АСТАНА. 28 тамыз. Мемлекет басшысы Астанаға ресми сапармен келген Сербия Республикасының президенті Томислав Николичпен кездесті. Бұл туралы akorda.kz хабарлады.
Кездесу барысында сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық салалардағы екіжақты қарым-қатынас мәселелері талқыланды. Екі ел көшбасшылары халықаралық күн тәртібіне де қатысты пікір алмасты.
Елбасы Қазақстанның Сербия Республикасымен сындарлы қарым-қатынасты дамытуға мүдделі екенін атап өтті.
«Қарым-қатынастарымызға тың серпін бере аламыз деп санаймын. Бүгін бизнес-форум өтеді, онда елдеріміздің іскер топтары өзара тығыз байланыстарды жолға қоя алады», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Т.Николич Қазақстанға шақырғаны үшін Нұрсұлтан Назарбаевқа алғыс білдірді және Астананың ауқымды даму қарқыны өзін тәнті еткенін айтты.
Сербия президенті сондай-ақ Қазақстан халқын «Астана» футбол клубының УЕФА чемпиондар лигасының топтық кезеңіне өтуіне байланысты құттықтады.
Кездесу соңында Т.Николич Нұрсұлтан Назарбаевқа Сербия Республикасының Орденін тапсырды.
«Мен бұл орденмен Сізді елдеріміздің арасындағы қарым-қатынасты нығайтуға қосқан үлесіңіз үшін ғана емес, өз халқыңызға жасап жатқан игіліктеріңіз үшін және Қазақстанның халықаралық құқық қағидаттарын сақтаудағы табандылығы үшін марапаттап отырмын. Сіз – әлемдік ауқымдағы, сирек санаттағы көшбасшысыз», – деді Сербия Президенті.
Айдар Өрісбаев.
Дерек, сурет: akorda.kz.