• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
22 Мамыр, 2015

«Көшпенділер шайқасы – 5»

379 рет
көрсетілді

Орталық коммуникациялар қызметінде Аралас жекпе-жек күресі (АЖК) Федерациясының жетекшілері және АЖК бойынша ұлттық құрама командасының мүшелерінің қатысуымен аралас жекпе-жек турнирінің баспасөз конференциясы өтті. Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған шара аясында өткізілетін айтулы дода 3 шілдеде, қала күні қарсаңында ұйымдастырылмақ. ТМД деңгейіндегі АЖК-нің кіл мықты спортшыларын жинайтын турнир тақырыбы – «Көшпенділер шайқасы – 5».

Аралас күрес жекпе-жегінің құрамына джиу-джитсу, грек-рим күресі, еркін күрес, дзюдо, самбо сынды классикалық күрес түрлерімен қоса, бокс, тайбокс және кикбоксинг сынды елеулі ережесі бар спорт түрлері жатады. Тарихи тамырын мыңжылдықтардан алатын осы спорттың біздің елде жүйелі дамып жатқанына біраз болды. Дегенмен, Федерацияның табанды еңбегінің арқасында 2013 жылы ғана аралас күрес жекпе-жегі ресми спорт түрі ретінде Қазақстан Республикасындағы спорт түрлерінің мемлекеттік тізіміне енді. АЖК бойын­ша еліміздің ұлттық құрама командасы халықаралық деңгейде мойындалған, әлемдік рейтингте Ресейге ғана жол береді. Спорт жарысының Қазақ хандығының 550 жыл­дығына қатысы жайлы айтқан Қазақстандағы АЖК Федерациясының құрметті президенті Ерлан Қарин: «Айтулы шараға орай өткізіліп жатқан мәдени шаралармен қоса, осы спорттық жарысты өткізудегі басты мақсатымыз – спортшыларымыздың еңсесін көтеріп, оларға қолдау білдіру. Азия құрлығында аралас жекпе-жек күресін ұйымдастырудан Қазақстан жетекші орында келеді. Осыны пайдалана отырып, біз 2017 жылы ЭКСПО-2017 көрмесі аясында АЖК бойынша әлем чемпионатын Астанада өткізетін болдық, бұл біз үшін үлкен сенім, абырой», деді. Ал, Қазақстандағы АЖК Федерациясының президенті Анатолий Ким аралас жекпе-жек күресінің еліміздегі тарихына қысқаша тоқталып, басты тартыс Сергей Харитонов пен Кенни Гарнер арасында өтетінін хабарлады. Айта кету керек, бұл спортшылардың кездесуі матч-реванш есебінде болады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, алдағы уақытта осы спорт түрі жайлы промо-роликтер мен фильмдер түсіру жоспарлануда. АЖК бойынша ұлттық құраманың бас тренері Баян Жанғалиев бастаған біздің шымыр жігіттер әуесқой және кәсіби турнирлерде толайым табыстарға жетіп жүр. Бас бапкердің айтуынша, ұлттық құрама алдағы уақытта Тәжікстанда өтетін Азия чемпионатына қатысуға қызу дайындалуда.

Құндыз ЕРАЛЫ. АСТАНА.