• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
21 Мамыр, 2015

Петропавл саяжайшыларын сапасыз жол діңкелетіп тұр

252 рет
көрсетілді

ПЕТРОПАВЛ. 21 мамыр. Мамыр-көкөніс пен жеміс-жидек отырғызудың ең қолайлы мерзімі саналғанымен, петропавлдық тұрғындардың саяжайларға жетуі бір мұң болып отыр. Бұл туралы egemen тілшісі хабарлайды. Саяжайлардағы қарбалас тірлік басталмай жатып жолдың сапасыздығына шағымданған зейнеткерлер алдымен дабыл қақты. Әсіресе, жауын-шашынды күндері саяжайлар орналасқан жер телімдері езіліп, көлік түгіл адамдардың өздері батпақтап қалатын жайттар жиі кездеседі. Шенеуніктер болса, саяжай тұрмақ қала ішіндегі тас жолдарды жөндеуге қаржы тапшы деп қол қусырады. «Солнечная» ықшамауданы бағытындағы 800-ге жуық саяжай иелерінің көрген күні осы. «Адамның өңі түгіл түсіне енбейтін мынандай ойлы-шұңқырлы, кедір-бұдырлы жолдармен жүру еш мүмкін емес. Саяжайға жете алмай діңкелеп жүрміз. Жолдың нашарлығынан аптасына екі рет қатынайтын автобус та жүрісін доғарған.  Ойдым- ойдым жолдың кесірінен апатқа ұшырай жаздаған. Соның салдарынан әжелер мен көлігі жоқтар қаланың соңғы аялдамасынан түсіп, саяжайларға дейін 3-4 шақырым жаяу-жалпылап жүргені», дейді тұрғындар. Саяжайшылар мұңдарын шағып,қалалық әкімдіктің есігін тоздырғанымен, ондағылар ауыздарын қу шөппен сүртіп отыр. Биыл жергілікті қазынадан саяжайларға көк тиын қарастырылмағанын алға тартады. Тек 18 көшенің шұңқырларын жамауға шамалы қаражат бөлінсе керек. Қалалық саяжайшылар қоғамының төрағасы Виктор Малинко саяжайларға жарық, су тартып, күзетті күшейтуге 21 миллион сұралғанымен, ақшаның бөлінуі екіталай дейді. Өйткені, қала бюджеті айтарлықтай қысқарған. Шенділер ақша артылса, саяжайларға апаратын жолдарды жөндейміз деп емексіткенімен, құрғақ уәдеге әбден тойған саяжайшылардың сенгісі жоқ. Өмір Есқали. Дерек, сурет: egemen.kz.