• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
23 Шілде, 2010

Шекаралы аймақтың айшықты тірлігі

1017 рет
көрсетілді

Жазиралы Жаркент өңірі туралы әңгіме қозғалса, алдымен кең-байтақ қазақ жерінің алып та көне Қытай мемлекетімен шектес­кен шекаралы аймағы көзге елес­тейді. Бүгінде ауданымыз шекара сызығында жатқандықтан атақты Қорғас өзені арқылы көне көрші­мізбен иық тіресіп, еліміздің бас қақпасы “Қорғас” кеденімен тұ­ғыр­ланған. Қазақстан Рес­публикасы­ның Прези­ден­ті Нұрсұлтан Назар­баевтың халыққа ар­на­ған биылғы Жол­дауында ин­­дустриялдық дамудың жаңа мүмкіндіктері мен агроөнер­кәсіптік кешенді өркендетудің басым бағыттары атап көрсетілген болатын. Міне, осы тапсырма­лар­ды орындауда Панфилов ауданы­ның бүгінгі тыныс-тіршілігіне кел­сек, аудан халқы негізінен ауыл­шаруашылық өнімдерін өндірумен жүйелі шұғылданып, тұшымды тірлік кешуде. Бұл аймақ еліміздегі жүгері мен қант қызылшасының элиталық тұқымдарын өндіру бо­йынша жетекші орыннан көрініп, жыл өткен сайын агротехникалық шараларды өндіріске батыл енгізуімен де ерекшеленуде. Табиғаты мен жер жағдайы жүзімдік пен жеміс-жидектерді өсіруге қолайлы аудандағы егістік жердің 52,8 пайызын дәнді дақыл, 6,5 пайызын картоп, көкөністер мен бақшалық алқап құрайды. Нәтижесінде диқандар жыл сайын гектар берекелілігіне қол жеткізіп, тә­жірибелерін толықтыруда. Би­ыл­­ғы жылға деген межелері де үлкен. Үстіміздегі жылдың өткен 6 айында ауданда өндірілген өнім құны 2,0 млрд. теңгені құрап, біршама табысқа қол жеткізілді. Көктемде егін шаруашылығы бойынша 43 мың гектар жерге әртүрлі дақылдар егілсе, оның ішінде 20900 гектарға жүгері, 2047 гектарға бидай, 323 гектарға арпа, 1920 гектарға майлы дақылдар сіңірілген. Сондай-ақ басқа да ауылшаруашылық дақылдары қа­зіргі кезде ерекше күтімге алын­ған. Ауданда шағын және орта кәсіпкерлік саласындағы нысандар саны 7357-ге жетіп, олар 1743,3 млн. теңгенің өнімін өндіріпті. Осылайша тұтынушы талғамына сай азық-түлік түрлері дүкен сөре­леріне жол тартты. Халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту мәселесі де оң шешіліп, биылдың өзінде 7,5 мың шаршы метр тұрғын үй салынып, пайдалануға берілді. Сонымен қатар, “Жол картасы” бағдарламасы бойынша елді мекендерде ауқымды істер жүзеге асырылып, жол жөнделіп, басқа да нысандардың құрылысы басталып кетті. Жазиралы Жаркент өңірі туралы әңгіме қозғалса, алдымен кең-байтақ қазақ жерінің алып та көне Қытай мемлекетімен шектес­кен шекаралы аймағы көзге елес­тейді. Бүгінде ауданымыз шекара сызығында жатқандықтан атақты Қорғас өзені арқылы көне көрші­мізбен иық тіресіп, еліміздің бас қақпасы “Қорғас” кеденімен тұ­ғыр­ланған. Бұл ретте шекаралық өңірдің ел экономикасының да­муындағы орны да ерекше деуге болады. Ел тәуелсіздігін сақтаудағы Алаш ұрпағының бірлігін айқын­дайтын Орбұлақ шайқасының 350 жылдығын Панфилов ауданының халқы 1993 жылы республика деңгейінде лайықта атап өткені ел есінде. Шекаралы аймақ шежіресі ұрпаққа ұлағат болар бабалар ер­лігімен өрілген. Көксу ойпа­тын­дағы қазақ, қалмақ қолдары то­қайласқан қырғын ұрыста қал­мақтың Мұқыры атты қолбас­шасын жекпе-жекте жеңіп, қазақ қолының мерейін үстем еткен Бағай батыр да жаркенттіктердің мақтанышы. От ауыз, орақ тілді Суан, Сатай, Аралбай, Бөлек, Ұзақ батырлар, Қожбанбет, Қараменде, Шәнті, Дөнен, Баян сынды елдің бірлігі мен тағдырын ойлаған біртуар азаматтар бұл жерден көптеп шыққан. Кіші Жетісу аталған Панфилов ауданының тарихы осындай тереңнен сыр шертеді және бүгінгі ұрпаққа ұлағат жайттарға толы. Кеңес өкіметі орнағаннан ауыл шаруашылығын, жалпы өндіріс нысандарын ұжымдастыру