Ғұмырының жарты ғасырдан астамын қауіп-қатері қанжығаласып жүретін кен өндірісіне арнаған, оның отыз бес жылында шахта шыңырауында шыңдалған «Қазақмыс» корпорациясының Жезқазған аймағында жүзеге асырылатын инвестициялық жобаларын үйлестіруші Әмірбек Шегірбаев жөнінде әңгімелемекпіз. Енді санаулы күннен кейін 75 жасқа толады. Тағдыр оның маңдайына туған күні мен кеншінің кәсіби мерекесін қатар тойлауды жазыпты.
Оңтүстік өңірдегі тамаша табиғаты талайды тамсандырған Түлкібастың топырағында тамылжыған тамызда кіндік қаны тамған ол Абай атындағы мектепті күміс медальмен тәмамдап, айбарлы Алатаудың баурайындағы әсем қалада жоғары білім алды. Политехникалық институтта жерасты қазба байлығын өндіру мамандығын меңгеріп, 1962 жылы жолдамамен Жезқазған кен-металлургия комбинатына тартты.
Жас кен инженері жеті жыл өндірістік шебер ретінде шахта шыңырауының шыңдалуынан өтіп, телім басқарып, суғарылған болаттай бабына келген шағында әскер қатарына шақырылды. Комбинатқа қайтып оралған соң тағы тура жеті жыл Шығыс Жезқазған кенішінде телім, шахта басқарды.
Күтпеген жерден бір жыл Қара металлургия министрлігінің Атасу кен басқармасына қарайтын «Батыс Қаражал» шахтасына барып қайтты. Пайдалануға берілген алты жылдан бері береке таппай келген кәсіпорынды жобалық қуатына жеткізіп, жылына 800 мың тоннаға дейін кен өндіруге болатындығын дәлелдеп, Жезқазғанға қайтты. Он жыл Оңтүстік, Батыс және Анненск кеніштерінің тізгінін ұстады. Сосын тағы бір жыл «Қазалтын» өндірістік бірлестігінің Ақбақай кен-байыту комбинатында бас инженер болды.
Міне, соңғы ширек ғасырдағы өмірі мен өндірістік қызметі «Қазақмыстың» құрылымдарымен тығыс байланысты. Батыс және Оңтүстік кеніштерін, комбинаттың тау-кен өндірісі бөлімін басқарды, корпорация бірінші вице-президентінің орынбасары, Жезқазған шахта проходкалау тресі мен «Шығыстүстімет» өндірістік бірлестігінің басқарушысы, «Степной» мен «Жаман-Айбат» кеніштерінің директоры, корпорация бас басқарушысының көмекшісі, Нұрқазған кен-байыту комбинатының директоры, корпорация бас директорының өндіріс жөніндегі көмекшісі, Жезқазған аймағындағы күрделі құрылысты үйлестіру қызметінің бастығы болды. Қазіргі қызметіне келгеніне де үшінші жылға аяқ басты.
Әмірбек Шегірбаевтың тікелей басшылығымен Анненск, «Степной», Жомарт кеніштері мен 73/75 шахтаның құрылысы жүргізілді. Қазақстанның шырайлы шығысында Артемовск, Юбилейно-Снегирихинск кеніштері мен Қарағанды қапталында Нұрқазған кен-байыту комбинаты, Сәтбаев қаласында соңғы үлгімен салынған алып кен жабдықтарының доңғалақтарын қалпына келтіретін заманауи жаңа зауыт пайдалануға берілді. Кен өндірісін терең білетіндігі, бай өндірістік тәжірибесі, белсенді өмірлік көзқарасы, қарапайымдылығы мен жоғары адамгершілігі арқасында оның барған жерде беделі биіктеп, абыройы асқақтап жүре береді.
Оны Жезқазған аймағында кен-металлургия өндірісінің ірі ұйымдастырушысы, Еңбек Ері, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Виктор Гурбаның үзеңгілес ізбасары десек, артық айтқандық емес. Өзі де өндірістік тәлімгер ретінде кейінгі жастарға жан-жақты тәжірибесімен бөлісіп отырады. Ол экономикалық жағынан өте сауатты басшы, аз шығынмен жоғары жетістікке жетудің жолын біледі. Еңбегі еленіп, осыдан екі жыл бұрын омырауына «Құрмет» орденін тақты, «Кенші даңқы» төсбелгісінің толық иегері атанды. Ол Сәтбаев қаласының құрметті азаматы.
Арқадағы алып кеніштердің көшін бастаған «Оңтүстікке» екі мәрте директор болыпты. Алғашқыда қылшылдаған қырық жасында Қаражалдан келді. Институт бітіргеннен бері Жезқазған кен өндірісінде жүрген оның Қаражалға кетуінің өзі кездейсоқтай көрінген. Өйткені, Шығыс Жезқазған кенішінде шахта басқарып жүргенде облыстық партия комитетінің өндірісті қадағалайтын хатшысы Полтавский шақыртып, аз-кем әңгімеден кейін өзін «Батыс Қаражал» шахтасына бастық етіп жіберуге обком ұйғарым жасағанын жеткізгенде, онша құптай қоймаған.
