Мектеп – баланың өрісін кеңейтіп, өмір кетігін тауып кірпіштей қалануына септігін тигізетін баспалдақ. Ал баланың қарым-қабілеті, өнер-өнегесі мектеп қабырғасында жүрген кезден-ақ байқалады. Талабымен, талантымен талайды тәнті етіп жүрген Индира Қожантайдың өнерге деген сүйіспеншілігі ерекше. Өнер десе ішкен асын жерге қоятын ол болашағынан көп үміт күттіреді.
Индира бүгінгі күні Ұлытау ауданына қарасты № 9 Терісаққан орта мектебінің 6-сынып оқушысы. Әнді әуелетіп шырқайтын әнші қызымыз мектебіміздің мақтанышына айналған. Аядай білім ұясының жақсы атын шығарып, абыройын асқақтатып отыр. Осыдан үш жыл бұрын Индира аудандық «Әнші балапан» байқауының бас жүлдесін жеңіп алып, І дәрежелі дипломмен марапатталды. Былтыр Алматы қаласында өткен VІ халықаралық «Ғұмыр дария» ән-би байқауында «Эстрадалық вокал» номинациясы бойынша І дипломға ие болды.
Жуырда ғана Қазақстан Республикасы кіші Ғылым академиясының Қарағанды қаласында болған 45-ші ғылыми-практикалық конференциясында да озықтар қатарынан табылды.
Оқу мен өнерді қатар ұштастыра білген Индира әр іске жауапкершілікпен қарайды. Қазақтың қызына тән жақсы қасиеттер оның бойында көп. Мектебімізде 57 бала білім алуда. Солардың бірі – Индира. Ол әншілік өнер әжесінен дарығанын мақтанышпен айтады.
«Бұл өнер маған әжем Сәбира Ғалықызынан дарыған болар. Әжем сызылтып ән шырқағанда көпшілік сүйсініп тындайды екен. Ал есепке бейімділігім атамнан берілген болар.
Атам соғыс ардагері. Ол кісінің көптеген орден, медальдарын көздің қарашығындай сақтап отырмыз. Атаммен мақтанамыз да» дейді Индира.
Айғаным Бейсембаева,
№9 Терісаққан орта мектебінің
бастауыш сынып мұғалімі.
Қарағанды облысы.