Парламент Мәжілісінің депутаттары Мұрат Әбенов пен Құттықожа Ыдырысов Арал және Қазалы аудандарында болып, сайлаушылармен жүздесті. Депутаттардың алғашқы қадамы “Батыс Қытай – Батыс Еуропа” автожолын жүргізіп жатқан “Шим-Шак НС” ЖШС-нің жұмысымен танысудан басталды. Сапалы жол – адам ғұмырының қауіпсіздігінің кепілі. Аталмыш жобадан теңіз перзенттерінің күтер үміті мол. Кездесу барысында жұмыс қарқыны, сапасының жоғары болуы әңгіме өзегіне айналды.
Халық қалаулылары мұнан кейін “Ақлақ” су тоспасы, “Көкарал” бөгетінде болып жұртшылықпен ой бөлісті. Қаратерең елді мекенінде аудан балықшыларымен болған кездесуде “САРАТС” жобасының І кезеңінде тындырылған толымды тірліктер сөз етілді. Оралмастай көрінген Арал теңізі кемеріне қайта келуде. Балық шаруашылығы жанданып, халықтың әл-ауқаты оңала бастады. Мұның бәрі Елбасымыз қамқорлығының жемісі. Жиында еңбек ардагері Жұмахан Омаров сынды азаматтар өздерін толғандырып жүрген мәселелерді ортаға салды. “Құмсай” жайлауындағы “Құланды” АҚ-тың түйекеші Мұхит Сейітов пен Парламент депутаттары арасындағы әңгімеде мал тұқымын асылдандыру, өнім өңдеу, өткізу, мемлекет тарапынан субсидия төлеу жайында сөз қозғалды.
Қазалыдағы жүздесу әкімдіктің мәжіліс залында өткізілді. “Батыс Қытай – Батыс Еуропа” халықаралық транзиттік дәлізі жобасының іске асырылуы барысын талқылауға арналған жиынға мердігер мекемелердің басшылары, “Нұр Отан” ХДП мүшелері, қоғамдық ұйым өкілдері, жергілікті мәслихат депутаттары қатысты. Облыс көлемінен салынатын 811 шақырым жолға 4 бас мердігер, 19 қосымша мердігер белгіленіпті. Осылайша көптеген жергілікті тұрғындар жұмыспен қамтылуда. Осылар жайын сөз еткен Мұрат Әбенов мердігер компаниялардың заң талаптарын орындауы, қоршаған ортаға зиянын келтірмеуі депутаттар назарында тұрғанын жеткізді. Олардың жатар орны, баспана, тамақтану жайы, жалақысы қырағы қадағалануы қажет. Кейбір мердігерлердің жұмысында олқы тұстар барын жасыруға болмайды. Санитарлық талаптар, қауіпсіздік ережесі де мүлтіксіз орындалуға тиісті. Парламент Мәжілісінің депутаты Құттықожа Ыдырысов Елбасы назарындағы ауқымды жобаның жұртшылыққа тигізер зор пайдасына тоқталды. Кездесуде аудандық мәслихат хатшысы Талайлы Бөріқұлақов, облыстық бақылау және әлеуметтік қорғау департаменті директорының орынбасары Әбдіғазиз Әлжан, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы бастығының орынбасары Дінмұхаммед Әбсәттаров күн тәртібіне орай өз пікірлерін білдірді. Жиын соңында халық қалаулары тұрғындарды жеке өтініштері бойынша қабылдады.
Жұмабек ТАБЫНБАЕВ.
Қызылорда облысы.