34 ЖЫЛ БҰРЫН...
1976 жыл. “Социалистік Қазақстанның” әдебиет және өнер бөлімінің тілшісімін. Редактор шақырды. Сапар Байжановтың кабинетінде бір кісі отыр.
– Мына кісі Моңғолиядан келген Ислам Қабышұлы деген ағаң. “Унэн” газетінің қызметкері. Ол газет ЦК-ның органы, былайша айтқанда, Моңғолияның “Правдасы”. Бұл кісі жазушы, драматург, тарихшы. Сөйлесіп, сұхбат аларсың. Тез дайындау керек.
Сапекең осылай деді де, асығыс жинала бастайтынының ишарасын жасады. Тегі, Орталық комитетке ме, Үкіметке ме шұғыл шақырып жатқан сияқты.
Сол кезде жасы елуге де толық тола қоймаған Ислам ағамыз Кеңшілік екеуіміз отыратын біздің кабинетте-ақ біраз әңгіменің басын қайырып тастады. Тез дайындалған сұхбатты Сапекең нөмірге салдыртып та жіберді. Қазақстанда жүргенінде өзі көріп қалсын деген болар. Газеттің 1976 жылғы 18 ақпан күнгі санында “Өскен өлке, жайсаң жандар...” деген тақырыппен жарық көрді. Әңгіме барысында мені көбірек қызықтырғаны ол кісінің тарихшылығы болды. Тек сөз саптауы тосындау. Аузын ашса айтатыны – керей. Ру ұғымын феодализмнің сарқыншағындай көретін социалистік санама әуелде біртүрлі оғаш естілгені рас. Тек сөзін ұзағырақ тыңдай келе, әлгі әңгімеге қалай ұйып кеткенімді өзім де аңғармай қалдым. Моңғолиядағы ағайындардың талайлы тағдыры ерітпей, еліктірмей қоймады. Әрине, партиялық газетке Ислам ағаның сол айтқандарының жұқанасы ғана жарияланғаны түсінікті. Ол кісі бұл тақырыпқа шындап қызығуы қалай басталғанын да әңгімелеп берді. 60-шы жылдарда Сәбит Мұқанов Моңғолияға, соның ішінде Баян Өлгийге барғанын бәріміз білеміз. Сонда Сәбең ол кезде жас журналист Исламның тарих, соның ішінде керейлер шежіресі туралы айтқандарына разы болып: “Қарағым, бұл исі қазаққа керек дүние. Сен мұны толық, дұрыс жазып шықсаң, бір игі іс тындырасың. Дарияға тамшы да сеп”, депті. “Міне, он төрт жылға аяқ басты, мен халқымыздың, оның ішінде керей руының тарихымен шұғылданып жүрмін. Ондағы мақсатым – түрлі тарихи жағдайлардың әсерімен сонау қилы кезеңде туған топырағынан жырақ кеткен бір тайпаның өткен күрделі жолы арқылы халқымыздың әлемдік тарихтағы рөлін, көне мәдени мұраға қосқан өзіндік үлесін көрсетуге талпыну. Қазір Моңғолияда, Қытайда тұратын қазақтардың негізгі бөлігі осы керей руының өкілдері. Олардың ішкі Азияның тарихындағы, мәдениетіндегі орны әзірше зерттеушілер көп көңіл қоймаған тақырып” — Алматыдағы Ұлттық кітапхананың анықтама-библиография бөлімі қызметкерлерінің көмегімен кеше факспен алдыртқан сол сұхбатта Ислам аға осылай деген екен. Қазір ойлап қарасам, ол кісі сөзбе-сөз дәл осылай (“туған топырағынан жырақ кеткен бір тайпаның”) деп айта да қоймаған сияқты. Айтса сол кездегі саясатқа сәйкестендіріп сөйлеген болар. Өйткені, Ислам Қабышұлының барлық жазғандарынан керей тайпасының тарихы негізінен қазіргі Моңғолия мен Қытай жерімен байланысты екенін көреміз. “Керей тайпасының тарихы” атты көлемді кітабымды аяқтап отырмын. Халық тарихы – қателікті кешірмейтін қасиетті тақырып қой, жеке адамның жұмысы болған соң артық, кем айтылған тұстары кездесер. Алматыға, ең алдымен, халқымыздың үлкен ғалымдарымен осы еңбектің бағыт-бағдары, сапа-салмағы жайлы ақылдасу, ақыл-кеңесін тыңдау үшін келдім”, деген сонда Ислам Қабышұлы.
