Әзіл-оспақ, сын-сықақ бұрышы
Бөлімді жазушы-сатирик Берік Садыр жүргізеді
БІРДЕ...
Бірде Анатоль Франсқа жұмысқа жалдануға стенографистка келіп:
- Франс мырза, мен минутына 150 сөзге дейін жаза аламын, - дейді.
- Солай ма? Бірақ осынша сөзді мен қайдан табам, - деп таңданады жазушы.
***
Бірде Флоберден бір белгісіздеу жазушының шығармашылығы туралы сұрағанда, ол:
- Мен оны әркез сыйлап қадірлеумен келемін, сондықтан да оның ештеңесін де оқыған жоқпын, - депті.
***
Ертедегі Грекияның драматургі Софокл өз жолдастарына бір трагедиясының үш қана жолын жазу үшін үш күн уақытын жібергенін әңгімелейді.
- Үш жолға үш күн! - деп таңданады біреу. - Үш күннің ішінде мен талайын жазар едім. Сонда Софокл:
- Әрине, жазасың, бірақ сенің сол жазғандарыңның ғұмыры үш күнге де жетпейді ғой, —депті.
***
Бірде дәрігер Пикассоға: «Картинаңыздың бояуы жайлы үкім айтудан аулақпын, ал анатомия тұрғысынан қарасаң, картинадағылар науқас адамдар» - депті.
Сонда суретші: «Сөйтсе де сіз емдеп жүрген адамдардан көбірек өмір сүреді» деген екен.
*Шетел әзілі
Тұман
Михаил Зощенко.
Қазір, азаматтар, кімнің сауатты, кімнің сауатсыз екенін сайтан да білмеді.
Мәселен, бір азамат өз фамилиясын иректеп сала алады, бірақ мүлде жаза білмейді. Басқа бір азамат жаза біледі, бірақ өз жазғанын өзі оқи алмайды. Әлгінің жазуын өзі түгіл, ғалым, профессорға көрсетіңізші, қанша жерден ғалым болса да, сол профессорың да ажырата алмайды. Мейлі, профессор түгілі, академик бола берсін. Өйткені, оның жазуы тауықтың ізі немесе өлген шыбынның таңбасы сияқты.
Ал енді, қымбатты жолдастар, осы азаматтарды кім деп есептеуіміз керек? Олар сауатты ма әлде сауатсыз ба? Біреулер сауатты десе, басқалар сауатсыз дейді. Ал енді анықтап көр.
Нақты мысалға Василий Иванович Головешечкинді алайық. Ол өзінің сауатты не сауатсыз екенін білмей дал. Ағартудың осы тұманында ол мүлде адасып тынды.
Осы үшін бір күні оны председатель өлтіріп қоя жаздады. Себебі, сауатсыздықты түбірімен жоюға екі-ақ күн қалған-тын. Мәселен, губерниядағы сауатсыздықты бірінші майға дейін мүлде жоюға нұсқау болды дейік. Ал осыған екі күн қалғанда, Василий Иванович сельсоветке танаулап жетіп барып: «Мен сауатсызбын» деп қасқайып тұр.
Председатель оны сол тұрған орнында жоқ қып жібере жаздады.
- Сен, иттің баласы, не деп тұрсың? - деп дүрсе қоя берді. - Екі күн қалғанша қалайша жойылмай жүрсің?
Василий Иванович жағдайын түсіндіріп жатыр:
- Қабілетсізбін, ғылыми икемім жоқ, - дейді.
- Саған, бақшадағы қарақшыға, не істесем екен, ә? - деп қиналды председатель. — Жұрттың бәрі теп-тегіс, тап-таза жойылды, декреттің шырқын бұзып тұрған жалғыз сенсің. Жылдам жүгіріп тройкаға бар да, жалын, жалбарын. Мүмкін, олар сені екі күн ішінде бір нәрсе етер. Ең болмаса, дауысты дыбыстарды үйретсін.
- Дауысты дыбыстарды өзім-ақ танимын, - деді Василий Иванович. - Оларды несіне қайта-қайта көрсете берем? Онсыз да басым мыңғы-дыңғы.
Председатель Василий Ивановичтің мойнын бұрап суырып ала жаздады.
- Әй, қалайша танисың? Мүмкін, сен фамилияңды да жаза алатын шығарсың?
- Ия, жаза алам.
- Иттің баласы-ау, демек, сен сауатты екенсің ғой?
- Ия, демек, мен сауаттымын, - дейді Василий Иванович. - Бірақ мен қалай сауатты болам? Қой, жұрт мазақ қылар.
Осы сөздерді есіткеннен кейін председатель Василий Ивановичтің жанын жаһаннамға жібере жаздады.
- Оңбаған қарақшы-ау! - деп шүйілді председатель, - Сендердің білімдеріңді анықтайтын нұсқау жоқ менде. Тек мереке алдында жұрттың босқа зәресін аласың. Ал өзі сауатты.
Василий Иванович тағы бір ажалдан қалды.
Содан бері Василий Иванович жұртқа мұрын шүйіретін болды. «Мен сауаттымын. Керек десең, жоғары білімім бар» деп қоқиланады. Өзінше тіпті жоғары оқу орнында сабақ беруге жарайтын сияқты, бірақ ұстаз болғысы келмейді, оның үстіне әйелі жібермейді және балалары да етегін басып, жылап-еңірейді. Өйткені, қалада әкесін өлтіріп қояды деп қорқатын көрінеді.
Жоғары білімді бұл адам осылайша күн кешіп жүр. Мүлде керемет десе болғандай. Осыдан бір апта ғана бұрын әлгі адам сауатсызбын деп қыңқылдап жүруші еді, енді лезде ғалым бола қалды. «Бұрын тайқы маңдай - енді қайқы мандай» дегеннің кері.
1925 жыл.
Сүзеген сөз
Егер қонағыңыз көп отырып кете қоймаса, уақытқа қарап сағатты айта бермеңіз, ол әдептілікке жатпайды. Тек, кешелергі қараңғы түсе үй төңірегіңіздегі тоналған адамдардың хикаясын айтып, майын тамыза беріңіз.
«Курсант мырзалар, менің уақытым тығыз, сондықтан айтарымды ой елегінен өткізбей-ақ айтсам деп тұрмын».
Махаббатта шек-шекара болмайды, сондықтан да көпшілік махаббат машақатында шек-шекарадан өтіп кетіп, әуре-сарсаңға түсіп шат-шәлекей болады.
Егер дүкенші майды қалың қағазға өлшеп беріп жатса, оған қапаланбаңыз тек: – Маған, айналайын, үш жүз грамм май, жүз грамм қағаз өлшей қойшы, – десең болды, істің арты орнымен болады.
Біреуге ор қазба, керек болса өзі қазып алсын.
Сүзгілеген Берік.