Қоғамда қайырымдылық қағидасын насихаттау ниетімен жыл сайын тапсырылатын ұлттық «Алтын жүрек» сыйлығы биыл тоғызыншы мәрте ұйымдастырылып отыр. Осы орайда жобаны ұйымдастырушылар Алматыдағы Қазақстан баспасөз клубында журналистермен кездесті.
– «Алтын жүрек» сыйлығын тапсыруды алғаш қолға алған кезімізде еліміз бойынша 90 адамнан ғана өтініш түскен еді. Былтыр сыйлыққа ұсынушылар саны 200-ге жетсе, биыл бізге 10 күннің ішінде ұсынылған үміткерлер саны 100-ден асып отыр. Біздің қоғамда шіріген байлар емес, қарапайым адамдар қайырымдылықпен тұрақты түрде айналысатындығын да біздегі көрсеткіштен байқауға болады, – дейді «Бауыржан» қайырымдылық қорының президенті Жұлдыз Омарбекова.
«Алтын жүрек» ұлттық қоғамдық сыйлығы 2007 жылы меценаттық және қайырымдылық идеяларын насихаттау мақсатында «Бауыржан» қайырымдылық қорының бастамасымен тағайындалған болатын. Осы уақыт аралығында елімізде сан мыңдаған қайырымдылық істер атқарылып, қоғамда бауырмалдық пен игі шаралар атқару ниеті едәуір артты. Аталмыш сыйлық тапсырыла бастаған кезден бері 100-ден аса мектеп, 300 спорт және ойын алаңдары, 70 балалар бақшасы бой көтеріп, он мыңдай адамның өмірі құтқарылды.
«Алтын жүрек» ұлттық-қоғамдық қайырымдылық сыйлығы «Жетім балаларға көрсеткен қамқорлығы үшін», «Білімге қолдау көрсеткені үшін», «Мүгедек жандарға көрсеткен қамқорлығы үшін», «Ақпараттық қолдаушы», «Қазақстанның өркендеуіне қосқан үлесі үшін», «Жыл меценаты» секілді 11 номинациядан тұрады. Биылғы жобаға өтініш қабылдау уақыты тамыз айының басынан қыркүйек айына дейін жүргізіліп, сыйлықтарды салтанатты түрде тапсыру рәсімі қазан айында Алматы қаласында өтеді.
Қанат ЕСКЕНДІР,
«Егемен Қазақстан».
АЛМАТЫ.