Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысовтың Словакия Сыртқы істер министрлігінің Мемлекеттік хатшысы, ЕО-ның Орталық Азия бойынша Арнайы өкілі қызметінен үміткер Петер Бурианмен кездесуі өтті.
Кездесу барысында халықаралық күн тәртібінің кең ауқымды мәселелері, соның ішінде Қазақстан мен ЕО ынтымақтастығы, көпжақты институттар шеңберінде ықпалдастығы және Қазақстан-Словакия екіжақты қатынастары дамуының басымдықтары талқыланды.
Сұхбаттастар Орталық Азия тұрақтылығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету ісінде Қазақстан үлесін атап өтті. Ауғанстанды қалпына келтіру жөніндегі халықаралық әрекеттер аясында қауіпсіздік, шекараларда ықпалдастықты күшейту, есірткі тасымалы, адам саудасы, лаңкестік пен экстремизмге қарсы тұру салаларында ЕО-ның Орталық Азия өңірімен ынтымақтастықты жалғастыру қажеттілігі аталып өтті. Осы тұрғыда 11 наурызда Душанбеде өткен қауіпсіздік мәселелері бойынша жоғары деңгейдегі «ЕО-ОА» үнқатысуының 2-ші отырысы мақұлданды.
Е.Ыдырысов сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастық туралы сөз қозғап, Қазақстан мен ЕО арасындағы сауда айналымы соңғы 10 жылда 13 есе, ал Қазақстан экономикасына тартылған еуропалық инвестициялардың көлемі 10 есе артқанын атап өтті. Қазақстан сауда айналымының және елге тартылған шетел инвестицияларының жартысы Еуропа елдерінің үлесіне тиеді.
Сонымен қатар, Қазақстан және Словакия арасындағы сауда айналымы көлемінің оң екпіні де атап өтілді.
Бүгінде Қазақстан-Словакия қатынастарында жоғары деңгейдегі белсенді саяси үнқатысулар жиі өтеді, келісімшарттық-құқықтық база да жетілдірілуде. Сонымен қатар, парламентаралық ынтымақтастықтың жоғары деңгейі мен Экономикалық және ғылыми-техникалық ынтымақтастық бойынша құрылған Қазақстан-Словакия парламентаралық комиссиясы жұмысының маңыздылығы да ерекше атап өтілді.
«Егемен-ақпарат».