• RUB:
    5.43
  • USD:
    472.62
  • EUR:
    513.22
Басты сайтқа өту
23 Шілде, 2010

Өндірісі өркендеген өңір

784 рет
көрсетілді

Сыр өңірі – негізінен ауыл шаруашылығы бағытындағы аймақ. Десе де жедел индустриялық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасын және елді индустрияландыруға баса назар аударған жергілікті жұртшылық уақыт талабына бейімделіп, өндірісті де өркен жайдыра бастады. Сыр аймағындағы осындай аграрлық-индустриялық аудандардың бірі ғана емес, бірегейі – Шиелі ауданы. Шиелі – шикізат ресурс­та­рына бай, сирек кездесетін және қымбат металдар мен уран шикізатын шығаратын аудан. Осындай қазба байлық көздерінің молдығы аудан экономикасын индустриялық бағытта дамытуға зор мүмкіндік беріп отыр. Шиелі ауданында өнеркәсіп өн­дірісінің көлемі 1998 жылы 748 млн.теңге болса, 2009 жылы 15 094 млн.теңгеге жетіп, өндіріс көлемі бар-жоғы бір жылда 20 есеге өскенін айтуға әбден бола­ды. Ал, ағымдағы жылы ауданның өнеркәсіп орындары 5,8 млрд. теңгенің өнімін өндіріп, өнім кө­лемі өткен жылмен салыс­тыр­ғанда 13,8 пайызға өскен. Егер саралап айтар болсақ, тау-кен өндірісі 130,4 пайызға, өңдеу өнеркәсібінің өндіріс көлемі 113,5 пайызға, ал ауыл шаруашылығы өнім­дерін өңдеу 102,8 пайызға жетіп отыр. Аудан туралы әңгімемізді әріден бастасақ, 2003 жылдан бері әлемдік стандарттарға сай жаңа тех­нологияларға негізделген по­ли­этилен құбыр өндірісін дамытып келе жатырған “Полихимпродукт” ЖШС-нің жұмысы көз алдыңда көлбеңдей тұра қалады. Уран өнімдерін өндіретін бұл іргелі кәсіпорында 129 адам төрт ауысымда жұмыс жасап жатыр. Бүгінде бұл зауыт ауыз су жүйе­леріне пайдаланатын поли­этилен құбырларын шығаруды қолға алып, өндірісті кеңейтіп келеді. Мұндай құбырларға Сыр айма­ғынан ғана емес, көрші Оңтүстік Қазақстан облысынан да сұраныс күн санап көбейе түсуде. Сондай-ақ еліміз Кеден одағына кір­геннен соң әлемдік стандарттарға сай жаңа технологияға негізделген өнімдерге сырт елдерден сұраныс болуы әбден мүмкін. Сыр аймағы тұрғындарын ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында “Сыр суы” ЖШС де сапалы қызмет көрсетуде. Өнімге қажетті құрал-жабдықтар қон­дыр­ғысы Польшадан әкелініп, сағатына 60 литр, ал бір ауысымда 480 құты шығаруда. Өндіріс ор­нында 15 адам жұмыспен қам­тылып, Сыр аймағы тұр­ғын­дарының ауыз суға деген сұ­ра­ныс­тарын уақытылы қамтамасыз етуде. Ал, жеке кәсіпкер Қал­мұратов жетекшілік ететін “Рем­маш” сүт зауыты тәулігіне 3,5 тонна өнім өндіріп, халықтың сүтке деген сұраныс­та­рын қам­та­масыз етуде. Израилдік тех­но­ло­гиямен жабдықталған бұл өндіріс орны өндіретін сүт, қатық, қаймақ, ірімшіктерге деген тұр-ғындар сұранысы күн санап арта түсуде екен. Яғни, шығарылған өнімдердің басым бөлігі жергілікті жердегі аурухана, мектеп, бала­бақшаларға жөнелтілуде. Сондай-ақ жеке кәсіпкер Қыдырәлиевтің кірпіш зауыты 2008 жылдан бастап жылына 7,0 млн. дана керамикалық кірпіш шы­ғарып келеді. Өндіріс орнында 55 адам еңбек етіп, алдағы уақытта жылдық қуаттылықты 2 есеге арттыруды межелеп отыр. Қызылорда облысының өңірлік