Кеше Орталық сайлау комиссиясында Қазақстан Республикасы президенттігіне кандидаттыққа ұсынылған «Рухани қоғам әлемі» қоғамдық қорының президенті Лимана Қойшиева мен уақытша жұмыссыз Сафиолла Алдажанов мемлекеттік тілді еркін меңгергендігін анықтау жөніндегі Лингвистикалық комиссияға сынақ тапсырды.
Лингвистикалық комиссияның төрағасы Мырзатай Жолдасбеков сынақ тапсырушы Лимана Қойшиева үш кезеңнен тұратын сынақтың тәртібін түсіндірген соң, ол ұсынылған тақырыптардың ішінен өз қалауы бойынша жазбаша жұмысына «Қазақ дәстүрінің рухани құндылықтары» деген тақырыпты таңдады. Оның сынақ тапсыру уақыты бір жарым сағатқа ғана созылды.
«Лимана Қойшиеваның сынақ тапсыру нәтижесі былай болды, – деді Лингвистикалық комиссияның төрағасы Мырзатай Жолдасбеков. – «Қазақ дәстүрінің рухани құндылықтары» деген тақырыптағы жазба жұмысында ол алты қате жіберген. Оның бір қатесі емледен, екі қате тыныс белгісінен, ал үш қате сөйлем құраудан кеткен. Кандидаттыққа ұсынылушы Л.Қойшиеваның жазба жұмысының сапасы нашар болған жоқ».
Комиссия төрағасының атап өтуінше, сынақ тапсырушы екінші кезекте Абайдың қара сөздерін мәнерлеп оқуы тиіс еді. Оларды үміткер құлаққа да, жанға да жағымды етіп, мәнерлеп оқып берген. «Абайдың қара сөздерін нақышына келтіріп оқу оңай емес, – деді Комиссия төрағасы. – Үшіншісі еркін тақырып ретінде «Әлем және бейбітшілік» деген тақырып келді. Үміткер бұл тақырыпты да өте жақсы әңгімелеп берді. Комиссия мүшелері риза болды. Нәтижесінде Лингвистикалық комиссия Лимана Қойшиева мемлекеттік тілді еркін меңгерген деген қорытындыға келді».
«Аналар мен арулар атынан қазақ әйелінің бүгінгі болмысын көрсету мақсатым болды, – деді бізбен сұхбатында Лимана Қойшиева. – Маған отбасым, туған-туыстарым, достарым сенім артты. Олардың сенімін ақтау мен үшін өте маңызды. Отбасы да шағын мемлекет дейді ғой. Мемлекеттің беріктігі – отбасының беріктілігі. Елбасының басшылығымен жүзеге асырылып жатқан іс-шаралар мен жұмыстардың барлығына өте ризамын. Жалпы, мен Президентіміздің жүргізіп жатқан саясатын толық қолдаймын, өзімді Елбасыны жақтаушылардың бірі деп есептеймін».
Лингвистикалық комиссияның сынағында ойдағыдай нәтиже көрсеткен Лимана Қойшиева кандидаттыққа ұсынылған 10 адамның ішіндегі жалғыз әйел екенін айта кеткеніміз жөн шығар. Өйткені, қазақ халқы қыздарын әрқашан құрметтеген ғой.
Ал уақытша жұмыссыз жүрген кандидаттыққа ұсынылушы Сафиолла Алдажановтың мемлекеттік тілді еркін меңгергендігі жөніндегі сынаққа қатысты жазба жұмысы да, мәнерлеп оқуы да, сөйлеуі де Лингвистикалық комиссия мүшелерін қанағаттандырмады. Оны Комиссия төрағасы Мырзатай Жолдасбеков атап көрсетті. «Алдажановтың «Қазақ хандығының қаһармандық шежіресі» тақырыбына жазған жұмысы сауатсыз жазылған, – деді Комиссия төрағасы сынақ қорытындысы жөнінде. – 42 қате кеткен, оның ішінде еміле қатесі – 17, тыныс белгісі – 18, сөйлем құрауы жағынан 7 қате жіберілген. Ой жүйесіз баяндалады. Қазақ хандығы туралы көп мәселелерді айтуға болады».
Сынақ тапсырушы екінші және үшінші талаптарға да жөнді жауап бере алмады. «Жаһандану: үміт пен күдік» тақырыбын өзіңіз таңдап алдыңыз. Өкінішке қарай, жаһандану туралы ұғымыңыз өте таяз болып шықты. Сондықтан Лингвистикалық комиссия Сафиолла Қалабайұлы Алдажанов мемлекеттік тілді еркін меңгермеген деген қорытындыға келді», – деді М.Жолдасбеков.
Ал сынақ тапсырушы Лингвистикалық комиссияның шығарған қорытындысымен келісті. «Расында да мен жаһандану дегеннің не екенін түсінбедім. Ол экономикаға қатысты шығар», – деді Сафиолла Алдажанов бізбен әңгімесінде.
Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ,
«Егемен Қазақстан».