АСТАНА. 27 тамыз. Бүгін Алматыда жергілікті «Қайрат» командасы Еуропа лигасы плей-офф кезеңінің қарымта матчын француздың «Бордосымен» өткізіп, 2:1 есебімен жеңіске жетті. Бірақ бұл есеп оны топтық кезеңге шығара алмады. Бұл туралы ras.kz хабарлады.
Екі команданың бұдан бір апта бұрын Бордода кездескенде, матч 1:0 есебімен алаң иелерінің пайдасына шешілген еді. Қонақтардың бұл жолы сырт алаңда соққан бір добы оларды келесі кезеңге алып шықты.
«Қайрат» (Алматы, Қазақстан) – «Бордо» (Бордо, Франция) 2:1 (1:0)
27 тамыз. Алматы. Орталық стадион. 26 242 көрермен.
Төрешілер: Бас Нейсхейс, Роб ван де Ван, Харлес Схап (бәрі – Нидерланд).
«Қайрат»: Владимир Плотников, Бруно Соарес, Жарко Маркович, Ермек Қуантаев (Жамбыл Көкеев, 87), Исламбек Қуат, Михаил Бакаев, Бауыржан Исламхан (Джордже Деспотович, 82), Исаэл, Анатолий Тимощук, Жерар Гоу, Сито Риера.
«Бордо»: Жером Приор, Николя Паллуа, Седрик Ямбере, Максим Пундж, Фредерик Гильберт, Абду Траоре (Давид Симбасса, 69), Андре Бийого Поко, Вахби Хазри, Диего Ролан (Энцо Кривелли, 69), Анри Севе, Исаак Телин.
Голдар: Седрик Ямбере 1 (автогол), Исламбек Қуат 66, Энцо Кривелли 77
Ескертулер: Анатолий Тимощук 38 – Абду Траоре 21, Вахби Хазри 39, Садрик Ямбере 64, Энцо Кривелли 85
Бірінші ойын – 0:1.
Алматылықтар ойын басталар-басталмастан өзіндік бір рекорд жасады. Олар матчтың 44-секундында есеп ашты. Дәлірегі, қақпа алаңындағы Жерар Гоудан сақтанған қорғаушы Седрик Ямбере допты алаң сыртына жібермекші болып тепкен кезінде, оны тордан бір-ақ шығарып алды. Ал допты мұнда сол қапталдан Сито Риера тастаған еді.
Алаң иелері бұдан кейін де бірнеше қауіпті жорықтар ұйымдастырды. Бірақ олардан нәтиже шығарудың ыңғайы келмеді. Мұның орнына бірте-бірте «Бордо» ойын тізгінін өз қолына ұстай бастады. Осы дүмпумен француздар бірнеше рет шабуыл да ұйымдастырып көрді. Бұл аралықта қайраттықтар да қарап қалмады.
Матчтың екінші бөлігі меймандардың шабуылымен басталды. Олардың әрекеттері барған сайын қауіпті бола түсті. Бірақ голды тағы да алматылықтар салып кетті. Оны Исаэлдің берген айып добына жұрттың бәрінен бұрын аяғын төсеп үлгерген Исламбек Қуат салды. Осылайша 2:0 есебімен алға шыққан «Қайрат» үміттің отын бұрынғыдан бетер үрлей түсті. Алайда, арада 11 минут өткеннен кейін қонақтар бұл үміттің талқанын шығарды. Қақпа алдындағы қарбалас сәтінде өкшесімен допты сырғыта салған Энцо Кривелли оны қақпа торынан бір-ақ шығарды. Бұдан кейін алматылықтардың жағдайды түзеу үшін жасаған әрекеттері жүзеге аспады.
Осылайша екі ойынның қорытындысымен француз клубы келесі кезеңге жолдама алды.
Талғат Райымбек.
https://youtu.be/Q9qlpMFz6Sc