индустриялық-инновациялық даму картасына ағымдағы жылы Шиелі ауданынан жалпы құны 1 млрд.240 млн. теңге болатын 10 жоба ұсы­ны­лып, осыдан құны 1 млрд. 115млн. теңге болатын 5 жоба ірік­телініп, салалық министрліктерге ке­лісім алуға жолданған. Осы жобалардың ағымдағы жылдың бірінші жарты­жыл­дығында 3-еуі іске асырылып, 2 жоба жыл аяғына дейін жүзеге асырылмақ көрінеді. Осы ауқымды жобалардың не­гі­зінде 240 адам мамандықтары негізінде тұрақты жұмыспен қамтамасыз етілмек. Сыр жерінде жайқала өсіп тұратын қамысты кәдеге асыруға бетбұрыс жасаған “Алтын бала-08” ЖШС болды. Олар құрақ қамыстан құры­лыс материалдары: лами­нат­талған және ламинатталмаған түрдегі ДСП шығаруға батыл бет­бұ­рыс жасай бастады. Осы жауап­кершілігі шектеулі серіктестігі зауыт құры­лы­сының іргетасын қалап, қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету мақсатында өз қаржысы есебінен 450,0 млн. теңге жұмсап, тәуекелді тірліктің жолына түсті. Жобалық қуаттылығы айына 62,0 мың шаршы метр ДСП шығаратын қондырғы алынып, алдағы уақытта 300,0 млн. теңгеге жаңа технологияны қам­тамасыз ететін агрегаттар да алынбақ. Бүгінгі таңда зауыт 75 адамды тұ­рақ­­ты жұмыспен қамта­масыз етіп отырса, қыркүйек-қазан айларында толы­ғымен іске қосылғанда 90-100 адамды жұмыспен қамтамасыз етпек. –Бүгінгі таңда, – дейді “Алтын бала - 08” ЖШС төрағасы Ж.Ома­ров, – құны 19,0 млн. теңге тұратын 380,0 мың дана бау қамыс шикізаты дайын тұр. Бір бау қамысты ауыл тұрғындарынан 50 теңгеден қабылдап жатырмыз. Бұл дегеніңіз ауыл тұрғындарының табыс көзі емес пе? Айтқандай, біз­дің зауыт болашақта картон, кеңселік және дәретханалық қағаздарды да шығармақ. Өздеріңізге мәлім, Елбасымыз “халықтық құрылыс” деп айдар таққан “Батыс Еуропа – Батыс Қы­тай” транзиттік автокөлік жо­лына қажетті материалдармен қам­тамасыз етуді мұрат тұтқан шие­лі­лік­тердің атқарып жатқан жұмыс­тары жетерлік. Осы бағытта “Казвернал” ЖШС индустриялық-инновациялық жобалар картасына енген сағатына 250-300 тонна түрлі фракциядағы қиыршық тас өнді­ре­тін, құны 525,0 млн. теңге тұратын шетелдік жаңа техно­ло­гиялық зауытты іске қосуда. Осы уақытта мұнда 61 адам жұмысқа тартылса, алдағы уақытта олардың саны 100-ге жетпек. Кен орнында жұмыс­шы­ларға қызмет көрсететін асхана, де­ма­лыс орындары, байланыс теле­фон­дары орнатылған. “Каз­вернал” ЖШС алдағы уақытта құны 1,5 млрд. теңге тұратын цемент зауы­тын да іске қоспақ. Ал, “Шиелі тас-Оңтүстік” ЖШС Қосүйіңкі учаскесінен құ­ры­лысқа қажетті тас өнімдерін өн­діру үшін “НК СПК Оңтүстік” АҚ-пен бірлесіп, жоғарыдағы жобаны іске асыру мақсатында 119,5 млн. теңге инвестиция салған. Маусым ай­ында іске қосылып, тәулігіне 2500 тонна өнім өндіре бастаған зауытқа 85 адам тұрақты жұмысқа тар­тылған. Өздеріңізге мәлім, Елбасы еліміздегі жаңа экономиканы қоз­ғау­шы күштің бірі – кәсіпкерлікті өр­кендетуді үнемі айтып, басым бағыт беріп келеді. Содан болар Шиелі ауданында индустриялық-инно­вациялық жобаларды іске асыруға жекелеген кәсіпкерлер де білек түре кірісуде. Айталық, жеке кәсіпкер П.