Кейіннен ол кітапты Ақаңның – біздің бөлім меңгерушісі Ақселеу Сейдімбековтің қолынан көрдім. Оқып шықтым. Содан бері Баян-Өлгийдегі бауырларымыздың тарихына, бүгінгі тыныс-тіршілігіне бөлекше елеңдеп жүруге айналдым. Сапар Байжановтың “Үш қиян – үш даңғыл” кітабынан Моңғолия жазбаларын оқығаннан кейін сол бір алыс та жақын өлкеге құмарлық тіпті арта түсті. Тәуелсіздік қолға тиген тұста әлемді шарлап кетуге мүмкіндік те туды. Журналистік жұмыстың арқасында кеше ғана дүбірлеп доп додасы өткен Оңтүстік Африка Республикасы сияқты қара құрлықтың ең шетіндегі, Бердібек ағамыздың кейіпкері шетсіз-шексіз көлеміне қарап, “Біраз ел, ә?” деп таңданған бір қазақ ат қойып кетіпті деп қисындайтын Бразилия сияқты Жер шарының арғы бетіндегі елдерге дейін табан тигенде тап іргемізде тұрған, тіпті виза да қажет етілмейтін мына Моңғолияға жолымыздың түспей-ақ қойғаны. Сондықтан Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Төрағасының бірінші орынбасары Талғат Мамашев жақында Баян-Өлгий сапарына шақырғанда бірден келіскенмін. Бауырларымыз аймақтың орнауының (біздегідей “құрылуының” демейді екен) 70 жылдық тойын өткізгелі жатыр екен. Алматы арқылы жететін делегацияны Өскеменнен күтіп алып, Баян-Өлгий қайдасың деп тартып кеттік.
КЕРЕЙЛЕР КЕРУЕНІ
Алдымен тақырыпшаны түсіндірейік. Әрнені де өзінің сөз саптауымен сөйлеген жөн. Баян-Өлгийдегі бауырларымыздың тайпа атын айтуы біздегіден басқашарақ. Дүниежүзі қазақтарының тұңғыш Құрылтайының 15 жылдығына орай жазған “Қазақтың ағылысы-ай, қандастың сағынышы-ай” деген мақаламызда (2007, 13 қазан) сол тұстағы қапылысқа қатысты мынандай жайды келтіргеніміз бар: “Телефон тұтқасын орнына қоя бергенде Баян-Өлгийден өкпесі өшіп жеткен бір топ ағайын (шет ел қазақтарын тоқтатпаңдар деп төмендегі рұқсат қағаз жазатын жердегілерге де ескертіліп қойылған) кабинетке сау ете қалады. “Керейлердің бұйымдарын алып келдік, Құрылтай өтетін жерге қоюымыз керек”, дейді. “Моңғолия қазақтарының ғой?..”, дейміз. “Керейлердікі ғой, керейлердікі, осыны ана Сарайға апаруымыз керек” дейді”...Баян-Өлгийдегі бауырлар “Өмір мектебіндегі” Сәбең сияқты “Қазақ елінің руға бөлінетін заманында біздің ауылдың арғы түбін Керей, бергі түбін Сибан дейді” деп сақсынып сөйлеп жатпайды. Мәселе Баян-Өлгий тұрғындарының 95 пайызын құрайтын қазақтардың бәрінің дерлік сүйегі керей екендігінде ғана емес. Мәселе мұнда “керей” сөзі тайпа атынан гөрі “қазақ” атауының бір баламасы болып кеткендігінде. Бұл арада біздің ұғымымыздағы рулық тар түсініктің түк қатысы жоқ.
