ШЫМКЕНТ. 20 мамыр. Бүгін Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев Оңтүстік Қазақстанға сапары барысында Түркістанда Қазақ хандығының 550 жылдығы тақырыбындағы халықаралық конференцияның жұмысына қатысты. Бұл туралы Премьер-Министрдің баспасөз қызметіне сілтеме жасап, egemen.kz тілшісі хабарлады.
Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінде өткен «Қазақ мемлекеттілігі тарихындағы Қазақ хандығының рөлі мен маңызы» атты ғылыми-теориялық конференцияда вице-премьер Мемлекет басшысының қатысушыларға жолдаған құттықтау сөзін оқып берді.
«Мемлекет тарихындағы айтулы кезең – Қазақ хандығының 550- жылдығы Отанымыздың түкпір-түкпірінде атап өтіледі. Қазақ хандығының қалыптасуына арналған ғылыми іс-шаралар мемлекет шекарасынан асып, шетелдерде де өткізілуде», – деп жазылған құттықтау сөзде.
Сонымен қатар, Елбасының құттықтауында: «Соңғы бірнеше жылда республикада «Тарих ағынындағы халық» мемлекеттік бағдарламасының арқасында Қазақ хандығын жан-жақты зерттеу бойынша жұмыс жүргізілді. Оның ішінде Қазақ хандығының құрылуынан бастау алып, «Мәңгілік ел» идеясының негізі болған мемлекеттілік идеялар зерттелді. Осының бәрі қазіргі және болашақ ұрпақтың жүректерінде қазақстандық патриоттықтың, Отанға деген сүйіспеншіліктің пайда болуына дәлел болып табылады. Бүгінгі таңда Түркістан ұлтымыздың мақтанышына, ата-бабаларымыздың рухының қасиетті мекеніне айналды. Оған қоса, бұл ежелгі қала барлық заманауи түркі әлемінің халықаралық ғылыми орталығы, атап айтқанда, қазақ халқының тарихын, оның салт-дәстүрін зерттейтін ғылыми орталық саналады», – делінген.
Өз сөзінде Бердібек Сапарбаев Президент саясатының арқасында Қазақстан еркін және егеменді мемлекетке, әлемдік қауымдастықтың толыққанды мүшесіне айналғанына ерекше назар аударды. «Осы тұрғыда Қазақ хандығының 550 жылдығын мерекелеу, Елбасы айтқандай, бұл тарихи сабақтастықтың, бір шаңырақтың астында келісім мен бейбітшілікте тұрып жатқан барлық қазақстандықтардың бірлігінің көрінісі», – деп атап өтті вице-премьер.
Конференцияға Түркия, Иран, Әзербайжан, Оңтүстік Корея, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан және Қазақстанның ғылыми қоғамдастығының 600-ден астам өкілі қатысты.
Бақтияр Тайжан.
Дерек: egemen.kz.
Сурет: inform.kz.