Махамбеттің жалпы құны 15,0 млн. теңге құрайтын мал сою пункті де индустриялық картаға еніп отыр. Бұл жоба жыл аяғына дейін жүзеге асырылып, ондаған адамды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етпек. Осыған бай­ланысты бүгінде жер телімі да­йын­далып, 100 бас мүйізді ірі қара ма­лын бағып-қағуда. Содай-ақ жеке кә­сіпкердің шұжық цехы 2004 жылдан бастап тәулігіне 600-700 кило 11 түрлі ет өнімдерін өндіріп келеді. Ал, жеке кәсіпкер Б.Жеңсік­ба­е­ва­ның құны 6,0 млн.теңге тұратын ағаш өңдеу цехы өз қаражаты есебінен салынып, 19 адамды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіп отыр. Ауданда индустриялық-иннова­циялық даму саясатын іске асыру мақсатында аймақтағы экономи­каның әлеуеті күшті және әлсіз тұстары, дамудың мүмкіншіліктері мен кері әсерін тигізетін тежеуші факторлары талдана отырып, алдағы жылдары атқарылар жұмыс бағыттары анық­та­луда. Яғни, 2015 жылға дейінгі ин­дус­триялық-инновациялық даму кар­тасына бірқатар жобалар енгізу ме­желеніп отыр. Саралап айтар болсақ, тау-кен бағытында ваннадий металын алу мақсатында “Балауса” ЖШС жос­парлы жұмыс жүргізуде. Бұл ЖШС авто­клавты сілтілеу техно­ло­гиясымен өндіріп, зауыт салуды жоспарлап отыр. Жоба үш кезең бойынша атқарылмақ. Жо­баның бірінші кезеңіне 4500,0 млрд. теңге инвестиция салынып, 250 адам тұрақты жұмыспен қамтамасыз етілмек. Ал, “ВЭК ТЭК Казинвест” ЖШС алтын өндіретін кен орнын қолға алып, зерттеу жұмыстарын жүргізуде. Бүгінгі таңда кен басын­да әкімшілік және жұмыс­шылардың де­малу-тамақтану ғимараттары са­лынып, арнайы техникалар да шоғырлан­дырылған. Кен ба­сын­дағылар электр энергияс­ы­мен, аяқ су және ауыз сумен толықтай қамта­масыз етілген. Шиеліліктер осы бір игілікті іске зор үмітпен қарап отыр. Жоғарыда айтқандай, “Батыс Еуропа – Батыс Қытай” магис­трал­ды автожолын салуға қаты­сушы­лардың қатары күн санап көбейіп, қиыршық тас өңдеу мен асфальт зауыттары жарыса са­лы­нып жатыр. Айталық, “Каз­севавтодор” ЖШС салған асфальт зауыты іске қосылып, 100-ге жуық адамды түрлі мамандықтары бойынша жұмысқа тартпақ болса, “Са-Фари” ЖШС сағатына 200-250 тоннаға дейін асфальт өндіре алатын зауыт және қиыршық тас өңдеу зауытын салуды жоспарға енгізіп отыр. –Аграрлы ауданымыздың өнеркәсібі өркен жайған өндірісті ауданға айналуы, яғни аграрлық-индустриялық аудан болуы Елба­сы­мыздың сарабдал саяса­тының жемісі,– дейді аудан әкімі Нұр­лы­бек Нәлібаев. – “Бірлік бар жерде тір­лік бар” деп атам қазақ бекер айт­­паған ғой, шиеліліктердің ас­қа­ралы тауларға шығып келе жат­қан­дығы елдегі тұрақтылықтың арқасы. Иә, әкім айтса айтқандай, өңіріміз жыл санап емес, ай санап еңсесін тіктеп-ақ келеді. Өндірістері өркен жайып келе жатқан Шиелі ауданының келешегі мұнан да зор кемел­дене түсетініне бек сенімдеміз. Еркін ӘБІЛ, Қызылорда облысы, Шиелі ауданы. Қостанайды қуаңшылық буып тұр Биыл Қостанайды құрғақшылық құрсап тұр. Көктемнен бері  жауған жауынның қарасы мардымсыз. Мамандардың айтуына қарағанда, ылғал қажетті мөлшерден он есе кем түскен. Бұл егіннен де бұрын  жем-шөп дайындауды қиындатып тұр.  