науқа­ны басталған кезеңде Жаркент уезі жойылып, Қазақ АКСР Орталық Атқару комитеті мен Халық ко­миссарлары кеңесінің 1928 жылғы 17 қаңтардағы қаулысымен Қор­ғас, Ақтам, Жаркент болыстық­та­рынан Жаркент ауданы құрылып, Алматы округіне бағындырылып­ты. Сөйтіп, Шолақ ауылынан бас­тап Қорғас ауылына дейінгі аймақ Жаркент ауданы, Басқұншы ауылынан бастап тау бөктерлей орналасқан Шежін, Бұрхан, Қызылеспе, Ақжазық, Қоңырөлең, Басши ауылдары Октябрь ауданына топтасып, орталығы Көктал ауылы болып белгіленді. Жаркент ауданына Ұлы Отан соғысы кезеңінде, дәлірек айтсақ, 1942 жылғы 7 мамырда Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының шешімімен генерал-майор И.Пан­филов есімі беріліп, орталығы Жаркент қаласы да тарихи атауы­нан айырылып, генерал есіміне көшіп, 1944 жылы 15 наурызда Талдықорған облысы құрылғанда, Панфилов ауданы осы жаңа әкімшілік орталыққа қаратылған. Панфилов ауданының құрамына 1949 жылы Басқұншы, Бірлік, Интифак, Нағарашы, Орта, Труд-Пахталық, Сарыбел, Садыр, Тал­ды, Түп, Қорғас, Қонақай, Шо­лақай ауылдық кеңестері енді. Ал, 1956 жылғы 27 ақпандағы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің шеші­мімен Октябрь ауданы тара­тыл­ғанда, оған қарасты Басши, Бу­рақожыр, Қоңырөлең, Көктал, Ор­талық, Шежін ауылдық кеңес­тері де осы ауданға қосылғанын да өткен дерек пен дәйек нақты­лайды. Отан үшін от кешкен отты жылдар парағына да аудан халқы өз ерлігін жазыпты. Ұлы Отан соғысына қатысқан жаркенттік жауынгерлер арасында Х.Көбіков, Н. Иванов, Қ. Тышқанбаев, И.Қа­ратаев, Т.Хмылев, С.Лутфулин, А.Пашенко, П.Парасенков сынды 8 ержүрек азамат Кеңес Одағы­ның Батыры атағын иеленсе, соғыс жылдарында жылқышы Беркімбай Сайназаров, шопан Айтбала Абдановалар еселі еңбек­терінің нәтижесінде Еңбек Ері ата­ғын алып, тылдағы жанқияр­лықтың үлгісін танытыпты. Табиғаты әсем, топырағы құ­нарлы, халқы бауырмал Жаркент өңірінде ел мақтанышына ай­налған аза­маттар аз емес. Тума та­­лантымен қазақ кә­сіп­қой көр­кем­сурет өнері­нің атасы атанған, Ха­лық су­рет­шісі Әбілхан Қастеев, Жеті­судың бұлбұлы, сазгер Дәнеш Рақышев, елге танымал қаламгер Бексұлтан Нұржекеев, тағы басқа да өнер қайраткерлері ел мақтанышы. Осы жердің тү­лектері арасында мемлекет қай­раткерлері қан­шама. Олардың алдында қоғам қайраткері, сенатор Қуаныш Сұлтанов тұр. Қазақстан Рес­публикасы Пар­ламенті Мәжі­лісінің депутаты Рамазан Сар­пеков, кәсіподақ қайраткері Мырзағали Мол­дахметов, Қазақ­стан Суретшілер одағының төрағасы Байтұрсын Өмірбеков, халыққа адал қызмет етіп жүрген атпал азаматтар деуге болады. Ұлы Отан соғысынан кейінгі Жаркент халқының тыныс-тір­шілігі егіншілікпен, мал шаруа­шылығымен тығыз байланыста дамып келеді. Ежелден жер төсін еміп, маңдай терімен абырой, байлығы артқан Қарақойын жұр­ты соңғы жарты ғасыр бары­сында жүгері дақылын өсіріп, одан мол өнім жинауға әбден маманданған. Жаркенттің жері мен халқын Отаным, елім деп бауыр басып, бойындағы бар ақыл, парасатын, күш-жігерін осы өңірдің гүлденуіне жұмсаған ұжымшар бастығы, ұлты поляк Николай Никитич Головацкий екі мәрте Еңбек Ері атанды. Қарапайым жүгерішілер Күләш Айтжанова, Адалат Зайнав­ди­нова, Әлімжан Бақтаев, Әбіл­мәжін Қасымбеков, Мариям Ниязова адал еңбектерімен кеу­делеріне Алтын жұлдыз тақты. Жүздеген жүгерішілер мен мал­шылар сол кездегі Одақтың ордендері мен медальдарына ие болып, ауылдастарының құрме­тіне бөленгені бүгінгі ұрпаққа өнеге. Сондықтан болар бүгінгі ел өміріндегі өрелі істерге үлес қосқан жұртшылық Жолдау жолдарындағы айтылғандарды іс жүзіне асыруға ұмтылуда. Ермек КЕЛЕМСЕЙІТ, Панфилов ауданының әкімі. Алматы облысы.