттің атына, қырғыз халқына арнап үндеу де қабылданған. Ана­пияев ұлттық күресті көтеру үшін біраз іс тындырған екен. Сөйтсе де, ол қашып жүрген, іздеудегі қылмыскер емес пе еді? Қылмыскер мен қайраткердің арасын ажырату қиын да емес. Бұл елде неге қылмыскерлер құрметтеледі? Әлем таныған қылмыскерлер – Көл­баевтар, Барукаевтар түрмеден шы­ғып кете береді. Ұлттық қауіпсіздік қызметі басшысының бұрынғы орынбасары Артур Медетбеков: «Ақаевтың кезінде «заңдағы ұры» біреу болса, Бакиевтің кезінде екеу болды, қазір – төртеу», дейді. Сірә, қылмыскерлерге қарсы пәрменді күрес жоқ жерде, оларға құрмет те көрсетілетін болса керек. Мамадияр ЖАҚЫП, журналист.