Жайылым мен шабындықтар күйіп барады.  Тырбиып  өскен  шөп шалғыға ілінбейді. Айға жуық уақытта  аудандарда 221 мың тоннадан  сәл асатын  пішен ғана жиналды. Облыста былтырдан қалған  қордың мөлшері 144 мың тонна шамасында. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы бастығының орынбасары Сергей Галаниннің айтуына қарағанда, өткен жылғы артылған қор мен биылғы дайындалған шөптің  мөлшері 365 мың тонна болды. Ал қорадағы малды қыстан қысылдырмай алып шығу үшін барлығы 765 мың тонна  шөп керек. Малдың жайын жақсы білетін шаруалар шөп аз болған жылы  сабанды артығымен жинап алады. Биыл да  соған иек артып отырған жағдай бар. Бірақ  сабан да қолға оңайлықпен тимейтін түрі бар. Себебі,  қазіргі жетілдірілген шетелдік комбаиндар бұрынғы “Енисей” сияқты аракідік дәнімен сабанды бөлек тастамайды. “Джон Дир” орған алқабында масақ түгіл   торғай шоқитын бір дән қалдырмай, сабанды талқан етіп турап кетеді. Бұл жоғары сапа көрсеткіші болғанымен, жем-шөпке зәру мал шаруашылығына онша қолайлы тиіп тұрған жоқ. –Мен шаруашылық паркін шетелдік үздік сапамен жұмыс істейтін техникалармен түгелдей алмастырып жіберуге асықпаймын. Мал болған жерде арпаның сабаны керек. Ал жаңа үлгідегі комбайндардың соңынан сабан қалмайды, бұл бізге тиімсіз. Мен бүгін  шаруашылыққа не тиімді соны ғана қанағат етемін,–деген еді Карл Маркс атындағы жауапкершілігі шектеулі серіктестік директоры Иван Вечтейн. Айтқандай, сүт ба­ғытындағы  ірі қара ұстап отырған бұл шаруашылық жыл қалай болса да  жем-шөптен қиналған емес. Іскер басшы  серіктестікпен қатар ауылдағы жеке сектордағы малдың қамын да бірге ойластырады.  Жеке сектор демекші, ауылдағы ағайын шөптің аздығынан қорадағы малдың жағдайын ойлап, алаңдап отыр. Қазір жекелер үшін  шөптің тоннасы 16-20 мың теңгеге жетті. Иван Матвеевич сияқты шаруашылықты тұтастай ұстап қалған  іскер  ұйымдастырушылар облыста баршылық. Солардың бірі Қазақстанның Еңбек Ері Сайран Бұқановтың да биылғы қысқа  жем-азық қоры жеткілікті. Ол басқаратын шаруашылық астық өсіретіндіктен аз ғана малын шөпсіз етпейді. Оның ойлайтыны ауылдастарының қамы. Жеке сектордағы мал қуаңшылық жылдары пышаққа ілінсе, таяғын ұстап қалған  ауылдағы ағайынның  тұрмысы да  тартылған көлдей нашарлай бастайды.  Сондықтан жақында  облысқа келген Премьер-Министр Кәрім  Мәсімовпен болған кездесуде малдың жем-шөбін дайындауға мемлекеттен субсидия керектігін көтерген де Сәкең болатын. Үкімет басшысы бұл мәселенің міндетті түрде қаралатындығын айтты. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА,  ҚОСТАНАЙ. 300 жаңа трактор лизингпен алынады Өткен жылдың наурыз айында “СемАЗ” ЖШС ауыл шаруашылығы техникаларын құрастыру өндірісін ұйымдастыру бағытындағы инвестжобаларды іске асыруға бағытталған конкурста жеңімпаз атанды. Биылғы жылдың басында жалпы сомасы 994 млн. теңгеден астам қаржыға 300 бірлік “Беларусь” тракторларын сатып алу жөнінде “ҚазАгроҚаржы” АҚ пен “СемАЗ” отандық мәшине жасау кәсіпорны арасында келісім-шарт жасалған. Қазірге дейін “ҚазАгро­Қар­жы” АҚ сол жаңа техниканың 