2014 жылдың 13 наурызында Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының кітапханасы» мемлекеттік мекемесінің кейбір мәселелері туралы» Жарлыққа қол қойды. Арада өткен бір жылда атқарылған шаруалар мен алдағы мақсат-міндеттер жөнінде аталған мекеменің атқарушы директоры Бейсембай Жұмабековпен әңгімелескен едік.
– Бейсембай Қуанышұлы, Қазақстанда президенттік кітапхана жасақтауға не себеп болды? Мұндай мекемелер басқа қай елдерде бар екен?
– Мұндай мекемелер АҚШ, Ресей, Әзербайжан секілді президенттік басқару билігі қалыптасқан мемлекеттерде ойдағыдай қызмет етуде. Атақты көшбасшылардың саяси мұрасын сақтау және дамытуды көздейтін өзара ұқсас ұйымдар Франция, Түркия сынды елдерде де бар. Президенттік кітапханаларда жинақталған зияткерлік капитал мемлекетті басқару ісі жөнінен елдің келешек басшылары үшін, саяси қайраткерлері үшін бағдарламалық өсиетке айналады.
Нақ осы оң тәжірибе Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасын жасақтауға себеп болды.
Басқа мемлекеттердегі бұл тектес орталықтардың қоғамдық қызмет аясы бір ғана саяси қайраткердің мұрасын сақтаудан әлдеқайда ауқымды.
Сондай-ақ, ол ұйымдар қоғамның маңызды құбылысы, мемлекеттік болмыстың теориялық тұғыры іспетті. Олар жас ұрпақты ұлттық құндылықтар рухында оқытып-тәрбиелеу үшін беделді платформалар міндетін атқарып отыр, ғылым мен мәдениеттің, қоғамдық ой-пікірдің дамуына ықпал ете алады.
– Елбасы кітапханасының өзге елдердің осы тектес институттарынан қандай айырмашылығы бар?
– Айырмашылығы мейлінше айтарлықтай. «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының» басты ерекшелігі – қазіргі биліктегі Мемлекет басшысының орталығы екендігінде. Президенттік кітапханалардың тарихында мұндай жайт тек АҚШ-та ғана, оның өзі бір-ақ рет орын алды. Онда билік басында отырған кезінде президент Франклин Рузвельт өзінің президенттік орталығын жасақтады. Соның негізінде кейін оның есімімен аталған кітапхана-мұражай бой көтерді. ХХ ғасырдың бірінші жартысында бұл орталық президенттік кітапханалар мен музейлер торабын түзудің америкалық дәстүріне жол салды.
Елбасы кітапханасының міндеті кітапханалық-мұрағаттық немесе экспозициялық-көрме қызметімен шектелмейді. Оның өзекті бағыты – Президенттің жұмыс кестесін ғылыми-талдамалық жағынан сүйемелдеп отыру, сондай-ақ Мемлекет басшысының стратегиялық бастамаларын қолдау мақсатында идеологиялық және қоғамдық іс-шаралар атқару. Жалпы алғанда, Кітапхана – президенттік орталық секілді, Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың күнделікті қызметінің сенімді тірегі.
– Яғни, Елбасы кітапханасы – кітапханалық-мұрағаттық іс пен ғылыми ақыл-ойдың тоғысқан жері ғой?
– Дәл солай. Ол әдеттегі кітап қоймасынан әлдеқайда ауқымды ұғымды білдіреді. Тұңғыш Президент кітапханасының негізгі жұмысы өзекті-өзекті бес бағыттан тұрады. Олардың ішінде Мемлекет басшысының мұрағаттық құжаттарына қолжетімділік туғызу үшін электрондық инфрақұрылым жасақтау жайы қарастырылған. Президенттің жеке кітап қорын дамытудың жөні бөлек. Нұрсұлтан Назарбаев қызметіне кең ауқымдағы мемлекеттік мәселелер жөнінен талдау жасап отыру, қоғамдық іс-шаралар ұйымдастыру, ағартушылық жұмыстары назардан тыс қалмайды. Өзімізбен бауырлас ұйымдармен, әлемдік жетекші ғылыми орталықтармен тәжірибе алмасу мақсатында халықаралық қарым-қатынастар орнатуға мән береміз.