Біріншіден, Қаражалға шахта бастығы болып бару – қызмет бабында өскендіктің белгісі емес. Екіншіден, жастайынан үйреніп қалған Жезқазғанды шындығында қимайды. Сосын ешкімнің бет-жүзіне қарамайтын бірбеткейлігіне басып: «Мен басқаратын №57 шахта – аймақтағы алып кәсіпорындардың бірі. Жоспарды жүйелі орындап келеді. Ендеше, оның бастығы неге Қаражалға «жер аударылуы» керек?», деп төтесінен қойып қалды.
Полтавский күліп жіберді. Сосын: «Жолдас Шегірбаев, «жер аудару» дегенді қайдан шығардың? Сен – партияның жауынгерісің! Ал коммунист партия қайда жұмсаса, сонда баруға тиіс. Біз сені «жер аудармаймыз», қабілет-қарымыңды сынау үшін жібергелі отырмыз. Сыннан сүрінбей өтуіңе тілектеспін, жолың болсын!», деп мәселенің талқылауға жатпайтынын тұспалдады. Сөйтіп, Қаражалдан бір-ақ шыққан. «Сынақ» десе дегендей-ақ екен, жұмсартып айтқанда, шахта жұмысы бетімен жіберілген, жоспарды орындамақ түгіл, жобасы жоқ. Уақытпен есептеспей жұмыс істеуге тура келді. Бір жылға жетпей «Батыс Қаражал» шахтасының аты жақсы жағынан шыға бастады.
Бір күні түн ортасында Жезқазған комбинатында кадр мәселесімен шұғылданатын сыйлы ағасының бірі Шайқысылам Аймышев телефон шалды. Амандық-саулықтан соң «Таңертең Виктор Васильевич Гурбаға кел» деп, сөзді қысқа қайырды. Басқа ештеңе айтпады. Бұл шақырыстың жай емес екендігін іші сезді. Сосын мезгіл кеш болып қалғандығына қарамастан, Қаражал қалалық партия комитетінің бірінші хатшысы Шабалинге хабарласып, Аймышевпен арадағы әңгімені жеткізді. «Сен енді Жезқазғанға қайтасың, Гурба құда түсіп жатыр», деді ол салған жерден.
Түнделетіп тартып кетті, ертелетіп комбинат директорының қабылдауына кірді. «Оңтүстік Жезқазған кенішіне директор болып барасың. Жаңа кеніш, алайда, жұмысы алға баспай-ақ қойды. Бірнеше басшы ауыстырып көрдік, бірақ, болатын емес. Енді саған үлкен үміт артып отырмын. Обкомдағылар да қолдады. Жинал, кенішке кеттік!» деген Виктор Васильевич орнынан көтерілді. Сол күні Әмірбекті Оңтүстік Жезқазған кенішінің ұжымына таныстырды.
«Оңтүстіктегі» істі оңалтқан соң, берекесі қаша бастаған «Батыстың» бағын ашып, құрылысы жиырма жыл жүргізіліп қатарға қиындықпен қосылған Анненскіні аяғынан тік тұрғызған Әмірбек Шегірбаев араға он жеті жыл салып «Оңтүстікке» қайта оралды.
Ол кезде кен басқармасының тау-кен жұмыстары бөлімін басқаратын. Кеңсеге «Жезқазғантүстімет» АҚ басқарушысының бірінші орынбасары Руслан Борисович Юн келді. Әуелгіде әдеттегідей өндірістік мәселелермен жүрген шығар деп ойлаған. «Жүріңіз Оңтүстік Жезқазған кенішіне барамыз» деді. Мән-жайды жолай мәлімдеді. Бұл – шетелдік инвестор «Самсунг» компаниясының комбинатты сенімді басқаруға алғанына екі жылдай болып қалған кез.
– Әбеке, шетелдік инвестор келгелі кеніштердің көшін түзеу бағытында қандай жұмыстар атқарылуда екенін білесіз. Қыруар қаржы да құйылып жатыр. Бірақ, «Оңтүстіктің» жағдайы түзелмей-ақ қойды. Екі жылда бес директор ауыстырдық, алайда, іс алға басатын емес. Ендігі үміт өзіңізде, – деген Руслан Борисович акционерлік қоғам басшылығының ұйғарымын осылай жеткізді. Бәлкім, бұл сол күрделі уақыттың өзіндік ерекшелігі шығар. Әбекең үндеген жоқ. Не айтсын, бәрін іші сезіп отыр.
Сөйтіп, кенішті үш жылда үздіктер көшіне қосты.
Әлібек ӘБДІРАШ,
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі.
Қарағанды облысы.