Алматы облысының әкімі Амандық Баталов 8 наурыз – Халықаралық әйелдер мерекесіне орай, Жетісу жеріндегі 200-ге жуық ақ жаулықты аналарды салтанатты түрде құттықтады. Шараға соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлері, қоғам қайраткерлері, көп балалы аналар және түрлі салада еңбек етіп жүрген нәзік жандар қатысты.
«Сұлулық пен нәзіктіктің иесі – Сіздерді осынау мерекемен шын жүректен құттықтаймын. Дана халқымыз «Әйел күлкісі естілген ел – бақытты ел» дейді» деп облыс әкімі көп балалы аналарға «Алтын алқа», «Күміс алқа» төсбелгілерін табыстап, бірқатар азаматшаларға құрмет грамоталары мен алғыс хаттарын тапсырды.
Өз кезегінде жиынға қатысушы аналар ризашылықтарын жеткізіп, осындай сый-құрмет көрсеткендеріне шексіз алғыстарын білдірді.
Жиын соңында Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Нұрлан Өнербаев аналарға, әйелдер қауымына арнап ән әуелетті.
Нұрбол ӘЛДІБАЕВ,
«Егемен Қазақстан».
ТАЛДЫҚОРҒАН.