Ана жылы ана арнадан да, мына арнадан да қайта-қайта көрсетілген отыз сериялы “Шыңғыс хан” фильмін тамашалағандар сонда қайта-қайта айтылатын керейлердің сонау 9-12 ғасырларда-ақ Керейт хандығы аталған мемлекет құрып, әйгілі Қарақорымды бас қала еткен іргелі ел болғанын, керейлер мен моңғолдардың өзара ант ішіскен түбегейлі достық қатынасын жақсы біледі. Керейлердің ең дәуірлеген кезеңіндегі Уаң ханның Тэмужинді (Шыңғыс хан) өкіл ұлы санағаны да, оны хан сайланғанда алдымен осы Уаң хан қолдағаны да белгілі. Ханзада Тэмужиннің бала кезінде әкесі Есекей қаза болып, хандығы бытырап, жетім ханзада айдалада қалған кезінде оның есін жиып, етегін жауып, елінің басын қосып берген Керей ханы Тұғырұл Уаң хан екенін тарих кітаптары жазады. Тэмужин меркітке аттанғанда сол жорыққа тек керейдің өзінен 20 мың қол атқа қонған делінеді. “Моңғолдар алғашында керейлерге сүйене отырып, Моңғолиядағы ұлыстарды өзіне бағындырған. Керейлерге сүйенбегенде Шыңғысханның соншалықты күшеюі мүмкін емес еді”, деп жазған Рашид-ад-дин. Алайда, даңқы тасып, мейманасы асқан тұста, Тэмужин Шыңғыс ханға айналған тұста ол керейлерді, тарихи құжат тілімен айтсақ, “бейбіт түрде ел болып бірлесуге” шақырады да, мұның аяғы дербестіктен айырылумен бітетінін бірден білген керейлер бұл ұсынысты қабылдамайды. Екі жақтың 1203 жылы кескілескен шайқасы болғанын, керейлердің жеңіліп, тарих тұғырынан тайғанын, жеңілген жақтың бір тобы ата жұртында қалып, бір тобы Орталық Азияға бет бұрғанын өзіңіз біліп отырсыз. Керейлердің өзбектің арасында да, қырғыздың арасында да кездесетіні сондықтан. “13 ғасырдың басында меркіттермен бірге Жем, Торғай өзендері бойына жетіп, сонда қалған керейлер қазірге дейін өзінің ежелгі “керейт” атауын сақтап, жетіру бірлестігі құрамына қосылған”, дейді “Қазақстан” ұлттық энциклопедиясы.
Мектептің жоғары сынып оқушыларына да жақсы белгілі бұл жайларды жазып отырғанымыздың мынандай себебі бар. Біз Баян-Өлгийге аймақтың 70 жылдық тойына бардық дедік қой. Сол тойдағы шеруде “1860 – Ұлы көш” деген жазулы транспаранттар қайта-қайта көлбеңдей берді. Үйге келген соң “Қазақ совет энциклопедиясын” қарап жіберсек, Баян-Өлгийге қатысты мақалада да “Қазақтар бұл жерге 19 ғасырдың 68-69 жылдары орналасты” (2-том, 221-бет) деп жазып қойыпты. Әйтеуір, тәуелсіздік тұсындағы жаңа энциклопедиямызда мұндай үзілді-кесілді ештеңе жоқ екен. Бұл – Баян-Өлгийдегі бауырларымыз үшін басын ашып айтатындай маңызды мәселе.
Біз сонда жүргенде Үзбен Құрманбайұлы деген бір асыл ағамызбен таныстық. Үйінен дәм де таттық, әбден әңгімелестік те, бізді ұшаққа дейін шығарып та салды. Моңғолияға еңбек сіңірген байланысшы атағын алған, осы саланың ірі маманы саналатын бұл азамат тарихты терең білетіндігімен, білгенін әдемі әңгімелейтінімен тәнті етті. Сол кісі әлгі транспаранттарға байланысты: “Моңғолияға қазақтар 1860 жылдарда алғаш келе бастаған” делінетін жаттанды ұғымның өзі үлкен олқылық, әрі ақиқаттан алшақ, кірме ретінде көрсетіп, өзімізді қор тұтушылық” дейді де, оған мынандай уәж айтады: “Қазіргі Моңғолия жері ежелден түркі, қазақтардың мекені болды ма? Болды. Мұны көптеген деректер дәлелдейді. Қазақ халқының бір тобы, әсіресе Абақ керейлер Сарыарқа, Сыр бойынан ауғанда Қалба, Тарбағатай, Алтайдың күнгей бетінде ғана тиянақтап, тұрақтап қалып, 1860 жылдан ғана осы Моңғол жеріне келіп қоныстанды ма? Жоқ”.
Үзбен Құрманбайұлының Моңғолия мәдениетіне еңбек сіңірген қайраткер Шынай Рахметұлымен бірлесіп жазған “Моңғолиядағы қазақ халқы” кітабын (Улаанбаатар, 2007) қарасаңыз да, сол Ислам Қабышұлының “Тұран әлемі” кітабын (А., “Санат”, 2007) қарасаңыз да, Р.Шынайдың “Моңғолия қазақтарының ата-тек шежіресі” кітабын (Өлгий, 1997) кітабын қарасаңыз да осындай ойға тоқтайсыз. Баян-Өлгийден Алматы арқылы қайтқанымызда екі күндей Ұлттық кітапханада отырғанымызбен қолымыз жетпеген “Қазақтың қысқаша тарихы” (Үрімжі, 1994), “Алтай аймағының жағдайы” (Үрімжі, 1989), “Моңғолия қазақтарының тарихы” (Өлгий, 1980), “Абақ керей” (Күйтін, 1994) сияқты кітаптардың да авторларының айтатыны осы дейді білетіндер.