– Кітапхананың ресурсы жөнінде айтып өтсеңіз, мәселен, кітап қоры қанша дегендей...
– Қазіргі кезде Елбасы кітапханасында 40 мыңнан астам еңбек сақтаулы. Олардың ішінде әлемдік әдебиет пен ғылыми ізденістердің таптырмайтын жауһарлары жеткілікті. Бұл жинақтардың барлығы келешекте Тұңғыш Президент Кітапханасы орналасқан «Назарбаев орталығында» зерттеумен шұғылданбақ ғалымдарға қолжетімді болады. Қазір біз болашақ оқырмандарға жағдай жасаумен айналысудамыз. Айтпақшы, біздегі оқырмандар залынан АҚШ конгресі, Оксфорд және Кембридж университеттері электрондық кітапханаларына, Ресей мемлекеттік кітапханасына қол жеткізуге мүмкіндік бар. Оқырмандарға жалпы саны 13,5 миллион басылым қолжетімді.
Мемлекет басшысының Кітапханадағы жеке мұрағаты туралы да кеңінен әңгімелей аламыз. Мұнда 500-ден астам фото, видео, дәстүрлі құжаттар және Нұрсұлтан Назарбаевтың өмірі мен саяси қызметіне қатысты жәдігерлер саны жүз мыңнан кем емес. Бұлардың арасынан мемлекет басшылары мен олардың ресми өкілдерінің сыйлықтары, Президенттің өз қаражатына алынған өнер туындылары және тарихи мәні зор құндылықтар табылады. Тақырыптық тұрғыдан мұқият зерделенген әрі талғаммен таңдалған осынау топтамалар – келушілер үшін тәуелсіз Қазақстанның негізін қалаушысының өмір жолымен, қызмет барысымен жете танысуға зор мүмкіндік.
– Кітапхананың алғашқы жұмыс жылында не істелді, қандай іс-шаралар өткізілді?
– Кітапхананың ресми ашылуы Мемлекет басшысының қатысуымен 2014 жылдың шілде айында өтті. Бұл оқиғаның алдында ұйымдастырушылық-материалдық және техникалық мәселелерді шешуге бағытталған үлкен жұмыстар атқарылды. Жаңа құрылымды түзу үдерісінде мұндай шаралардан айналып өту мүмкін еместігі түсінікті.
Әлемге әйгілі ағылшын сәулетшісі Норман Фостер жобалаған Кітапхананың ресми таныстырылымынан көп ұзамай біз есігімізді, ең алдымен, жасөспірімдерге аштық. Нақтырақ айтсақ, Кітапхана жанындағы «Кемел ел» жастар тәрбиесі орталығы Астананың жоғары сынып оқушыларымен кездесу өткізді. Оқу озаттарына, зияткерлік және спорттық сайыстар жеңімпаздарына арналған шарада «Біздің Президент» деректі хикаясы таныстырылды. Бұл – тәуелсіз Қазақстанның жаңғыруы және оның Тұңғыш Президентінің тұлғалық рөлі туралы кітап.
Еліміздің бүкіл аймағынан бес мыңнан астам ұстазды қамтыған «Әлемді өзгертетін идеялар» тақырыбында республикалық «дөңгелек үстелдер» ұйымдастырылды. Осы атау аясында сонымен қатар республикалық конкурс өткізілді. Оның мақсаты – Тұңғыш Президенттің ойлары мен бастамаларын оқыту мен қолданудың инновациялық түрлерін анықтау.
Тұңғыш Президент күні қарсаңында өткізілген «Тұңғыш-Первый» кино апталығы бес мыңнан астам көрерменді қамтыды. Нұрсұлтан Назарбаевтың сөйлеген сөздерінің қазақ тіліндегі таңдамалы 7 томдығының тұсаукесер рәсімі – айтулы оқиға. Жинақта Мемлекет басшысының 1989-2013 жылдар аралығында сөйлеген аса маңызды тұжырымдамалық және бағдарламалық сипаттағы сөздері топтастырылған.
