Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен бесінші мәрте ұйымдастырылған Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съездері бұрын-соңды әлемде болмаған тарихи жиын екеніне ешкімнің таласы жоқ. Дәстүрге айналған құрылтай бұған дейін бір үстелдің басына біріктіру мүмкін болмай келген дін өкілдерін ортақ мүдде, ортақ құндылықтар жолында қайта-қайта қауыштыруда.
Осылайша съезд, ең алдымен, Батыс пен Шығыстың арасын бір-бірімен жақындастыру, ортақ мүддеге жұмылдыру мүмкін екендігін, олардың өзара түсінісе алатынын дәлелдеді. Кезекті бесінші съезд әлемде бейбітшілікті қалыптастыруда діни тұлғалар мен саяси көшбасшылардың рөлін айқындауға өз үлесін қосты. Осындай қайраткерлердің әлеуетін біріктіре отырып, әлемде бейбіт өмірді қалыптастыруға және жан-жақты даму мәселелерін шешуге болатынын көрсетті деп санаймын.
Бүгінде әлемде геосаяси жағдайлар шиеленісіп тұрған қиын кезең екені баршаға белгілі. Өйткені, әлемдік геосаясат картасында қалыптасқан бүгінгі ахуал күрделі. Діни ұғымдарды бұрмалаған түрлі топтар, ағымдар пайда болды. Олардың агрессиялық пікірлері құрамындағы мүшелерін лаңкестік әрекеттерге итермелеуде.
Осы проблемаларды қайткенде бірлесіп шеше аламыз? Әлем елдерінің «Ислам мемлекеті» дегенге қатынасы қалай болуы керек? Аталған ұйым жасап отырған лаңкестік әрекеттерге қайтсек қарсы тұра аламыз? Радикалдық әрекеттердің алдын қалай аламыз? Әртүрлі дін өкілдері бұл мәселелермен қайткенде бірлесіп күресе алады?
Құрылтай барысында осы мәселелер төңірегінде жетерліктей пікірлер айтылып, бағыт-бағдарлар мен ортақ ұстанымдарды нақтылауға жағдайлар жасалды деп айтуға болады.
Еркінбек ШОХАЕВ,
Атырау облысы Дін істері
басқармасының басшысы.