Осылай демеуі мүмкін де емес.
Моңғол мен қазақ тарихы тамырласып, қойындасып кеткенін айтудың өзі артық. Абай атамыз тіпті: “Біздің қазақтың маңғұлдан шықпақтығы бізге ұят емес, бірақ біздің білімсіз, ғылымсыз қалмақтығымыз ұят”, деп тұрып айтқан. Дәл солай болмағанмен, қазақтардың да, моңғолдардың да ғұн (хүннү) тайпасынан шыққанбыз дейтіні рас. “Керей, Найман, Уақ қатарлы орта жүз тайпалары Шыңғысхан шапқыншылығынан кейін азып-тозып құрып кетті ме, әлде қазіргі қазақ даласына шып-шырғасы шықпай дүркіреп қопарыла ауып кетті ме, немесе Моңғол жерінде қалып, түгелдей Моңғол халқына сіңісіп кетті ме деген сауал туады және бұл үшеуінің бір жағына қарай ауытқысақ шындықтан жырақтап кетер едік”, дейді Ү.Құрманбайұлы мен Ш.Рахметұлы. “Ақиқат екі арада жатады” (“Истина лежит посередине”) деп орыс ағайындар айтпақшы, сол замандардағы моңғол мен қазақтың арасы қазіргісінен әлдеқайда жақын болғандығы талассыз.
Әлемде тап-таза сақталған халық жоқ та шығар. Рулардан тайпалар, тайпалардан этностар құралады. Керісінше емес. Қазақ та солай. Бүтіннен бөлектенбейді, бөліктерден бүтінделеді. Мысалы, өзбек арасындағы қоңырат, наймандарды соларға сіңген қазақ руларындай етіп сөйлейтіндер бар. Ал дұрысында қоңырат, наймандардың этностар айырылғанда қазақта қалғандары қазақты құраған да, өзбекте қалғандары өзбекті құраған. Академик В.Жирмунскийдің “Алпамысты” “қоңыраттардың тайпалық эпосы” дегені сондықтан. Біз соны ұстана алмадық та, ЮНЕСКО көлемінде “Алпамыс” тойы өзбек эпосының ғана мерекесі ретінде аталып кетті. Біз сөз етіп отырған керейлер тарихына байланысты да осыны айтуға болады. “Шындығына келгенде аумалы-төкпелі заманда керей, наймандардың дені кейде жыла-қонақтай жылжып, кейде үдере көшіп, Дешті Қыпшақ даласына қарай қоныс аударса, тағы бір бөлігі моңғолдармен бірге қалып, соларға сіңген. Моңғолдың көптеген халықтары басқа елдерге, қазақ даласына да барып, сондағы халықтармен біте қайнасып, сіңіп кеткен. Ғ.Мүсіреповтің пайымдауынша, “Қазақтар ХІ ғасырда “халықтар қақпасы” аталатын Іле, Алакөл арқылы Алтайдан келген” (“Моңғолиядағы қазақ халқы”, 52-бет.). “Қазіргі кезде осы екі халықтың жалпы сөздік құрамының кемінде 30 пайызы төркіндес, ұқсас екендігін мойындар болсақ, бұдан 800 жылдың алдында кемінде 80 пайыз ұқсастық болмады дегеніңіз бе?”, дейді тағы да сол авторлар. Дәл солай болмағанмен, “мал”, “төл”, “сүркей”, “қарыз”, “бөлік”, “күрек”, “шажырқай”, “тұра”, “бел”, “жарлық” сияқты көптеген сөздердің моңғолда да дәл сол күйінде немесе сәл өзгертілген күйінде қолданылатынын өзіміз кеше ғана көріп қайттық. Дастарқандағы қытайы фарфор қымыз тегенеге “Баян-Өлгий – 70 жил” деп жазып қойыпты. “Қазақша жазыпты ғой, сәл ғана қатесі болмаса” дегенбіз жанымыздағы көршімізге. “Жоқ, бізде мұндай жазудың бәрі тек мемлекеттік тілде жазылады. Моңғолдар “жылды” “жил” дейді”, деді ол кісі.
