Оның даму жолдары хақында бірер сөз
Қазіргі уақыт адамдарға көптеген талап қойып, күнделікті тіршіліктің өзінде талай өмірлік, қоғамдық мәселелерге жауап іздеуді көлденең тартады. Адам өмірі де сәт сайын өзгеріп келеді. Ал осы күрделі заманның бастапқы жүйесі – азаматтық қоғам. Олай болса, азаматтық қоғам дегеніміздің өзін жалпы қоғамның, мемлекеттің, жеке тұлғаның даму деңгейінің көрсеткіші деуге негіз бар. Қазақстандағы азаматтық қоғамның дамуына қатысты әртүрлі көзқарастар кездеседі. Олар: елімізде азаматтық қоғамның даму деңгейі жоғары деген ойдан бастап ондай даму бүгінгі талапқа сай емес немесе тіпті де сын көтермейді деген аралықтағы көзқарастар.
Жалпы, азаматтық қоғам төрт негізгі элементтен құралады. Ол – азамат, қоғам, мемлекет және құқық болса, басты құндылықтары – адам өмірі, адалдық, жекеменшік құқығы. Азаматтық қоғамның негізгі қызметі азаматтың қажеттіліктерін – құқығы мен бостандығын қамтамасыз етуге бағытталады. Осы мақсатты орындаудың басты шарты қоғамның әлеуметтік-экономикалық және мәдени-құқықтық қатынастарының жиынтығы – демократиялық орта қалыптастыру болып табылады.
Әрине, теория жағынан бұл түсінікті де анық болып есептеледі. Нақты практикаға келетін болсақ, азаматтық қоғам даму жолында талай қиыншылықтар мен кедергілерге кез болады. Даму жолдары әлеуметтік топтардың өз мүдделерін қамтамасыз ету белсенділігінің жоғарылығы мен мемлекеттің қолдауына және халықаралық ұйымдардың практикасына негізделеді. Белсенді азаматтық қоғам атқаратын іс-шаралар жеке тұлғаның және әлеуметтік топтардың нақты мәселелеріне назар аударады. Азаматтық қоғам саяси жұмыспен салыстырғанда көбінесе әлеуметтік мәселелерді алға қойып, оларды тиімді шешуді мақсат тұтады. Осы қатарда біздің елде азаматтық қоғам дамуына ең басым ықпал етуші мемлекеттің қолдауы болып отыр.
Үкіметтік емес ұйымдар мен мемлекеттік органдардың қатынастары мына салаларда аса белсенді: ортақ іс-шаралар (конференциялар, дөңгелек үстелдер), кеңестік көмек, ортақ жобаларды іске асыру, үкіметтік емес ұйымдардың әр саладағы әлеуметтік жобаларға қатысуы сияқты көптеген бағыттарда өрбу үстінде.
Былтырғы жылы Қазақстанда түрлі бағыттағы 5820 ҮЕҰ, 3340 қоғамдық қор, 1072 заңды тұлғалар қауымдастығы, 471 этномәдени бірлестік, 3340 діни бірлестік, 40-тан астам конфессия мен деноминациялар, түрлі меншік нысанындағы 6646 БАҚ тіркелген және жұмыс істейді. ҮЕҰ-лардың орнықты топтары түрлі бағыттар бойынша ресімделеді, олар: экологиялық – 6%; әскери-патриоттық – 4%; балалар және жастар – 14%; мәдениет және өнер – 8%; мүгедектерді қолдау бойынша – 7%; ғылыми және білім беру – 8%; әйелдер және гендерлік саясат – 8%; сауықтыру-профилактикалық – 7%; қоғамдық бастамаларды қолдау – 10%; бұқаралық ақпарат құралдарын дамыту – 2%; әлеуметтік қорғау – 9%; құқық қорғау – 7%; спорттық – 10%.
Сонымен қатар мұндай бірлестіктердің көпшілігі тек қағаз жүзінде ғана бар, олар тек тіркелген ұйымдардың сандық көрсеткіштері статистикасын ғана жақсартады. Үкіметтік емес секторда өткен жылы барлығы шамамен 200 мың адам жұмыс жасады. Олардың 40 мыңы тұрақты негізде, 50 мыңға дейіні уақытша, ерікті (волонтерлік) негізде 100 мыңнан астам адам жұмыс істейді. ҮЕҰ-ның алуан түрлі қызметтерін 2 млн.-ға таяу адам пайдаланады. Көбінесе мемлекеттік емес ұйымдар қалаларда және аудан орталықтарында орналасып қызмет етеді және олардың ауылдық мемлекеттік емес ұйымдарға қарағанда қаржылық, техникалық мамандармен қамтамасыз етілуі әлде-қайда жоғары. Сондықтан олардың басқа да мекемелермен қарым-қатынас орнатып, жүйелі жұмыс жасауына мүмкіншіліктері мол.
