Әлем назарын өзіне аударған дәстүрлі Астана экономикалық форумы елордада сегізінші мәрте өтіп жатыр. Аталған жаһандық үнқатысу алаңына дүниенің түкпір-түкпірінен түрлі халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысуда. Ал олар Қазақстанның қазіргі әлемдік саяси-экономикалық ахуалын айрықша атап, бағындырған белесін жоғары бағалап отыр. Солардың бірі – БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының (ФAO) Бас директоры Жозе ГРАЦИАНА да СИЛЬВА. Біз Жозе Грацианамен форум қарсаңында жолығып, әңгімелескен едік. Ол өзі басқарып отырған әйгілі халықаралық ұйым мен Қазақстан арасындағы байланыстың маңыздылығын айтып берді.
– Жозе Грациана мырза, ФAO және Қазақстан арасындағы ынтымақтастыққа қандай баға берер едіңіз?
– Қазақстан 1997 жылдан бері ФAO мүшесі болып табылады. Сол кезден бері ФAO өзінің жауапкершілігі аясында бірқатар салаларда көмегін ұсынып келеді. Ал Астана қаласында ФAO кеңсесінің ашылуы ұйым тарапынан ауыл шаруашылығындағы ұлттық даму бағдарламаларына қолдау көрсетуді жеңілдетіп, ФAO тәжірибесі мен қызметтерін Қазақстанға пайдалануға жағдай жасайтын болады.
Қазіргі таңда ынтымақтастықтың басты мәселелері тиімді басқару, мал індетін, оның ішінде, аусыл ауруын бақылау, жануарлардың генетикалық ресурстарын қадағалау, орманды алқаптарды ұлғайту, ормандағы биоалуандықты дамыту және орман ресурстарын тиімді басқару бағыттарында шоғырланады. ФAO-ның Қазақстанға қатысты бағдарламасының шеңберінде, сонымен бірге, азық-түлік қауіпсіздігі, органикалық тағам өндірісі, жер және су ресурстарын тиімді басқару, балық аулау, ауыл шаруашылығы саласындағы статистика үшін қолданылатын ақпараттық технологиялар мәселелері қарастырылады.
1997 жылдан бері ФAO Бүкіләлемдік банк пен Еуропалық банк тарапынан қаржыланатын жалпы құны 740 млн. АҚШ долларына тең болатын жобаларды әзірлеуге қатысып келді, бұл көмек үкіметке ауыл шаруашылығының бәсекелестігін көтеруге, су және жер басқаруын жақсартуға, ауыл шаруашылығын дамытуға және орманды алқаптарды қалпына келтіруге инвестиция жасауға жағдай жасады.
– Ал Қазақстанның жаһандық азық-түлік қауіпсіздігіне қосар үлесі қандай?
– Бидайдың негізгі экспорттаушыларының бірі ретінде Қазақстан аймақтағы азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде негізгі рөлді атқарып келеді. Бидайдың негізгі бөлігі дәстүрлі түрде Әзербайжанға, Қырғызстанға, Тәжікстанға, Өзбекстанға және Ауғанстанға экспортталады. Қазақстан қазірде әлемдік азық-түлік нарықтарына азық экспорттауда маңызды рөл ойнай алады.
Қазақстан ФAO ұйымымен Ауыл шаруашылығы рыногының ақпараттық жүйесі аясында ынтымақтастық жүргізіп келеді. Бұған Қазақстанның белсенді қатысуы Ауыл шаруашылығы рыногының ақпараттық жүйесінде нарық транспаренттілігін жақсартып, әлемдегі азық-түлік қауіпсіздігін дамытуға үлесін қосады.
Қазақстан сонымен қатар Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының өңірлік үйлестіру орталығының ұйымдастыруымен азық-түлік қауіпсіздігінің өңірлік бағдарламасына қатысып келеді. Бұл бағдарлама ЭЫДҰ-ға мүше мемлекеттерде ауылшаруашылық өндірісін және өнімділігін жақсарту мен азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жасалған болатын.
– Бұл ынтымақтастықтың басым бағыттары қандай? ФAO бұл әріптестіктен не күтеді? ФAO-ның Қазақстандағы жаңа кеңсесінің рөлі қандай болмақ?
– Кейінгі жылдары Қазақстан елеулі түрде дамып, орта табысты мемлекетке және Орталық Азиядағы маңызды экономикалардың біріне айналды. Ауыл шаруашылығы Қазақстан Үкіметі тарапынан мықты қолдауға ие болып келді. Республика Мыңжылдық дамуының алғашқы мақсатына жете білді, сондықтан азық жетіспейтіндер көлемі небәрі 5 пайызға теңеледі – бұл статистикалық тұрғыдан мардымсыз, дабыл қағатындай көрсеткіш емес.
Қазақстан көшбасшылық танытып, өңірдегі басқа мемлекеттерге үлгі болардай жағдайға келді, ал ФAO бұл үрдісті жаңа өкілдік кеңсесі арқылы қолдауға дайын. Біз Қазақстанға өзінің ұлттық дамуындағы мақсаттарына жету үшін техникалық қолдау көрсетуді жалғастырамыз, сонымен бірге, біз Қазақстан арқылы өңірдегі басқа да мемлекеттермен ынтымақтастықты дамыту үшін негіз салуға әзірміз. Қазақстан басқа мемлекеттермен тығыз жұмыс жасай отырып, өңірлік азық-түлік банкін құру мәселесінде көшбасшылыққа ие болды.
– Сіз жақында ФAO конференциясының 39-сессиясында ұйымның Бас директоры қызметіне екінші рет ұсынылатын боласыз. Қазақстан сіздің кандидатураңызды әуел бастан қолдап келеді. Сіздің жаңа қызмет мерзіміне қатысты басым бағыттарыңыз қандай болмақ?
– Қазақстан ФAO қызметін белсенді түрде қолдап келеді. Мен Қазақстан Үкіметіне ұйымға сенім артқаны үшін және менің бірінші қызметім кезінде көрсеткен қолдауы үшін алғысымды білдіремін. 2012 жылдан бері біз ұйымды мүше-мемлекеттер үшін пайдалы болар дәрежеге жеткіздік. Біз тиімді, нәтижелі қызмет құра отырып, азық-түлік қауіпсіздігі, ауылды жерлердегі кедейшілікті азайту және азық-түлік нарықтарын дамыту мәселесіне көбірек басымдық бердік. Бұл салалар біздің жұмысымыздағы басым бағыттар болып қала бермек. Біз сонымен қатар, дұрыс тамақтану мен климат өзгерісі мәселелеріне қолдауымызды ұлғайтқымыз келеді. Иә, 2015 жыл маңызды жыл болмақ. Бұл кезеңде Мыңжылдық даму мақсаттарының мерзімі аяқталып, Қалыпты даму мақсаттарының мерзімі басталады. 2015 жылы ФAO өзінің 70 жылдығын атап өтеді. Өткен 70 жылдық мерзімінде ФAO әлемдегі ауылшаруашылық өнімінің артуына елеулі үлесін қосты. Қазір біз аштықты жойғымыз келеді. Әлемдік қауымдастық бұл мақсатты жүзеге асыруға дайын сияқты.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен Динара БІТІКОВА,
«Егемен Қазақстан».