Дегенмен, әр нәрсенің өзінің қисыны бар. Біз Моңғолиядан ала қайтқан кітаптардың біразында қазақ пен моңғолдың тарихи тұрғыдан жақындығын тым тікелей түсіндіретін пікірлер баршылық екеніне де көз жетті. “Есекей батыр, Темучиндер алма-кезек Уаң ханмен аға-бауыр, әке, бала болысып тату жүргендігі, моңғолдар мен керейлер әрдайым аралас-құралас отырып, қарым-қатынаста болып тілмаш салмай-ақ тіл табысып қатынасуынан тартып еш кедергі болмағандығына қарағанда екеуі бір тілде сөйлейтін бір ұлт болғандығы даусыз...” деген сияқты пікірлер, бері қойғанда, даулы. Мұның өзі тарих ғылымының саясилануға бейімдеу тұратын табиғатын тағы бір танытады. Тіпті қазіргі баянөлгийлік авторлардың халықтарды атағанда да қазақтарды “қазақтар” деп, моңғолдарды “Моңғолдар” деп жазатынының өзі осыны көрсетеді. Шүкір, үш жүз жылдай орыстың боданы болғанда да өзіміз “орыс” деген сөзді кіші әріппен жазатынбыз.
Сонымен, қазақтар (жарайды, керейлер деп-ақ сөйлейікші) қазіргі Баян-Өлгий жеріне ХІХ ғасырдың 60-шы жылдарында келген бе, әлде қайта оралған ба?
“Қазақтардың Моңғолия жерінде болу, қоныстану тарихына қатысты 3-4 елдің тарихшылары бірлесіп, тарихи, археологиялық, т.б. жан-жақты толық тұжырым жасауы керек”, делінеді бұл жайында “Моңғолиядағы қазақ халқы” кітабында. Сөз бар ма, бірлесе қарап, толық тұжырым жасау артық емес. Дегенмен, біз қарай алған әдебиеттердің дені қазақтар бұл мекенге қайта оралған дегенге саяды. Неге? Он тоғызыншы ғасырдағы Ресей-Қытай шекара межелесуіне дейін, тіпті одан кейін де көп уақытқа дейін көшпенді жұрттарда шекара дегеннің өзі шартты нәрсе болып келген. Бұл тақырыпты зерттегенде осы төңірекке жер шала келу, қыстап-жайлап ары-бері асып жүру, бірен-сарандап келу, топ-тобымен келіп түбеселі қоныстану деген рет, топтаулар бойынша қарау керектігін Баян-Өлгийдегі бауырларымыз айтып та, жазып та жүр. Көптеген деректерге сүйене отырып, олар Абақ керей, найман тайпалары ежелгі түркі топырағы, қазіргі Моңғолия жерінен кіндік үзбеген, енді бір тобы Қазақстан жерінен бері бет алғаннан кейінгі уақыттан-ақ, бүгінгі Моңғолия шекарасына жайлап-қыстап, я мал отарлатып болса да мекендене бастаған, 1760 жылдардан мал отарлатып, қыстап жүрген, 1830 жылдардан бірен-сарандап келіп қоныстанған, 1860 жылдардың басқы шенінен топ-тобымен келіп, түбеселі қоныстанған және келушілер 1940-50 жылдарға дейін үзілмеген деген түйін жасайды. Осы түйін көкейге қонады. Алтайдың күнгей бетінен қазақтардың Моңғолияға көшуінің бір себебі – егіндіктің көбейіп, жайылымның тарылғаны. Содан кейін Қытайдағы бірінен кейін бірі жалғаса берген көтерілістер мен соғыстар да ығыр еткен. Керей руларының аталары арасындағы билік таласы да бөлініп шығуға әсер етіпті дейді. Ең бастысы – қазақтарға еркін өмір керек болғандығы.
Жалпы, Қытайдағы қазақ диаспорасы, Моңғолиядағы қазақ диаспорасы деген ұғымдардың өзі шартты. Гректің “диаспора” сөзі “шашырау” (“рассеяние”) деген мағына береді. Биологияда диаспора деп өсімдіктің аналық организмнен табиғи түрде ажырап, көбеюге, тарауға қызмет ететін бөлігін айтады. Минералогияда диаспора деп морт сынғыш гидроксидтер тобының минералын айтады. Ғылым диаспора күштеп көшірудің, геноцид қатерінің, экономикалық және географиялық факторлардың әсері салдарынан пайда болатынын айтады. Еврей, армян диаспоралары солай қалыптасқан. Қазан төңкерісінен кейін, өткен ғасырдың 90-шы жылдарындағы демократиялық үрдістерден кейін орыс диаспорасы солай қалыптасты. Түркиядағы қазақ диаспорасы да солай қалыптасқан. Ал Қытай мен Моңғолиядағы қазақтардың жөні басқашалау. Шыңжаң өңірінің қытайша айтылуы Синьцзян сөзбе-сөз аударғанда – “Жаңа жер”. Одан да әріге барсақ, Ұлы Қытай қорғаны сол замандағы түркілермен шартты түрде болса да, шекаралық белдеудің бір түрі. Кім өз елінің ортасынан қорған соғушы еді? Моңғол елінің қақ ортасында жатқан Орхон-Енисей ескерткіштерінің түркі тілінде екенін айтпай-ақ қояйық. Сондықтан бұл елдердегі қазақ ағайындар негізінен өздерінің арғы замандардағы ата жұрттарында тұрып жатыр деуге болады.