Кітапхана қызметімен қазірдің өзінде еліміз аймақтарынан келген қонақтар мен шетелдік делегациялар танысып көрді. Олардың арасында Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев, Өзбекстан президенті Ислам Каримов, Франция президенті Франсуа Олланд, Монако князі Альбер ІІ бар.
– Ілгерідегі бір сөзіңізде халықаралық әріптестеріңізбен қатынас орнатқандарыңызды айтып едіңіз. Бұл бағытта қандай нақты жобалар атқарылып жатыр?
– Иә, халықаралық ынтымақтастыққа мүдделіміз. Былтыр, мысалы, Елбасы кітапханасы мен Эберт атындағы қоры арасында ынтымақтастық туралы уағдаластыққа қол қойылды. Фр.Эберт – немістің демократиялық жолмен сайланған тұңғыш рейхс-президенті. Аталған қор қызметінің ғылыми-зерттеушілік жұмыстарға, білім беру жобаларына қатысты негізгі басымдықтары Тұңғыш Президент кітапханасымен үндес. Алдағы уақытта бұл ұйымдардың өзара қарым-қатынасы екі ел сарапшылар қоғамдастығы сұхбатына, Қазақстан мен Германия арасындағы байланыстарға жаңа мүмкіндіктер ашады деп ойлаймыз.
Сондай-ақ, былтырғы желтоқсан айында Бейжің қаласында Қытай заманауи халықаралық қатынастар академиясымен ынтымақтастық жөнінде уағдаластыққа қол қойылды. Бұл академия – ҚХР-дың жетекші ақыл-ой ордасы. Қытайдың жоғарғы басшылық құрамын талдамалы ақпаратпен қамтамасыз ететін орталық – осы жер. Академия жаһандық және аймақтық мәселелерді, саясат, экономика және қауіпсіздік салаларындағы стратегияны зерделеумен, елдер мен аймақтарды зерттеумен айналысады. Мұның бәрі біздің Кітапхананың талдамалы жұмыстарымен үйлеседі.
Өткен жылы кітапхана АҚШ, ҚХР, Жапония, Үндістан, Еуроодақ елдері, Орта Азия және Кавказдың 32 белгілі ғылыми орталықтарымен сындарлы қарым-қатынас орнатты. Ендеше жұмысымыздың алғашқы жылы кең ауқымды әрі жемісті болды деп айта аламыз.
– Бүгінде Мемлекет басшысының қызметін түрлі қырлары бойынша зерттеумен отандық бірқатар ұйымдар айналысуда. Сондықтан жұмыстарыңызда өзара қайталау көрініс тауып қалмай ма?
– Қызметтерімізде ешқандай да қайталау болмайды, сондай-ақ біздің арамызда ешқандай бәсекелестік те жоқ. Біз – бір-бірімізді өзара толықтырушы ғана құрылымдармыз. Мемлекет басшысының қызметін зерттеумен айналысатын отандық ұйымдардың әрқайсысы ұлттық дамуымыздың осынау маңызды бағытына ерекше әрі елеулі үлес қосып жүр. Қазіргі таңда жұмысымыздың барысында алдыңғы кезекке жаңа бағыттар шығып отыр. Оларды былайша санамалап көрсетуге болады: дамудың президенттік моделін және мемлекеттік басқаруды ізерлей зерделеу, Президенттің көп қырлы бастамаларын, жобаларын, ойларын еліміздің 2050 жылға дейінгі дамуы тұрғысынан ұғыну. Бүкіл әлемде Қазақстанның барлық жетістіктері мен табыстары Нұрсұлтан Назарбаевтың жеке тұлғалығымен байланысты қабылданады. Тұңғыш Президент кітапханасының міндеті де – қазақстандық жолдың жылнамашысына әрі Қазақстандағы президенттік институтты зерттеудің зияткерлік орталығына айналу.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен,
Қарашаш ТОҚСАНБАЙ,
«Егемен Қазақстан».