Қазақстандық теннисші Андрей Голубев Гамбургте өткен Кәсіпқой теннисшілер ассоциациясының (АТР) “500” категориясындағы ірі турнирінде бас бәйгені жеңіп алды. Ол финалда австриялық Юрген Мельцерді 6:3, 7:5 есебімен тізе бүктірді.
Андрейдің бұл табысы – АТР турнирлерінде қазақстандықтар қол жеткізген ең бірінші жеңіс. Осы үлкен жетістігі арқасында ол Кәсіпқой теннисшілер ассоциациясы рейтингісінде 45 қатар жоғары жылжып, 37-ші орыннан бір-ақ шықты. Бірақ теннисшінің турнирдегі жолы онша жеңіл бола қойған жоқ. Ол алдымен Германия үшін өнер көрсетіп жүрген алматылық Михаил Зверевпен (АТР рейтингісінде 157-ші) бетпе-бет келіп, оны 7:5, 6:1 есебімен ұтты. Келесі айналымда қатты шиеленіскен бәсекеде испан Марсель Гранольерсті (рейтингіде 86-шы) жарыс жолынан шығарып тастады. Матч нәтижесі – 6:4, 7:5. Ширек финалға шығу жолындағы жекпе-жекте Андрей осы турнирдің өткен жылғы жеңімпазы және әлемнің алтыншы ракеткасы ресейлік Николай Давыденкомен ұшырасты. Бұл жан алысып, жан берісетіндей шайқаста тағы да біздің жігіттің мерейі үстем шықты. Ол екі сетте де атағынан ат үркетін айбарлы қарсыласынан 6:4 деген есеппен басым түсті.
Бұдан соңғы жартылай финалға жолдама әперетін матч та аса тартыспен өтті. Онда өзін барынша жинақы ұстауға ұмтылған Андрей өзбекстандық Денис Истоминді (рейтингіде 53-ші) 6:4 және 6:1 деген есептермен шаң қаптырып, алға қойған мақсатына қарай жылжи түсті. Ал жартылай финалда оған корт иесі Флориан Майер (рейтингіде 40-шы) қарсы тұрды. Алма-кезек табыспен аумалы-төкпелі өткен бұл кездесудің ақырында да біздің жігіттің айбыны асып сала берді. Ол ойынды 7:6, 6:4 деген есептермен өз пайдасына аяқтай білді.
Бұл атақ – Андрей Голубевтің спорттық өмір жолындағы бірінші үлкен жеңіс. Бұған дейін ол 2008 жылы Санкт-Петербургте өткен АТР турнирінің финалына шығып, британдық Энди Маррейге (рейтингіде 4-ші) жол беріп алған еді. Ал Гамбургтегі турнирдің сыйақы қоры жарты миллион евродан жоғарылау болды. Осындағы табыс Голубевке бұдан басқа қосымша 500 ұпай мен соған сәйкес АТР рейтингісінде 37-ші позицияны әперді. Бүкіл турнир бойына ол қарсыластарына бірде-бір сетті берген жоқ. Оның мұндағы жеңісі жеке өзіне ғана емес, Қазақстан құрамасы үшін де аса маңызды болып табылады.
Осының алдында ғана жасы 23-ке толған бұл сайыпқыран – Ресейдің Волгоград облысындағы Волжский қаласының тумасы. Тенниспен шұғылдануды сонда бастаған. Кезінде өз елінің 14 және 16 жасқа дейінгі дәрежелердегі құрамаларында ойнаған. Жасы кәмелетке толар-толмаста арнайы жаттығу үшін шетелге кетеді. Соның ішінде Италияда көп болады. Сондығынан шығар, Андрей қазір итальян тілін орыс тілінен кем білмейді. Ағылшын тілінде де жақсы сөйлейді. Сол Пиреней түбегінде жүргенінде оны қазақстандық бапкерлер тапты. Сөйтіп, біздің елдің атынан өнер көрсете бастады. Біздің елге тез бауыр баса бастаған ол қазірдің өзінде қазақтың етін, қазысы мен тұшпарасын қатты ұнатып қалғанын айтады.
Сөз соңында Андрей Голубевтің алдағы 17-19 қыркүйек күндері Астанада Дэвис кубогы үшін матчта Швейцарияға қарсы ойнайтын Қазақстан құрамасының сапында өнер көрсеткелі тұрғанын айта кетейік.
Серік ПІРНАЗАР.
АСТАНА.