Шымкенттегі саңырау балаларға арналған №1 мектеп-интернатта екі жүздің үстінде оқушылар білім алады. Сыртқы дүниенің ың-шыңынан хабары жоқ, адамдардың қабағына жаутаңдап қалған балалар қамқорлыққа зәру.
Облыстық және Шымкент қалалық мәслихатының депутаттары жақында тағы бір сауапты істі қолға алды. Олардың бір тобы №1 мектеп-интернатқа қажетті бірталай дүниені білім ордасының басшылығына табыс етті. Қытайдың жаймабазарды бермейтін арзанқол дүниесі емес, сапасы мықты тауарлар енді қамкөңіл балаларға қуаныш сыйлап, қызмет ететін болады.
Облыстық мәслихаттың депутаты, Шымкент қалалық «Нұр Отан» партиясы филиалы төрағасының бірінші орынбасары Өмірзақ Мелдеханов бұл өзін сыйлаған әрбір азаматтың борышы екендігін айтады. Бюджет қаржысына қарап отыра беруге болмайды. Оның басқа да балалар керегіне жұмсалатын тетігі көп. Депутаттар білім ошақтарына хабар шалып, қажетті тізімдерді алып, қолдарынан келмей жатқан мәселелерді бірлесіп шешіп жатыр. Игілікті істер адам жанын ізгілікке баулиды. Ел қалаулылары осылай өнеге көрсетуде.
Бақтияр ТАЙЖАН,
«Егемен Қазақстан».
ШЫМКЕНТ.