Қазақ қашанда таланттан кем болған емес. Тап басып таба алсақ, балабақша мен мектепте жүрген ұл-қыздың бойында алуан түрлі өнер жетіп-артылады. Оны ұлттық үлгімен ұштастырсаң, тіпті жанып кетері хақ. Соның бір дәлелі екі жылдан бері ұлт руханиятына бейімделіп өткізіліп келе жатқан «Ақберен» республикалық оқушылар байқауы дер едік. Бұл игі іске ұйытқы болып отырған – «Дарын» республикалық ғылыми - практикалық орталығы. Осы атаулы мекеменің директоры Шолпан Қирабаеваға тілдескенімізде ол: «Бұл байқауды еліміздің мектептерінде оқып жатқан 5-11 сынып оқушылары арасында ұйымдастырып келеміз. Басты мақсат, бабалар дәстүрін қайта түлету, мемлекеттік дәрежеге ие болған тіліміздің қадір-қасиетін мектеп қабырғасында жүрген оқушылардың санасына таза сіңіру, таланттарды тауып, өзгелерге үлгі ету. Бір сөзбен айтқанда, сөз қадірін, өнер мәнін, сауатты жазу үлгісін үйрету. Жасыратыны жоқ, осы күндері қадірлі қазақ сөзінің түп мағынасын түсінбей, айта беретіндер көбейді. Біз осыны білім ұясынан бастап қолға алуды ниет еттік. «Ақберен» байқауы алғаш Астанада шаңырақ көтерді. Биыл киелі Түркістан қаласының азаматтары өткізіп беруге бел байлап, Н.Оңдасынов атындағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернат базасында ұйымдастырды. Оларға жас ұрпақ атынан алғыс айтуға тиістіміз», деді.
Алты бағытта өткен байқауда командалар бойынша бірінші орын – Шығыс Қазақстан, екінші орын –Жамбыл, үшінші орын – Қызылорда облыстарының еншісіне тиді. Сол секілді номинациялар бойынша да ақындар айтысында, мүшәйрада, ұлттық аспапта, шешендік өнерде, көркемсөз оқуда, шығарма жазуда озық деп танылғандар дипломдармен марапатталып, бағалы сыйлықтарға ие болды. Алдағы жылы «Ақберен» байқауын Шығыс Қазақстан облысында өткізу көзделіп отыр. Жалпы, ұлт руханиятына ұрпақты мектептен баулу мақсатында ұйымдастырылған игілікті шараға қазақ жұртының сергек жандары серпіліс танытып, қолдап жатса нұр үстіне нұр болмақ.
Сүлеймен МӘМЕТ,
«Егемен Қазақстан».