жаңа оқу жылында әр мектепте өтті
Кеше алғаш рет Қазақстан Республикасының барлық мектептері мен колледждерінде Қорғаныс министрлігі Білім және ғылым министрлігімен бірлесіп «Ерлік сабақтарын» өткізді. Ол Қазақ хандығының 550 жылдығы мен 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысының 70 жылдығын мерекелеу шеңберінде 1 қыркүйек – Білім күніне орайластырылды.
«Әскери-патриоттық тәрбиені кешенді жүргізіп, оны мектеп оқушылары арасында кеңінен насихаттау және жас ұрпақтың бойына сіңіру бүгінгі күннің талабы болып отыр. Осы орайда, «Ерлік сабақтарын» сапалы ұйымдастыру үшін әдістемелік кешені әзірленді» – деді Қорғаныс министрінің орынбасары, генерал-майор Талғат Мұхтаров.
Республикамыздың мектептері мен колледждерінде «Ерлік сабақтарын» өткізу үшін ел Қарулы Күштерінен барлығы 1 300-ден аса әскери қызметші қатысқанын атап өткен жөн. Акция Қазақстанның барлық өңірлерін қамтыды.
Одан басқа, алғашқы қоңырау С. Нұрмағамбетов атындағы «Жас ұлан» республикалық әскери мектебінің тәрбиеленушілері үшін де соғылды. Осы оқу жылында мектеп 82 оқушыны қабылдады. Мұндағы жаңалық сол, бұдан бұрын жасөспірімдер 7-сыныптан бастап қабылданса, енді жаңа ережеге сәйкес «Жас ұланға» жалпы білім беру мектебінің 9-сыныбын бітірген және негізгі орта білім туралы куәлік алған бозбалалар түсе алады.
«Егемен-ақпарат».