Әрине, Баян-Өлгий қазақтарының бұл жерге үдере көшуі, топтаса қоныстануы 1860-шы жылдардың аяқ шені екендігі ешқандай талас тудырмайды. Біз сонда болғанда қазақтардың Моңғолия жеріне қоныстануының даусыз артықшылықтарын айтқан пікірлерді де, мұның кері ықпалдарын айтқан пікірлерді де тыңдадық. Бір жақсысы, мәселенің екі жағын қатар айтатын Үзбен Құрманбайұлы сияқты салиқалы сөз иелерінің пікірі салмақтырақ естіледі екен. Бұлай дегенде ағамыз Баян-Өлгийде тілдің шұрайлы да таза сақталғанын айтады. Моңғолдардың кеңқолтық, кеңбалақ мінез табиғатын, қазақтарға қысым көрсетпегенін айтады. Тіпті сонау 1940 жылы, осы аймақ жаңа құрылғанда бекітілген Моңғолия Конституциясының 79-шы тармағына “Ұлт азшылығына қыспақ жасаушылар, нендей бір шетқақпай көрсетушілер заң бойынша жазаланады” деп жазылып та қойыпты. Ағамыз Моңғолия қазақтарының жалпы нәубеттен негізінен аман қалғанын да айтады. Мұндағы нәубет құрбандарының саны мыңға жетпеген көрінеді. Ал сол кезде бар халқы 600 мыңдай Моңғолияда 35 мың адам нәубет құрбандығына шалынған екен. Үзбен аға бұлай дегенде Моңғолия қазақтарының дүниежүзілік соғыстан сырт қалғанын, Баян-Өлгий жері радиация, химикаттар залалдарынан таза болғанын да айтады. Алтай жері қазір әлемдегі ең таза экологиялық аймақтар қатарында көрінеді.
Баян-Өлгий қазақтарының шетінен шекесі шылқып отыр ма сонда? Тіпті де олай емес. “Көп халықтың ішінде аз халық қашанда арманына жетпейді. Өгейсумен өтеді” – бұл сөзге қинала-қинала келісесің. “Қазақ деген ежелден қалыптасқан озық салт-санасы, асыл қасиеті бар дара ұлт, қаһарман халық. Үлкен ел, қазір егеменді тәуелсіз ел болды. Ал қазақ адамы нағыз мықты болса, сол өз ұлтының, өз елінің бақыты мен қасіретін бөлісіп, ортақтасып, намысын бірге арқаласар еді. Қандай жағдайда жүрсе де шетелдегі қазақтардың бір кемшін жағы осы деп ойлаймыз” – бұл сөзге де келісесің. “Ойланамыз. Азшылық азғындаушылыққа соқтырады-ау деп қайғырамыз. 150 мың қазақ өзінің ұлттық қазанында қайнай алмады. Сондықтан да бұлардың ортасынан “сорпа бетіне шығатын” күллі қазаққа, әлемге танымал ұлы адамдар туып шыға алмады, я таныла алмады. “Жаяудың шаңы, жалғыздың аты шықпас”. Егер бұлар қалың қазақтың ортасында болып, Шоқан, Абай, Мұхтарларды жақыннан көріп, қысқа мерзімде білсе, оларға “ұқсап баққан” даналар туып шығуы да ықтимал еді” – иә, ықтимал еді. Оның үстіне Баян-Өлгий елдің ең бір қиыр шетінде. Ауа райы қолайсыз. Жерін де құнарлы деп айта алмайсың. Жұмыссыздық әлі белең алып тұр. Аймақ әкімі Қабыл Сәкейұлы баянөлгийліктерді торқалы тоймен құттықтауында: “Тартыстары мен тайталастары мол демократия мен нарықтық қатынасқа өту, қалыптастыру жолында алға тартумен келеміз. Жарыс пен бәсекесіз дамыс (“даму” дегені – С.А.) та ілгері жүрмейді, демократияның ежелгі классикалық үлгісіне айналған елдердің өзінде қазірге дейін ұласып келе жатқан бұл үрдіс ешуақытта үзілмек те емес, жалғаса береді. Тек заң ауқымында, халықтың мүддесіне сай келсе ғана бұл қайшылық, қозғалыс оңына бастай бермек. Білімді, парасатты, байсалды халқымыз осы қағиданы берік ұстанады дегенге сенемін және саналы түрде әрдайым берекеде болып, бізде әлі де болса шешімін таппай келе жатқан жұмыссыздық, кедейлік қатарлы көкейкесті, күрделі мәселелерге баса зейін қойып, осы қиын түйіндерді бірлесіп шешуге шақырамын”, дейді. Дәл қазір Баян-Өлгий жұрты негізінен Ресей мен Қытай арасындағы транзиттік орналасуының арқасында арзан тауарды бергі жаққа жеткізудің арқасында амалдап отыр. Қызық өзі. Қытай мен Моңғолияның барыс-келісі визасыз. Моңғолия мен Ресейдің, Моңғолия мен Қазақстанның барыс-келісі визасыз. Ал Ресей-Қытай, Қазақстан-Қытай барыс-келісі виза арқылы. Екі ортада Моңғолия ұтысқа шығып отыр. Мейлі ғой, бауырларымызға жақсы болса болды.
