АСТАНА. 12 наурыз. Жоғары хоккей лигасының ширек финалына шыққан Қарағандының «Сарыарқасы» бүгін осы кезеңдегі алғашқы ойынын өткізді. «Сарыарқаның» бұл сындағы қарсыласы Ресейдің «Ермак» командасы. Қарағандылықтар аталған ойында 3:2 есебімен жеңіске жетті. Бұл туралы egemen.kz хабарлады.
Қарағандыда өткен ойынның 3-минутында «Сарыарқаның» қорғаушысы Илья Антоновский командасын алға шығарды. Қонақтар 11-минутта есепті теңестіруге мүмкіндік тапты. «Ермак» сапынан мергендігімен көзге түскен Александр Архипов болатын.
Десек те, алғашқы кезеңде айдын иелері тағы екі шайба соғып, есепте алға шықты. Үзіліске бір минут қалған кезде «Сарыарқа» ойыншы басымдығын жүзеге асырып, есепті 2:1-ге жеткізді. Екінші шайбаның авторы – Артур Кузменков. Ал арада 30 секунд өткенде таблодағы есеп қарағандылықтардың пайдасына 3:1-ді көрсетіп тұрды. Яғни, үзіліске бір секунд қалған кезде Илья Антоновский дубльдің авторы атанды.
Келесі кезеңде «Ермак» хоккейшілері есеп айырмасын қысқартқанымен (Александр Чиглинцев 37), одан әріге шамалары жетпеді.
Ойын барысында «Сарыарқаның» қақпасын Владимир Ковач қорғады. Ал «Ермактың» қақпасын Иван Полошков күзетті. Қос команда арасындағы келесі тартыс 13 наурызда жалғасын табады. Әзірге жалпы есепте біздің команда 1:0 есебімен алда келеді.
Еламан Қоңыр.
Дерек: egemen.kz.
Сурет: hc-saryarka.com.