• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
21 Мамыр, 2015

Адам құқығын қорғау – ізгілікті іс

326 рет
көрсетілді

Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл (Омбудсмен) Асқар Шәкіров брифинг өткізді. Онда Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған 5 институттық реформа негізінде адам құқықтарын қорғаудың ұлттық жүйесін жетілдіру және азаматтық қоғам дамуының талаптары сөз болды. Жиын барысында Асқар Шәкіров 5 институттық рефор­ма­ның маңыздылығына және еліміз­дегі адам құқықтарын қорғау мәсе­лелеріне кеңінен тоқтала келіп: – Республикамызда адам құқықтары көбіне жекелеген шенеуніктер тарапынан бұзылады. Мұндай келеңсіздіктер барлық салаларда орын алуда. Сондықтан да, бес институттық реформадағы маңызды аспектілердің бірі ретінде мемлекеттік аппаратты жетілдіру қарастырылып отыр. Бұл осы мәселеге қатысты мемлекет алдында тұрған ауқымды міндеттерді жүзеге асыруға мүмкіндік береді, – деді. Спикердің айтуынша, қазіргі таңда Омбудсмен мекемесіне азаматтардан келіп түсетін шағымдардың 14 пайызында рәсімдерді бұзу, салғырттық пен әуре-сарсаңға салу және лауазымды тұлғалардың әрекетсіздігі туралы фактілер көрсетіледі екен. Сонымен қатар, азаматтар көбінесе өздерінің нақты заңнамалар мен халықаралық құжаттар аясындағы құқықтары да жиі бұзылатындығына байланысты арызданатыны белгілі болды. Бұған қоса, кейбір жеке лауа­зымды тұлғалар тұрғындардың мәселелері мен сауалдарына өз деңгейінде жауап беру қажеттігін ескермейтіні де көп кездесетін көрінеді. Асқар Шәкіров балалардың құқығын қорғау ісіне қатысты да өз пікірін білдірді. – Балалардың құқын қорғау – ең маңызды жұмыстардың бірі. Бұл бағытта көптеген шаралар қолға алынуда. Мәселен, біз халықаралық сарапшыларды тарта отырып, балалар мен жасөспірімдерге жәбір көрсету мәселесі жөнінде бірқатар зерттеулер жүргіздік. Соның нәтижесінде, бірқатар жайттардың өзекті болып келе жатқанына көз жеткіздік, – деді Уәкіл. Жолдыбай БАЗАР, «Егемен Қазақстан». Сурет: inform.kz