175 бірлігін сатып алып республиканың шаруа­шылықтары мен агроқұрылымдарына жеткізу жұмыстарын жүзеге асыруда. Минск трактор зауытымен жасалған келісімі бойынша “СемАЗ” Семей қаласында “Беларусь” дөңгелекті трактор құрастыру өндірісін жөнге салған. “ҚазАгроҚаржы” АҚ сарапшылары жасаған зерттеулерге сәйкес 2009 жылы Қазақстанда 72 000 “Беларусь” тракторы болды. Бұл техника түрі АӨК субъектілері үшін сұранысы өте жоғары техника болып саналады. Жалпы тракторлар паркіндегі оның үлесі 46 пайыздан асады, ал өз сегментінде (1,4 класс тракторларының) “Беларусь” техникасының үлесі 91 пайызға тең. “Беларусь” тракторының артықшылығы әртүрлі агротехникалық іс-шараларда қолданылуымен қатар, коммуналдық шаруашылықта да қолданылатын әмбебап техника болып табылатындығында. “ҚазАгроҚаржы” АҚ жобаны қаржылан­дыратын ұйым ретінде кәсіпорынды лизингтік механизмдер арқылы дайын өнімді өткізу тұрғысынан қолдайды. 2010 жылдың басынан бастап, отандық лизингтік компания тракторлар сатып алумен қатар, Семей мәшине жасаушыларымен 33 пішентайлаушы сатып алуға келісім-шарт жасасты. Өткен жылы өндіріс іске қосылғаннан кейін “ҚазАгроҚаржы” АҚ 92 бірлік “Беларусь” тракторын сатып алып, лизинг алушыларға табыстады. Техника (компанияның бюджеттік бағдарламасы бойынша қаржыландырылған жағдайда) – жылдық 4 пайыз ставкамен 7 жылға дейінгі мерзімге алынған несиеге беріледі. Компанияның меншікті қаражаты есебінен қаржыландырылған жағдайда – 11,5 пайызбен 7 жылға дейін несие берілді. “ҚазАгроҚаржы” 2009 жылдан бастап еліміздің ауыл шаруашылығындағы қазіргі заманғы ірі тауарлы-сүт фермаларын, құс фабрикаларының, жылыжай шаруа­шы­лықтарының, көкөніс қоймаларының желілерін құру және дамыту, ауыл ша­руа­шылығы техникаларын құрастыру өндірістерін ұйымдастыру, жеміс-көкөніс, техникалық және майлы дақылдарды өндіруде тамшылатып суару технологиясын енгізу сияқты алты бағытта перспективалық жобаларды қаржыландырып келеді. Инвестжобалар Ұлттық қор қаражатынан 12 жылға жылдық 6 пайыз ставкамен және 2 жылға дейін негізгі борышты өтеудегі жеңілдік кезеңімен қаржыландырылады. “ҚазАгроҚаржы” АҚ-тың негізгі мақсаты ауылшаруашылық тауар өндірушілерінің қаржы қаражаттарына, лизинг негізінде ауыл шаруашылығы техникалары мен технологиялық жаб­дықтарына деген қолжетімділігін қамтамасыз ету арқылы Қазақстанның аграрлық секторын дамытуға қолдау жасау болып табылады. Акционерлік қоғам 1999 жылы ел Үкіметінің қаулысымен құрылған. 2007 жылдан бері, “ҚазАгро” ұлттық басқарушы холдингі” АҚ құрамына енген. Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ. Еселенген еңбек Нарық және халық. Осы ұғымдар өткен ғасырдың соңғы онжылдығында санамызға сыналай енді. Содан бергі уақытта жаңадан қаз тұрған Қазақстан экономикасының, халықтың әлеуметтік жағдайының өсуіне шағын және орта кәсіпкерлік пен шаруа қожалықтарының қалдырған қолтаңбасы, қосқан үлесі айтар­лықтай. Елбасының алмағайып сәтте халықты нарық талабын түсінуге шақырғаны, өз кәсібін ашқандарға жағдай жасалатынына жұртты риясыз сендіргені есте. Содан жұртшылық