Қазақ киносының қатары тағы бір тың дүниемен толықты. Әлемнің өзге елдерімен бәсекелесіп, рухани бірлігі мен экономикалық қабілеті күннен күнге қарыштап дамып келе жатқан елордамыз – Астананың бүгінгі жарқын келбетін көркем кино тілімен суреттеген Л.Ақынжанованың сценарийі негізінде режиссер Е.Шынарбаев түсірген “Астана – махаббатым менің” киносериалы көрерменмен қауышты. Заманауи бәсекелестікке қабілетті, көрермен көңілін өзіне аудара алатын фильм тың ізденістерге құрылған. Кинотуынды айналамыздағы адамдар әлемінің әшекейсіз бет-бейнесін әсерлі суреттеген. Ондағы әрбір кейіпкер біздің замандасымыз, біздің тұстасымыз, тіпті мына біздің әрқайсымыздың көркем образымыз десек те болады.
Телегей ойға жетелейтін мұндай дүниені бастау, бастаған соң сол істі соңына дейін жеткізу әрі ел ықыласына бөлену кез келген өнер иесінің қолынан келе бермес еңбек. Ал Е.Шынарбаев болса бұл үдеден шыға білді. Мақсат орындалды. Ел игілігіне жарайтын дүниені тудырды.
Мен негізінен ойынды фильм режиссерімін. Осы уақытқа дейін авторлық фильмдер түсіріп келдім. Дегенмен, телесериалдың әрбір түсірілімінен де мол ләззәт аламын. Арт-хаустық фильмде ойдан суырып салу арқылы жаңа кино тілі қалыптасады. Ал телесериал түсіру алдын-ала жасалған жоспар бойынша жүзеге асырылады. “Астана – махаббатым менің” – Қазақстандағы бүгінгі таңдағы құны жоғары, әрі жоғары кәсіби деңгейде жасалған дүние, – дейді ол.
Туындының алғашқы кадрынан бастап көрерменді бір деммен ұстап отыруы режиссердің қажыр-қайратының қарымын айқындайды. Әр сериясы аяқтала салысымен көрермен ықыласы кезекті жалғасын асыға күтеді десем, бұл сөзімді бүгінгі таңда өзіміздің отандық дүниелерімізге сусап отырған жұртшылықтың “Астана – махаббатым менің” киносериалын көріп жатқандығы дәлелдейді.
Әрине, бұндай үдеден шығуда фильмнің әуенін жазған Ақтоты Райымқұлованың да сіңірген еңбегі аз емес. Сырлы сағыныш пен құштарлық лебі есетін әрлі әуен қала сәулетімен біте қайнасып, полифониялық гармониясын тапқан. Ол туралы композитордың өзі былай дейді:
Бұл жобаға қатысу туралы ұсыныс Ермек Шынарбаевтан және “Евразия Продакшн” продюсерлік орталығынан түсті. Алғашқыда түрлі ой-толғаныстар аз болмады. Бастапқыда әр серияға арнайы ән жазармыз деп ойлаған едік, алайда, көпшілікке танымал болып, фильмнің жалпы сарынын сақтайтын бір ғана әуеннің қалғанын қаладық. Инструментальды дүниені қажет еттік, себебі, бұл әуен фильмнің бойтұмарына айналып, қай жерде тыңдасаңыз да, ойыңызға бірден осы телехикая оралса деген ойда болдық. Міне, осы ойымызға жеттік деп есептеймін.
Кинотуындыдағы кейіпкерлер галереясы үлкен ізденістің, ыждаһаттылықтың, адам жанын терең тани білудің арқасында жарыққа шыққандығын оның әрбір деталынан анық аңғаруға болады. Мысалы, шетелдегі оқуын тәмамдап, туған еліне оралған бас кейіпкердің бірі Ерлан алғашқы көріністердің бірінде-ақ өзінің бірге оқыған досы Абзалдың әпкесін көрген бойда “Мен сізді бұрын да бір көрген секілдімін! Сіз телеарналардың бірінде қызмет атқармаушы ма едіңіз? ” деп аңғал да, ашық көңілін байқатады. Алайда, ақкөңіл жігіттің маңдайына жазылған тағдыр сыйы бұралаңы мен бұлтарысы көп өмір соқпағы екен. Бірде ол арман қаланың әсем көшелерін аралап келе жатып, аяқ астынан рөлде отырған досының кесірінен автокөлік апатына ұшырайды. Нәтижесінде, жаланың бәрі мойнына ілініп, он бір ай мерзім көлемінде абақтыға жабылады. Алайда, Абзалдың әпкесінің көмегінің арқасында бостандыққа шығады. Көмек қолын созған келіншектің бар мақсаты – білімді, білікті, сымбатына ақылы сай жігіттің көңілін өзіне аударып алу еді. Бірақ ұстанымы берік, жаны таза жігіт есебі түгел сұлудың еркіне көніңкіремейді. Ниетіне амалы сай келіп, Інжу атты сүйріктей арумен әуежайда кездеседі. Бұл жай ғана кездесу емес-тұғын. Бұл кездесу бірнеше тағдырдың тірлігіне тосын жаңалық пен жаңғыртулар енгізген, қилы хикаяларға өзек болатын оқиғалардың себебі-тін.
Қазақстан мен Түркия бірлесіп жасаған бұл дүниені түсіруге екі елдің де әртістері қатысқан. Алғашқы минуттардан-ақ екі ел актерлерінің шеберлігі көзге ұрады. Көрерменін баураған бұл есімдер тобында – Жанна Қуанышева, Гүлнар Досматова, Баян Есентаева, Әділ Ахметов, Дастан Оразбеков, Бахар Акча, Эрман Бурмали, Эрдал Джиндоруктар бар. Әрқайсысының есімі халыққа етене таныс кино майталмандары аталмыш туынды арқылы тағы да бір рет сүйікті көрермендерімен кеңінен қауышты. Олардың 80 пайызы Қазақстан жағынан болса, 20 пайызы Түркия тарапынан тартылған. Оған елімізден де, түрік елінен де ең мықты шығармашылық топтар мен кәсіби мамандар жұмыс істеген.
Фильмге таңдап алынған түсіру аймақтары да бірден көз тартып, әсем үйлесімділікпен жарқын жарасым тапқан. Бірқатар сюжеттер Анкарада, Ыстамбұлда, Мәрмәр теңізінің жағасында, Астанада түсірілген. Сондай-ақ фильмде көрініс тапқан зәулім ғимараттар мен көкке шапшыған су бұрқақтары, т.б. көркем көріністер Астананың дамыған келбетін, бейбіт елдің баянды болашағын әйгілеп тұрғандай. Бірақ, фильмді жарыққа шығарған шығармашылық топ еркін қиялдың, көркем шындықтың кеңістігінен шығандап кетпеген. Әрсіз әсірелеу, пайымсыз пафосқа мүлде жол бермеген. Бәрі де табиғи таза қалпында суреттелген. Түйіп айтқанда, көрерменнің бір деммен “Астана – махаббатым менің” деген ыстық ықыласын тудыратындай...
Айнагүл АДАМБЕКОВА, Астана.