Парламент Мәжілісінің Төрағасы Қабиболла Жақыповтың Вьетнам Социалистік Республикасына ресми сапары барысында Ханой қаласында Қазақстан Республикасы елшілігінің жаңа ғимаратының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Шараға қазақстандық парламентарийлер делегациясы, Вьетнамның мемлекеттік және қоғамдық ұйымдары мен дипломатиялық корпустың өкілдері қатысты.
Лентаны кесу рәсімінен кейін Қазақстан Республикасы Әнұранының салтанатты әуенімен Отанымыздың Көк байрағы елшіліктің үстінен көтерілді. Парламент Мәжілісінің Төрағасы Қабиболла Жақыпов өз сөзінде Қазақстанның Вьетнамдағы елшілігінің ашылуы тараптардың екіжақты қатынастарды нығайтудың жарқын дәлелі болып табылатыны және бұл елдеріміздің ерекше достық қарым-қатынастарының, сенімі және серіктестігінің белгісі деп атап өтті.
Вьетнам Сыртқы істер министрінің орынбасары Буй Тхань Шон екі ел арасындағы дәстүрлі достық қатынастарды атап өтіп, Ханойда Қазақстан елшілігінің ашылуы Қазақстан басшылығының Вьетнаммен ынтымақтастықты дамытуға шын ниетінің дәлелін растап, екіжақты ынтымақтастықты одан әрі кеңейту мен тереңдетуге қызмет ететінін атап өтті.
Қазақстан мен Вьетнам арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 22 жыл болды. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Вьетнамда Қазақстан елшілігін ашу туралы Жарлығы 2013 жылғы қараша айында жарияланған, ал Вьетнамның Астанадағы елшілігі 2008 жылдан бері өз қызметін атқарып келеді. Қазақстанның Вьетнамдағы елшісі Бекетжан Жұмаханов Сенім грамотасын Вьетнам Президенті Чыонг Тан Шангқа 2014 жылғы 6 наурызда тапсырған болатын.
Екі елдің сауда айналымы 2014 жылы 271,9 млн. АҚШ долларын құрап, соңғы 5 жыл ішінде 3 есе артты (2009 ж. – 88,379 млн. АҚШ долл.).