жұ­дырықтай жұмылды. Сөйтіп, кәсібін ашқан­дардың аз жылдарда табысқа қол жеткізетініне бүгінгі уақыт дәлел. Бүгінде табысын тасытқандар қатарында шаруа және фермер қожалықтары бар десек, өңірде олардың қатары 52283-ке жетіпті. Биыл олардың 48578-і ауыл шаруашылығын өркен­дету бағытында еңбек етсе, 80 фермер орта-ірі тауар өндірісін жолға қойған. Ал, облыстық жер қатынастары басқармасының мәліметіне сүйенсек, шаруа және фермер қожалықтарына 4586,6 мың гектар егістік алқап беріпті. Оның ішінде ауыл шаруашылығына қажетті 4541,4 мың гектар, егістік алқабы 646,2 мың, шабын­дағы 155,3 мың, жайылымы 3676 мың гектарды құрайды. Есептесек бір шаруа мен фермер қожалықтарына 88 гектардан болса, оның 12 гектары егістік, 70 гектары жайылымдық, қалғаны шабындық алқап. Аталған саладағы ауыл шаруашылығы дақылдары 584,2 мың гектар жерге орналас­тырылса, құрылымдағы ең үлкен үлес дәнді дақыл мен майбұршақ өсіруге бағытталғаны аңғарылады. Өткен жылы шаруалар 326,2 мың гектарға дәнді дақыл егіп, одан мол түсім алды. Жалпы өсімдік шаруашылығы өнімдерін сату­дан 20926,8 млн. теңге пайда түсіргенін де жақсы іс деуге болады. Қазіргі кезде өңірдегі 4348 шаруа мен фермерлер мал, құс асырап отыр. Оларда 210,5 мың ірі қара, 72,6 мың  жылқы, 1088,2 мың қой-ешкі, 109,6 мың құс өсірілуде. Мұның өзі Алматы қаласы маңындағы азық-түлік қауіпсіздігін нығайтудағы алғышарт ретінде қабылданып, аталған өнім түрлері тұтынушы талғамынан шығуда. Сондай-ақ экологиялық жағдайының таза екендігі де анық. Өңірде ауыл шаруашылығын өркендетуге түбегейлі бетбұрыс жасалып, қыраулы қысқа дайындық жалғасуда. Мал азығын дайындау мақсатында облыс бойынша 246 шөп шабатын комбайн, 2212 шөп шабатын агрегат, 1388 тырма, 541 шөп тайлағыш науқанға жұмыл­дырылған. Осылайша қыраулы қысқа қажетті 1546,5 мың тонна мал азығының бұған дейін 522,2 мың тоннасы әзірленген. Ал, 91400 гектар жоңышқа алқабы түгелдей жиналып, тайланып, мал қораларына тасылуда. Күмісжан БАЙЖАН, Алматы облысы.

Орталық мемлекеттік органдардың интернет-сайттары

Қазақстан Республикасының Үкіметі          www.government.kz Ішкі істер министрлігі       www.mvd.kz Қорғаныс министрлігі      www.mod.kz Қоршаған ортаны қорғау министрлігі         www.eco.gov.kz Білім және ғылым министрлігі     www.edu.gov.kz Сыртқы істер министрлігі   www.mfa.kz Денсаулық сақтау министрлігі      www.mz.gov.kz Көлік және коммуникация министрлігі      www.mtk.gov.kz Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі  www.enbek.gov.kz Қаржы министрлігі    www.mіnfіn.kz Әділет министрлігі    www.mіnjust.kz Төтенше жағдайлар министрлігі   www.emer.kz Мәдениет министрлігі     www.sana.gov.kz Байланыс және ақпарат министрлігі   www.bam.gov.kz Ауыл шаруашылығы министрлігі  www.mіnagrі.kz Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі   www.mіt.kz Экономикалық даму және сауда министрлігі  www.mіnplan.kz Туризм және спорт министрлігі    www.mts.gov.kz Мұнай және газ министрлігі  www.memr.gov.kz Статистика агенттігі  www.stat.kz Жер ресурстарын басқару агенттігі  www.auzr.kz