ТОРҚАЛЫ ТОЙ
Ағылшынның фантаст жазушысы Герберт Уэллстің “Уақыт мәшинесі” деген романы болатын. Сол мәшинеге мінесіз де уақыт кеңістігінде ары-бері құйғыта бересіз. Қаласаңыз өткен ғасырға барасыз, қаласаңыз келер ғасырға өтіп кетесіз. Андрей Макаревичтің атын сол романнан шығарған “Машина времени” атты тобы әлі көпке танымал. Баян-Өлгийге барғаныңызда сол “уақыт мәшинесі” ойыңызға оралады. Тап бір өткен ғасырдың алпысыншы жылдарындағы Қазақстанға қайтып барғандай күй кешесіз кей-кейде. Аймақ орталығы, қала саналатын Баян-Өлгийдің өзінде 35 мыңдай ғана тұрғын бар. Бәкене-бәкене тоқал тамдар көп. Моңғолдардың талайы тіпті сондай үй де салып алмай, қысы-жазы киіз үйлерінде тұра береді екен. Мұндағы жұрттың орташа айлық табысы 300 доллардың маңайында делінеді. Біраз ақша сияқты. Алайда, күнкөріс ауыр. Бұйым атаулының бәрі сырттан әкелінетіндіктен қымбат. Мысалы, бензин құны біздегіден екі есе. Биылғы жұттың бүкіл Моңғолиядағы малдың ширек бөлігіндейін қырып кеткенін бүкіл әлем біледі. Бұл аймақта да мал шығыны едәуір екен. Әйтсе де, біз Баян-Өлгийден жүні жығылып, сағы сынған елді көрмедік. “Бас аман болса, мал орнына келеді ғой” деп қазақы кеңдікпен неше түрлі мақал айтып жүрген бір жұрт. Кедейлікті де көп сөз ете бермейді екен. Қанағатшылдық бар. “Қайғысыз жан семірер қара суға”.
Кешегі кеңестік кезеңнің үш-төрт сағатқа созылатын салтанатты жиналыстарын сағынсаңыз Баян-Өлгийге барыңыз. Аймақтық музыкалық қазақ драма театрының ғимаратында өткен 70 жылдық мерейтой салтанатының соңында тұп-тура 140 адамға ордендер мен медальдар тапсырылды. Президиумның бірінші қатарында отырғандықтан сонша адамның қолын алып, құттықтап шықтық. “Баян-Өлгий аймағы. 70 жил” деген әдемі бір медаль бізге де тиіп қалды. Салтанатты кешке Улаанбаатардан Ұлы халық хуралының вице-спикері, Үкімет басшысының орынбасары, министрлер, екі қазақ вице-министрі, тағы басқа да көптеген лауазымды тұлғалар қатысты. Ондағылар баспасөз релизі дегенді онша біле қоймайтын сияқты. Кімнің қай қызметте екенін, қағазға аты-жөні дәл қалай жазылатынын анықтау мүмкін емес. Сөздің бәрі тек моңғолша. Қазақтар басында қазақша амандасып алып, соңында қазақша қоштасқан, рахмет айтқан болады. Тәртіп солай. Қандай мемлекет те, тіпті Моңғолия сияқты экономикасы әлжуаздау мемлекет те мемлекеттігін жасамай қоймайды. Кейінгі кезде қазақ мектептерінің өзінде пәндердің қазақ тілі мен әдебиетінен басқаларының бәрі тек моңғолша оқытылады. Дәл қазір Моңғолия қазақтарының тілі таза тұр десек те, бара-бара мұның өзі де тілге әсер етпей қоймайтыны күмәнсіз.
