• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
20 Мамыр, 2015

«Орда орманы оталып жатыр»– дейді ел ағасы Есентай Нұрлыбаев

359 рет
көрсетілді

Кәне, тағы бір мәрте табиғаттың, соның ішінде, өсімдіктер мен жануарлар дүниесінің жаны шырқырағаны жөнінде көзге жас келтіре жазған Абай атамыздың өлеңін зерделеп көрейікші. Данышпан ақын былай деп егілмеуші ме еді?! «Мен көрдім ұзын қайың құлағанын, Бас ұрып қара жерге сұлағанын. Жапырағы сарғайып өлімсіреп, Байғұстың кім тыңдайды жылағанын...». Сұмдық емес пе? Классикалық туынды дегеніміз де осы шығар. Өйткені, оның бас­ты ерекшелігі – өміршеңдігінде. Қашан жазылғанына қарамастан құндылығын жоғалтпауында ғой. Ал Абай заманы мен бүгінгі қоғамымызды кем дегенде екі ғасыр бөліп жатқаны айтпаса да белгілі. Бүгінгі күні дәл осындай көрініс сонау XIX ғасырдың алғашқы ширегінде Жәңгір ханның бастамасымен отырғызылған Орда орман шаруашылығы аумағында орын алып отырғанын, ұшқан құстың қанаты мен жүгірген аңның аяғы талатын алыс жерден «Егеменге» арнайы келген зейнеткер, Бөкей ордасы ауданының құрметті азаматы Есентай Нұрлыбаев ашына айтып берді. Сонымен бірге, ол бізге Орда қарағайларының тас-талқаны шығып кесіліп оталып қалғанын және оның бұтақтары мен кесінділері бей-берекет шашылғанын бейнелейтін фотосуреттерді қоса көрсетті. Сонда бұл қалай болғаны? Жаны ашы­мас­тық па, жоқ әлде ұзақ жылдардан бері Орда жері мен топырағын дүңк-дүңк еткізіп, есіктері мен терезелерді солқыл­датып соғып жатқан ракеталық полигон­дағы жарылыстардың әсері мен зардабы ма? Жоқ әлде соңғы жылдары табиғи тепе-теңдіктің бұзылуынан туындайтын қатқыл катаклизмдердің салқыны ма? Әрине бұл үш фактордың әсерінің ешқайсысын жоққа шығаруға болмайтын шығар. Дегенмен, кіндік қаны осы Ордада кесіліп, бүкіл саналы ғұмырын осы киелі де тарихи топырақта өткізіп келе жатқан елдің сыйлы ақсақалы бұл арада адам факторын бірінші орынға қоятынын ашық білдірді. Естігеннің жалғаны болар, сондықтан Орда қарағайларының құрып бара жатқанын арнайы келіп өз көзіңізбен көргеніңіз дұрыс болар еді, дейді ол. Баруға уәде еткенімізбен соңғы уақытта оның реті келмегені үшін Есентай ағамыздан кешірім сұрай отырып, оның осы жанайқайын оқырмандар назарына ұсынып отырған жайымыз бар. «Егеменге» елден келген ақсақал Есен­тай Нұрлыбаевтың айтуынша, сенгенім сен болсаң дегендей, мұндай көріністер Орда орман шаруашылығында қызмет жасайтын басшы азаматтардың жаны ашымастығынан болып отырған сыңайлы. Олар аудандық мәслихаттың депутаттары болып та сайланыпты. Осы жетекші азаматтар Орданың қарағайлы орманын сақтап, оған бас-көз болудың орнына керісінше оны кесіп құлатып жүргендерді көрсе де көрмегендей кескін көрсететіне еріксіз қынжылады. Тіпті, қарағайларға қырғидай тигендер оны электр арасының күшімен тақтай етіп тілдіріп, бұдан үйдің құрастырмалы детальдарын жасап сатуды әдетке айналдырыпты. Әрі осындай лас іс-әрекеттердің басы-қасында орман шаруашылығы басшы­лары­ның өздері жүргенін де Есентай Нұрлыбаев қоса айтып берді. Бұрын әкімшілік құқық бұзушылық саналған ағаштар мен екпе ағаштарды заңсыз кесу қазіргі таңда Орман кодексіне енгізілген өзгерістерге сәйкес қылмыстық құқық бұзушылыққа жатады, дейді «Егеменге» елден келген ел ағасы. Сондықтан да, мен өзіне тапсырылған жауапты қызметті сауда-бизнес жасауға икемдеген басшы адамдардың іс-әрекетіне құқықтық баға берілгенін жөн, деп сөзін аяқтады Есентай Нұрлыбаев. Темір Құсайын, «Егемен Қазақстан». Батыс Қазақстан облысы, Бөкей ордасы ауданы, Орда ауылы. Суретте: кесілген, оталған Орда қара­ғайларының қазіргі кейпі осындай.