Жақын арада АҚШ-тың классикалық радиосының әуе толқынында қазақ музыкасы орындалатын болды.
Халықаралық ынтымақтастық және тәжірибе алмасу мақсатында «Classical KUSC» (Лос-Анджелес, АҚШ) радиостансасының бас мамандары Бренда Барнерс (Оңтүстік Калифорния университетінің радио және «Classical KUSC» президенті) және Кристофер Мендез (заманауи технологиялар маманы) Алматыдағы «Classic» радиосында («Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясының құрамына кіреді) қонақта болғанда осы мәселеге орай журналистерге өз пікірлерін білдірді.
«KUSC» радиосының президенті Бренда Барнс: «Бұл радио мен көрген классикалық музыканың үздік радиоларының бірі. Сіздермен танысып, әрі ұзақ мерзімді әріптестікке қол жеткізгенімізге қуаныштымыз. Қаланың көрікті жерлерін аралап, жақсы әсерге бөленген жайымыз бар. Бізге қазақ халқының қонақжайлығы, кәсіби қарым-қабілеті ұнады. Қазақстанның қазіргі табыстарына таңғалмасқа лажың жоқ», деп ағынан жарыла әңгімеледі. Ал, «Classic» радиосының директоры Раушан Жұманиязова әріптесінің пікіріне орай «Лос-Анджелестік әріптестерімізбен кездесуіміз сәтті өтті. Біз көптеген пайдалы ақпаратқа қол жеткіздік. Ең бастысы, Лос-Анджелесте, Сан-Францискода, Санта-Барбарада, Санта-Кларита мен Палм-Спрингста, Таузенд-Оукстте қазақ музыкасын, біздің композиторлар мен орындаушылардың өнерін әуе толқынында тарататын тұрақты бағдарлама туралы келісімге қол жеткіздік. Қазақ әуенінің әуе толқыны арқылы әлемге паш етілуі біз үшін өте маңызды», деп атап көрсетті.
Екіжақты кездесулер классикалық музыка форматында хабар тарататын радионың ерекшелігі туралы мәселелерге, мәдениет пен өнерді дамытуға, жаңа медиаға арналды. Талқылауға, сондай-ақ «Қазақстан» РТРК интернет редакция бөлімінің қызметкерлері және Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының студенттері қатысты.
Айта кету керек, «Classic» радиосы хабар таратуы толығымен түрлі жанрдағы және ұлттық мектептердің академиялық музыкасына негізделген бірегей радиостанса болып табылады. Бұл – Қазақстан аумағындағы классикалық музыканың тұңғыш және жалғыз радиостансасы. Радио 2011 жылдың 6 маусымынан бастап жұмыс істейді десек, қазіргі уақытта екі ірі қалада, Алматы (102,8 FM) мен Астанада (102,7 FM) хабар таратуда. Сондай-ақ, «Classic» радиосы әлем бойынша барлық әріптестерімен тығыз қарым-қатынаста қызмет етеді. Әсіресе, Мюнхенмен («BR-klassik») және Мәскеумен («Орфей») жасалған ынтымақтастық табысты жалғасуда. Ал, «BBC 3» (Лондон) және «Radio Classique» (Париж) радиостансаларымен ынтымақтастық қарым-қатынастар мұнан да ауқымды бағытта дамып келеді.
«Classical KUSC» радиосына келсек, АҚШ-тағы классикалық музыканың ірі қоғамдық радиостансасы болып табылады. KUSC-тің негізгі міндеті классикалық музыканың Оңтүстік Калифорния тұрғындары өмірінің ажырамас бөлшегі ретінде сақтап қалу және дамыту болып табылады. Радиостансаның тарихы 60 жылды қамтиды.
Рауан ЕСҚАЛИ.