Мемлекеттік емес сектордың жұмыс істеуі тікелей қаржыландыру көздерімен байланысты. Мемлекеттің ықпалы азаматтық саланы қаржы арқылы басқару және оның қызметін заңнамалық қамтамасыз ету әрекеттеріне сүйенеді. Негізгі тәсіл – мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс. Осы мақсатқа мемлекет тарапынын қаржыландыру көлемі жыл сайын өсуде. Сонымен қатар аса маңызды әлеуметтік жобалар іске асуда. Бірақ осыған байланысты былтырғы жылы мемлекеттік органдар тарапынан ҮЕҰ-ны қаржыландырудың қиындығы туындады. Оның басты себептерінің бірі – мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстың Мемлекеттік сатып алу туралы заң шеңбері аясына түсуі. Мемлекеттік сатып алу туралы 2007 жылғы 21 шілдедегі № 303-ІІІ ҚРЗ қолданыстағы заңы ҮЕҰ-ны коммерциялық ұйымдар санатына жатқызады, бұл ҮЕҰ-лардың қызметін, олар көтерген бастамалардың жүзеге асуын айтарлықтай шектейді.
Әлеуметтік тапсырысты жоспарлы түрде қаржыландыру туралы мәселені шешу үшін мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс басқа секторларға қатысты болатын Мемлекеттік сатып алу туралы заңның құзыретіне жатпайтыны туралы жекелеген ережені қабылдау мүмкіндігін қарау қажет. Яғни, мемлекет өте көп тауарлар мен қызметтерді сатып алады, бірақ мемлекеттік тапсырыс осы заң реттейтін қызметтерге жатпауы тиіс немесе ҮЕҰ-ны қолдау бойынша басқа да рәсімдерді әзірлеу қажет.
Әлеуметтік тапсырыстар бойынша жобаларды іріктеуде де бірқатар кемшіліктер орын алуда. Көбінесе атқаратын жұмыстың көлемі мен уақытының сай болмауы, қаржыландырудың жылдың ортасында басталуы, сондықтан да қажетті іс-шаралардың дер уақытында жүзеге аспай, тек қағаз жүзінде қала беретінін айтуға болады.
Осы орайда Әлеуметтік тапсырыс туралы заңды жетілдіріп және қаржыландыру ережелерін де өзгерткен жөн. Әлеуметтік жобаларды қаржыландыратын арнайы қор құру керек. Ол тек мемлекет тарапынан қаржыландырылмай, басқа да салалардан қаржы көздерін іздестіру жолдарын қарастырса құба-құп. Сонда маңызды жобалар мен бағдарламалар жарты жыл емес, толыққанды жұмыс жасай алады. Екінші жағынан, бөлінген қаржы жұмсалуы ашық жүріп, олардың есебі жылда БАҚ-та жариялануы қажет.
Соңғы кезде азаматтық қоғамның бақылау қызметіне баса назар аударылып, біраз бастамалар іске асырылуда. “Нұр Отан” партиясы азаматтық қоғамның бақылау қызметін жоғары деңгейге көтеруге арналған іс-шараларды қолға алуда. Әсіресе, экономикалық дағдарыс кезеңінде мемлекеттік бюджеттен бөлінген қаражатты бақылау, оның тиімділігін қадағалау аса маңызды шара.
Әлеуметтік жауапкершілік саласында үкіметтік емес ұйымдардың орны ерекше. Бұл бизнес пен мемлекет қатарында үшінші тепе-тең серіктес ретінде түрлі әлеуметтік топтардың көкейлеріндегі мәселелерін шешудегі көпір десек те артық болмас. Азаматтық қоғам өкілдері еңбек саласындағы қарым-қатынастарды қадағалауда, экологиялық мәселелерді шешу жолдарын іздестіруде, түрлі әлеуметтік қажеттіліктерді қамтамасыз етуде мәселе көтеріп, мемлекет пен бизнестің назарын аударумен қатар, олармен мәселелерді қоян-қолтық араласып шешуге ұмтылып отыр. Бұл үшін, әрине, азаматтық қоғамда жоғары деңгейдегі сараптау институттары мен жетілген коммуникация жүйесі болу қажет. Қазақстанда қазіргі таңда қоғам атынан жұмыс жасайтын мекемелер жоқтың қасы. Мемлекет пен бизнеске тепе-тең қоятын ақпараттық ықпал да, белсенді күш те нақты қалыптаспағандықтан, азаматтық қоғам мемлекеттік жүйеге тәуелді болуда. Мысалы, ҮЕҰ мен фискалдық органдардың, сондай-ақ фискалдық органдардың меценаттармен өзара қатынастары үлкен мәселе туғызып отыр. Елімізде қайырымдылыққа жұмсалған қаржыға салықты реттеудің жай-күйі отандық бизнестің азаматтық қоғам институтына қаражат салуын ынталандырмайтыны бұл іске қолбайлау болуда.
Азаматтық қоғам қазіргі кезеңде өзінің қызметін толық атқарып отыр деп айтуға ерте. Мемлекет өз тарапынан қолдау көрсетуде. Алайда, азаматтық қоғамның қарыштап дамуы үшін қоғам да өз тарапынан белсенділік танытып, өмірлік құндылықтарды қалыптастыру жолында талай жұмыстарды атқаруы тиіс.
А. СӘДУАҚАСОВА, “Нұр Отан” ХДП Парламентаризм институтының социологиялық зерттеулер бөлімінің меңгерушісі, әлеуметтану ғылымдарының докторы.