Сондықтан да тәуелсіздік жылдарында атамекенге бет бұрған ұлы көш алдымен осы Баян-Өлгийде басталған. Қазақстанға қоныс аударушылар саны 1994 жылдың аяғына қарай 60 мың адамға жеткен екен. Одан кейінгі уақытта әр түрлі себептермен көш қарқыны бәсеңсіген, мұнда келгендердің кері көшіп кетуі де көрініс бере бастаған. Мысалы, 1994-1996 жылдары Қазақстанға келген 1500-дей отбасының әрбір үшіншісі, яғни шамамен 500-дейі кері қайтыпты. Енді сол кері қайтқандардың кері қайту үдерісі басталып жатыр. Қазақстанның дағдарыстан елден бұрын шығуына, индустриялық-инновациялық даму бағдарламасына, “Жол картасына” байланысты жұмыс орындары молаятынын ондағылар бізден кем білмейді. “Қазақстанның жедел қайта серпіліп, қарыштаған дамысы, халқының әлеуметтік жағдайы жақсара бастағандығы кері көшуді сап тыйып, атамекенге көшем деп тіркелушілердің саны үдеп, Қазақстанға барып қоныстанған соң қайта көшіп келген бір топ жанұя қайтадан көшіп те кетті. Қазақстан үкіметі де қазақтардың санын молайту, ұлттық бірлігін нығайту, сол арқылы ұлан-ғайыр қазақ даласын көркейтуді мұрат тұтуда. Бұл мемлекеттің ғана емес, ұлттық сәуле басында бар қазақ баласының бойтұмардай әспеттейтін асыл мұраты. Сайып келгенде Моңғолия – осы елде тұрып келе жатқан қазақтардың туып-өскен, әлденеше буын ата-бабаларының аруағы орнаған киелі жер, қасиетті топырақ, халқы мейірбан, тату көршілер. Ал Қазақстан Республикасы – қара шаңырағымыз, қазақтардың бір ғана ұлы Отаны, ары мен намысы, мақтанышы”, деп толғанады бұл жайында Үзбен Құрманбайұлы. Мұндағылар Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың Дүниежүзі қазақтарының екінші құрылтайында жасаған баяндамасында: “Бүгінгі таңда Баян-Өлгий аймағы қазақ халқының ана тілі ең таза сақталған, салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы, мәдениеті өзінің ежелгі бояуын жоғалтпаған өңірлердің бірі” дегенін мақтанышпен айтады.
Солай екендігін екі тараптан қойылған екі концертте де көрдік. Мақпал Жүнісова мен Меруеш Башайдың, Өмірқұл Айниязовтың қандастарымыздың қолқасын суырып алғандай етіп шырқаған әндері жүрек тебірентті. Солай екендігін ертеңінде стадионда ұйымдастырылған салтанатта да көрдік. Әсіресе, сол суреттер көз алдымыздан кетпейді. Қаймағы бұзылмаған қазақтың біз ұмыта бастаған небір сырлы салт-дәстүрлері көз алдымыздан жарқылдап өтті де жатты, өтті де жатты. Жиырма бірінші ғасырға, үшінші мыңжылдыққа осындайлық тазалықпен, осындайлық адалдықпен, осындайлық аңғырттықпен кірген бізден басқа халық әлемде аз болар, тегі. Әрине, бұл – идеологиялық іс-шара. Әрине, бұл –ұйымдастырылған салтанат. Әрине, елдегі экономикалық ахуал, реформалардың деңгейі, демократияландырудың дәрежесі мұншама шаттануға, мұншама шалқуға берік негіз бола қоймайды. Бірақ сол салтанатқа қатысқан халықтың шын шаттанғанына, шын шалқығанына, өздерінің атамекенінде өздерін бақытты сезінгеніне біз сендік. Нені бақыт деп сенсеңіз – бақыт сол.
“Мен өтермін, өтермін, өтермін мен, Мәңгілік сен қаласың, сағынышым!” деп шырқады Мақпал Мұқағали жырына жазылған әнді жалпы қарасы жиырма мыңдай адам жиналған стадиондағы салтанатта. Иә, көп нәрсе өзгерер, талай елдегі қандастарымыз атамекеніне оралар, тіпті бір замандарда қазақтың ежелгі жерлерінде ағайындарымыз аз да қалар, бірақ бәрібір біздің бір-бірімізге сағынышымыз мәңгілік болар.
Сауытбек АБДРАХМАНОВ.
МОҢҒОЛИЯ, Баян-Өлгий аймағы.