• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
28 Тамыз, 2015

Үндістердің этномузыкалық тобы

500 рет
көрсетілді

Қызылжар өңіріне келіп қызықты концерт қойды Петропавлдықтар Оңтүстік Американы мекен еткен үндіс тайпаларының бірі кичуа екенін Эквадор Республикасынан келген «Қандас бауырлар» этномузыкалық тобының мүшелерінен естіп білді. Оның құрамында көптен бері өнер көрсетіп келе жатқан Альберто Маралис Чиса және Эрнесто Агилар есімді талантты әншілер жүрген жерлерінде кичуа үндістерінің музыкасын талмай насихаттап, өнерде шекара болмайтынын ұқтыруды дәстүрге айналдырыпты. Қызылжар өңірінде де ұлттық аспаптарда нәшіне келтіре ойнап, тамылжыта ән шырқап, көрермендерін риза етті. – Шығармашылық топты «Қандас бауырлар» деп атауымызда үлкен мән бар. Ондағы мақсат–ата-баба мекенінен еріксіз қуылып, резервацияға ұшыраған үндістердің салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, тілін, мәдениетін паш ету, дейді әншілер. Эквадор Республикасының Отавало астанасынан шығып, әлемді шарлап келе жатқан көңілді жігіттер облыс орталығында бірнеше күн аялдап, қызықты концерттік бағдарламалар ұсынды. Ұлттық киімдері бойларына жарасып, сампония, пана, кена секілді ұлттық аспаптарда құйқылжыта ойнады. Күнделікті нәпақалары мен жол шығындарын өтеу үшін өздерімен ала келген экзотикалық бұйымдар мен күйтабақтарды саудалады. Көбіне «мархабат», «рахмет» сөздерін жиі қолданып, ыстық ықыластары мен ризалық сезімдерін білдіріп жатты. Әншілер қоштасарда Қазақ­станның, тұрғындардың қатты ұнағанын, дәмді етіп әзірлеген тағамдарын сүйсіне жегендерін қайта-қайта айтып, алғыстарын жаудырды. Өмір ЕСҚАЛИ, «Егемен Қазақстан». Солтүстік Қазақстан облысы.