ӨСКЕМЕН. 28 тамыз. Ресей Федерациясынан «Алтай жастары» халықаралық лагеріне келген қонақтар өздерінің әсерлерімен бөлісті. Бұл туралы egemen.kz хабарлады.
Екі күн бойы ресейлік жастар қазақ халқының салт-дәстүрі мен мәдениетімен жақын танысады. Аталған шараға Ресейдің Алтай аймағы мен еліміздің Шығыс өңіріндегі жоғары оқу орындарынан 50-ге жуық адам қатысуда.
«Біздің басты мақсатымыз – тәжірибе алмасу, қазақ халқының ұлттық мәдениетімен жете танысу, ең бастысы, көрші елмен достық байланыс орнату. Сондай-ақ біз, Шығыс Қазақстан облысының жастарын өзімізге қонаққа шақырғымыз келеді. Біздің мемлекеттеріміз ұзақ жылдар бойы барлық салада әріптестік қарым-қатынасты үзген емес. Сондықтан, екі елдің тұрғындары тығыз байланыста болуымыз қажет. Ал қазір біз шығыс мәдениетінің ғажап үлгілерін көріп, тамсанудамыз», – деді Ресейдің Алтай аймағынан келген Анна Лазатова.
Лагерде жастар түрлі семинарларға, жастар саясаты бойынша өзекті мәселелер қозғалатын сұхбат алаңдарына, «Fort Boyard» форматындағы спорттық-зияткерлік ойындарға, «Холи» бояу фестиваліне және ұлттық ойындар мен өзге де шараларға қатысады. Аталған бағдарлама өскелең ұрпақ арасындағы этникааралық қарым-қатынасты нығайтуға септігін тигізбек.
Думан Анаш.
Дерек, сурет: egemen.kz.